Қоғам • 25 Желтоқсан, 2020

Балаларға қуаныш сыйлады

734 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және «Жас Сарбаз» қозғалысының өкілдері Ақкөл қаласындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін, сонымен бірге көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы 20 баланы құттықтап, сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz

Балаларға қуаныш сыйлады

«Жас Сарбаз» қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек: «Күні кеше ерекше қажеттілігі бар балалар мен 7 баласын жалғыз асырап отырған ананың отбасына кіріп, мерекелік сыйлығымызды табыстадық. Бұл игі іс міндетті түрде өз жалғасын табатынына сенемін», деп айтып өтті.

1

Балалар үйінің 90 тәрбиеленушісіне Аяз атамен, сыйлықтармен және ертегі кейіпкерлерімен мереке ұйымдастырылды.

«Жаңа жыл – таңғажайып мереке. Біз балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға сүйіспеншілігіміздің бір бөлігін беріп, жылдың басты мерекесін одан да қуанышты және мейірімді етуге шешім қабылдадық. Бүгін біз «Жас Сарбаз» қозғалысымен бірге ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастамасымен балалар үйіне келіп, жаңа жылдық іс-шара өткіздік. Біздің басты мақсатымыз – балалардың шынайы күлкілерін есту. Жаңа жылдық қызықтар жалғасын таба берсін», дейді әкімнің бас инспекторы, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Мөлдір Бөлебаева.

Айта кетейік, «30 игі іс» акциясы аясында еріктілер ерекше және толық емес отбасылардың балаларын да құттықтайды. 26 желтоқсанға дейін Нұр-Сұлтанда 400-ден астам бала Аяз атаға бара алады.

1

«Мен балалардың атынан Нұр-Сұлтан әкімдігіне және «Жас Сарбаз» ұлттық қозғалысының өкілдеріне алғыс айтамын. Балаларға жүректеріңіздің бір бөлігін сыйладыңыздар. Балалар үйіне көптеген қонақтар келеді, олар көптеген сыйлықтар береді. Бірақ бүгінгі ұйымдастырған іс-шара оларға үлкен қуаныш сыйлады. Сіздерге үлкен жетістіктер тілейміз», дейді Ақкөл қалалық балалар үйі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ботагөз Қазбекова.