Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының инспекторлары шағын аудандарға жүргізілген бейнемониторинг кезінде ұялы телефонымен айналаны түсіріп жүрген азаматты байқаған.
«Департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен ұсталған жігіт көршілес Ақтөбе облысының тұрғыны болып шықты. Оның Атырауға синтетикалық есірткіні сату үшін арнайы келгені белгілі болды. Жеке басын, сондай-ақ, тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде күшті әсер ететін пирролидиналерофенон препараты (альфа-ПВП) табылып, алынды», деді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 208 грамды құрады. Ал одан 650-ден астам доза дайындалады.
Ұсталған жігіттің Атырау қаласында тұрған мекенжайынан есірткіні өлшейтін таразы, буып-түюге арналған құрылғылар табылды. Қазір 25 жастағы жігіт тергеу изоляторына қамауға алынды.