Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, алаяқтықпен байланысты қылмыстың саны артқан. Мәселен, биылғы жыл басынан бері алаяқтық қылмысының тек аса ірі мөлшерде келтірілген залал түріне қатысты 10-ға жуық дерегі тіркелді.
«Ал желтоқсан айында полиция департаментіне тұрғындардан жауапкершілігі шектелген серіктестіктің бірінің директорына қатысты 40-тан астам арыз түсті. Арыз берушілер серіктестік директорының ай сайынғы пайыздық мөлшерлемемен ақша қаражатын (активтерді) айналысқа салуды ұсынған алаяқтық әрекеті туралы шағымданды. Жәбірленушілерге 300 миллион теңгеге жуық материалдық залал келтірілгені анықталды. Қазір аталған серіктестікке қатысты осы тектес арыздардың түсуі жалғасып жатыр», -дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.