Экономика • 26 Желтоқсан, 2020

Екінші деңгейдегі банктің атауы өзгереді

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Egemen.kz жыл ортасында Freedom Finance Bank қарамағына өткен Kassa Nova банктің алдағы уақытта атын өзгертетінін, қаржы институты өзінің «бөлшек сауда» бағытын сақтап қалатынын жазды. Сонымен қатар екінші деңгейлі қазақстандық банк Kassa Nova-ны Freedom Finance-пен сатып алу туралы мәміле іс жүзінде жабылғанын хабарлады.

Екінші деңгейдегі банктің атауы өзгереді

Қаржы сарапшылары банк енді алдағы уақытта  Freedom Finance Bank Kazakhstan болып өзгертілуі мүмкін екенін айтып жатыр.

Freedom Holding Corp бас директоры Тимур Турловтың  айтуынша,  бұл қаржы институты инвестициялық компанияның клиенттеріне онымен есеп айырысуды жылдам әрі арзан етуге, сондай-ақ инвестициялауға мүмкіндік береді.

«Енді біз өз клиенттеріміздің Қазақстанда бізбен тезірек және арзанырақ есеп айырыса алатынына, ең жақсы төлем шешімдеріне қол жеткізе алатынына көз жеткізе аламыз. Сол арқылы біздің басқа серіктестеріміз, соның ішінде банк арқылы инвестициялауға мүмкіндік алады», деді Тимур Турлов YouTube-тегі тікелей эфир кезінде.

Бұған дейін холдингтің басшысы Тимур Турлов сатып алынған банк бірінші кезекте инвестициялық банктің бизнесіне назар аударатынын мәлімдеген болатын.

 Ол сондай-ақ холдинг осы қаржы институты негізінде қазақстандық брокерлік компанияларға кастодиан қызметін салуды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, оның құрамына «Фридом Финанс» АҚ кіретін «Фридом Холдинг Корпорациясы» Kassa Nova банкін 2020 жылдың тамыз айының басында сатып алу жоспарын жариялады. 21 желтоқсанда реттеуші - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы институтын сатып алуға рұқсат беру туралы хабарлады.

Бұрын БАҚ арқылы хабарлағандай, АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясының сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, Freedom Holding Corp. шамамен 41 миллион долларға «Банк Kassa Nova» АҚ 9,3 миллион жай акцияларын сатып алуды жоспарлады.

Келісім шарттарына сәйкес соңғы сома бірқатар шарттарға байланысты өзгеруі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ағымдағы мәліметтері бойынша, 2020 жылдың желтоқсан айының басында Касса Нованың активтері шамамен 91,6 миллиард теңгені құрады. Осы көрсеткіш бойынша жұмыс істеп тұрған екінші деңгейлі 26 банктің ішінде 19-шы орынға ие болды.