Әлем • 28 Желтоқсан, 2020

Шанхайда полиэтилен пакеттерге тыйым салынды

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шанхайда 1 қаңтардан бастап барлық сауда орындарында полиэтилен пакеттерге тыйым салынады, деп хабарлайды Egemen.kz Shanghai Daily газетіне сілтеме жасап.

Шанхайда полиэтилен пакеттерге тыйым салынды

1 қаңтардан бастап Шанхай сауда орталықтарында, супермаркеттерде, дәріханаларда, кітап дүкендерінде және басқа да сауда орындарында келушілерге кассада полиэтилен пакеттерді тегін беру немесе сату тоқтатылады. Сондай-ақ жедел жеткізу қызметтері үшін де аталған пакеттерді пайдалануға тыйым салынады, мейрамханаларда келушілерге бұдан былай пластикалық ыдыс-аяқтар берілмейді. 

Шанхайдың көптеген дүкендері жаңа ережелер күшіне енгенге дейін сатып алушылардың полиэтилен пакеттерді қолдануын шектеу үшін алдын ала шаралар қабылдады. Жергілікті билік пластикалық қалдықтар мәселесін шешу үшін ұзақ уақыт жұмыс істеп келеді. Қала әкімшілігі бір реттік қолдануға арналған пакеттерді шектеу саясатын 2008 жылдан бастап жүргізе бастады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиэтилент пакеттеріне шектеу өз күшіне енеді. Халыққа қайта пайдалануға болатын қағаз пакеттер дайындалды.

Келесі жылдың аяғында Шанхайдағы барлық қонақ үйлер бір реттік пластиктен бас тартуы керек. Шанхай пошта қызметі мен экспресс-жеткізу компаниясы бірнеше жыл бойы бұзылмайтын пластиктен жасалған пакеттер мен орауыш таспалардан толығымен бас тартады.