Аталған рухани жиынды Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.
Әуелі өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бұл мерейтойдың бүкіл қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне ортақ мерейтой екенін, сондықтан да қос алыптың тойлары - ұлтымыз үшін рухани өрлеу жолындағы ұлы мереке деп есептейтінін жеткізді. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов ұлы тұлғалардың ұрпақ үшін орыны әрдайым маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Ғалымқайыр Мұтанов қос алыптың рухани әлеміндегі жаңашылдықтар, рухани сілкініс, жалпы олардың ұлы болмысы хақында ой қозғады. Ал, жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі әуелі биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен елімізде әл-Фараби және Абай сынды ұлы тұлғалардың мерейтойы аталып өтіп жатқанын, әл-Фараби әлемдік ақыл ойдың алыбы болса, Абай хакім Алаш ақыл-ойының темірқазығы екенін жеткізді. Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі биылғы жылы «Егемен Қазақстан» газетінде ұлы тұлғалар хақында көптеген ғалымдардың еңбектері жарияланғанын, жалпы, екі алыптың үндестігі "Толық адам" ілімі туралы да айтып өтті. Әсіресе жастардың ізгі адам болуға құлшынысын арттыруға, жат әдеттерден арылуға жетелуге әл-Фараби мен Абай сынды ұлы тұлғалардың үлесінің зор екенін айтты.
Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Абай әлемін ашып көрсету мақсатында аталған оқу ордасында көптеген жұмыстар атқарылғанын айтса, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев ұлы әл-Фарабидің рухани әлемін ашып көрсетуде Ақжан Машанов, Абайды танытуда Мекемтас Мырзахметов сияқты ғалымдардың өлшеусіз еңбек еткенін, сондықтан да қазақ қоғамы үшін қос алыптың есімі ажырамас ұғым екенін жеткізді. Ал, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, абайтанушы Рахат Саламатова да Абайдың мәңгі өшпес, өлмес рухани құбылыс екеніне тоқталды.
Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінгі конференция барысында ұлы тұлғаларымыз туралы тың деректер айтылып, өрелі әңгіме өрбігенін айта келіп, құрметті қонақтарға уақыт бөліп конференцияға қатысқандары үшін алғыс білдірді.