Мәжіліске депутаттыққа кандидаттар Эльдар Жұмағазиев, Ардақ Назаров, Мақсат Толықбай, Ләззат Шыңғысбаева, сондай-ақ партия өкілдері Нұрлыбек Мұқанов, Әнуар Керембаев Ақтау қаласының жұртшылығымен кездесті.
Өз сөзінде Эльдар Жұмағазиев партияның мақсаты жекелеген қалаларды дамыту емес, еліміздің барлық өңірлерін дамыту екенін атап өтті. «Маңғыстау өңірі – бірегей аймақ. Бірден бұл жерде мұнай өндірілетіні және көп мұнай компаниясы бар екені ойға оралады. Сонымен қатар тұрғындардың проблемалық мәселелерге шағымы көп. Негізгісі – адам капиталы мен табыс», деді Э.Жұмағазиев.
Сондай-ақ ол Өңірлерді дамытудың қолданыстағы стандарттары ескіргенін, сондықтан өңірлік саясатты түбегейлі өзгерту қажеттігіне тоқталды. «Бізде еңбекке қабілеттіліктің үлкен коэффициенті бар. Жұмыс орындарын ашып, өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру қажет. Бүкіл күш – өңірлерде», деді ол.
Партия өкілдеріне жолдаған сұрақтарында Ақтау қаласының тұрғындары бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау салдарынан туындайтын мәселелерді қозғады.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттығына кандидат Мақсат Толықбай мен Ләззат Шыңғысбаева, сондай-ақ партия өкілі Нұрлыбек Мұқанов Ақтау қаласында көп балалы аналармен кездесу өткізді. Кездесу барысында Ақтау қаласының көп балалы аналары партия өкілдеріне өздерінің арыз-шағымын жеткізді.
«Қазір қолымда 15 мың теңге ғана қалады. Мен жұмыстан бас тартпаймын, бірақ үйде кішкентай бала бар, сондықтан жұмысқа бара алмаймын. Бүкіл органдарға жүгіндім, бірақ ешқайсысы маған көмектескен жоқ», деді проблемасын айтқан ана.
Тағы бір көп балалы ана кішкентай балаларына байланысты жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтады. «Менің бір жастағы балам бар. Бізге қаражат жетіспейді. Мамандығым бойынша оқытушымын. Жұмысқа орналасқым келеді, бірақ балам бір жаста болғандықтан балабақшалар оны қабылдамайды. Мен не істеуім керек? Жұмыс істегім келеді, бірақ баланы қалдыратын жер жоқ», деді әйел.
Әйелдерді тыңдаған Мақсат Толықбай көп балалы аналардың проблемаларына қоғамның көзқарасы жетілмегенін атап өтті. Ол бұл мәселені заңнамалық деңгейде көтеруге уәде берді.
«Аналарға баспана сатып алуға ғана емес, жұмыспен қамтамасыз етуге де көмектесуіміз қажет. Біз көп балалы аналардың мәртебесін көтеруіміз керек. Міндетті түрде бірінші кезекте заңнамалық деңгейде аналар мәселесін көтереміз», деді М.Толықбай.
Сондай-ақ кездесуге қатысушылар қаладағы жұмыссыздыққа назар аударды. Ақтаудағы кездесулермен қатар, ADAL үміткерлері Солтүстік Қазақстан облысында кездесулер өткізді.
Кездесулердің бірінде Явленка ауылының кәсіпкерлері кассалық машиналардың жоғары комиссияларына шағымданды. Оны төлеу үшін азық-түлік бағасын көтеру керек, ал мұндай әдіске жүгінуге халықтың табысы аз дейді кәсіпкерлер.
Сергеевка ауылында тұрғындар сыбайлас жемқорлық және білім беру мәселелерін қозғады. Айыртау ауданының тұрғындары ауыз судың жоқтығына наразы. Олар суды тасып ішіп отыр. Қызылжар өңірінің тұрғындарына кәсіпкерлік үшін жер телімін алу қиын екеніне тоқталды.