Аймақтар • 28 Желтоқсан, 2020

Ырғыз ауданының Жаныс би ауылына газ тартылды

799 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысын Ырғыз ауданы Жаныс би елдімекенінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Ырғыз ауданының Жаныс би ауылына газ тартылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыс орталығынан 450 шақырым Жаныс би ауылына келіп көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындардың қуанышын бөлісті. Осыған дейін көмір жағып, күл шығарып келген  Жаныс би ауылындағы әрбір отбасы қысқа шамамен 8-10 тонна көмір сатып алса, қазір Ақтөбеден тасымалдаушылар оның әр тоннасын  ауылға 25 мың теңгеден әкеліп сатып жатыр. Көгілдір отынға қол жеткізген Жаныс би ауылының адамдары үшін бір жағынан көмір жағып, күл шығарудың бейнеті азайса, екінші жағынан газдың төлемі  көмір бағасынан әлдеқайда арзанға түседі деп қуанып отыр.

Осыдан үш жыл бұрын Ырғыз ауданына қарай магистральды газ құбыры   Шалқар ауданының Шетырғыз елді мекенінен жүргізіле бастаған еді. Газ құбырының бір тармағы Жаныс ауылының шетіне жетіп, ауылішілік  тарату желілерінің жүргізілуі кідіріңкіреп қалғанда, осы жылдың соңында  облыстық бюджеттен  қосымша 188 млн теңге бөлінді.  Осы қаражатқа ең алдымен Жаныс би ауылының ішіндегі  газ тарату желілері толық аяқталып, тұрғын үйлерге көгілдір отын қосылды. Енді  Жаныс би ауылынан 25 шақырым жердегі Шеңбертал ауылын газдандыру жұмыстары жалғасады. Ара қашықтығы 30-40 шақырым болатын осы ауылдар толық  көгілдір отын желісіне қосылса, онда тұрғындарының саны 15 мыңнан асатын Ырғыз ауданының табиғи газбен қамтылу деңгейі 60 пайыздан аспақшы. Бүгінде бұл көрсеткіш аудан көлемінде  40,8%-ға жеткен.

Шеңберталдан соң  әрі қарай Құрылыс, Ақши ауылдарының үйлеріне газ  кіргізіледі. Қазір қыс мезгіліндегі ауа райының қолайсыздығына байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстары баяулағанымен, көктем шыға  осы үш ауылға газ құбырын тарту жұмыстары қайта жанданады деп күтілуде.

Осылайша Ақтөбе облысында  тұрғындарының саны 1000 адамнан асатын  елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүзеге асып жатыр. Оңдасын Оразалин аудан тұрғындарымен кездесуінде  2021 жылы   Ырғыз елді мекенінен Құтикөл мен Жарма ауылдарына қарай  магистральді  газ құбырын тарту жұмыстары басталатынын жеткізді.

Келесі жылы Ақтөбе облысында  6400 тұрғыны бар 10 елді мекенді газдандыру жобасы қолға алынып, оған 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылды. Жоспар  толығымен іске асса,  2021 жылдың соңына қарай Ақтөбе облысының елді мекендерін  газбен жабдықтау көрсеткіші 92,1%-ға жетеді.