Сайлау • 29 Желтоқсан, 2020

Балалар кітапханасының маңызы зор

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы Ұлттық кітапхана ұжымымен кездесті. Партияның Нұр-Сұлтан қалалық филиалы ұйымдастырған кездесуде «Ақ жолдың» әлеуметтік саладағы бастамалары сөз болды.

Балалар кітапханасының маңызы зор

Демократиялық партияның кандидаттары елордалықтарды өздерінің сайлауалды бағдарла­масымен таныстырып, сайлаушы­лардың сұрақтарына жауап берді.

Үгіт-насихат тобын бастап кел­ген Дания Еспаева мен Сұлтан Хан Жүсіп Ұлттық кітапхана ұжы­мына «Түбегейлі өзгерістер қажет» сай­лауалды бағдарламасы мен пар­тия қызметі туралы айтып берді.

Кітапхана қызметкерлері «Ақ жолдың» әлеуметтік саладағы ұсыныстары мен бастамаларын ықыласпен қабылдады. Олардың айтуынша, Ұлттық кітапханада 140 адам жұмыс істейді, оның 40 пайызы – жастар. Қазіргі таңда тұрғын үй мәселесі өте өзекті болып отыр.

Сондықтан партияның жас­тарға арналған жатақханалар салу жөніндегі ұсынысы ерекше қолдау тапты. Жұмыс­шы жастарға қолдау көрсету, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу арқылы еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасылардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар.  

«Бұл жастарды қолдау үшін өте қажетті шара. Сондай-ақ біз сіздердің ипотеканы субсидиялау жөніндегі ұсыныстарыңызды да қолдаймыз», деп атап өтті кітапханашылар. Кездесуге қатысушылар ұзақ уақыттан бері салынып бітпеген үйлер, оның ішінде «Баспана Көктал» ТК құрылысы мәселесін де көтерді.

Сонымен қатар олар балалар кітапханаларының қажет­ті­лігі туралы айтты. Бүгінгі таңда елімізде 256 балалар кітапханасы бар, олардың 7-еуі ғана арнайы мәртебеге ие.

Кітапхана қызметкерлері­нің айтуынша, бұл тақырып ата-аналарды да, мұғалімдерді де мазалайды. Жалпы, өскелең ұрпақтың білім алуы мен сауатты болуы, оларды кітап оқуға қызықтыру секілді мәселелерді жаңа заманауи, оқырман сұра­нысына толықтай жауап беретін кітапханалар салу арқылы жүзеге асыруға болады.    

Дания Еспаева кездесуге қатысушылардың көтерген бар­лық мәселелері назарға алынатынын және олар партияның алдағы жұмысында ескерілетінін хабарлады.

Осыған дейін жас «ақжолдық­тар» әлеуметтік желілерде арнайы науқан бастаған еді. Онлайн-науқан партияның Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол» – жастар» жастар қанатынан бастау алды.

Желілердегі шара алдағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына бағытталған. «Ақжолдықтар» бейнероликте партия ұсынған өзге­рістер және олардың қажет­тілігі туралы еске салып, сайлауға белсенді қатысуға шақырды.