Білім • 29 Желтоқсан, 2020

«Қашықтан оқытуды» өткізу тәртібі белгілі болды

139 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz

«Қашықтан оқытуды» өткізу тәртібі белгілі болды

Айта кетейік, бір топ Сенат  және Мәжіліс депутаты бастамашылық жасап, аталған заң жобасын әзірледі. Құжат аясында Қазақстан Республикасының екі кодексіне және үш заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

«Әлемді дүрліктірген «пандемия» біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Бұл ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау салаларына әсер етті.

Қандай қиындық болса да, білім беру процесі үздіксіз жүретінін сіздер жақсы білесіздер. Осы уақытқа дейін заңнамада қашықтан білім беру жөнінде бірегей түсінік болмаған еді. Енді «қашықтан оқыту» ұғымы нақтыланып, оны өткізу тәртібі айқындалды. Оқулықтар сапасының төмендеуі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылып жүрген. Бұл мәселе жалпы қоғам, ата-аналар тарапынан да жиі сынға ұшырайтын. Заң жобасында осы мәселені түбегейлі шешу көзделген», деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов.

Ол үшін білім саласындағы уәкілетті органға үлгілік оқу жоспарларын, бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау мен сынақтан өткізу, мониторинг жүргізудің арнайы қағидасын әзірлеп, бекіту тапсырылып отыр. Бұл оқулықтардың сапалы дайындалуына, авторлардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

«Кез келген мемлекет, қалыптасқан, оң нәтиже беріп жүрген әлемдік тәжірибеге арқа сүйейді. Ұлттық мониторинг та оқу сапасын сырттай бағалаудың әлемдік жетілген тәжірибесі болып саналады. Осыған сәйкес, «оқушылардың білім жетістіктерін айқындау үшін мониторинг өткізу» жөнінде норма енгізілді. Аталған норма оқушылардың базалық білім деңгейін анықтауға мүмкіндік береді», деді сенатор.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда «Кәсіпкерлік кодексіне» сай әртүрлі тексерулерге тыйым салынған. Осыған орай білім сапасын қадағалау мақсатында барлық мектепке дейінгі ұйымдарды, мектептерді, колледждерді, бес жылда бір рет мемлекеттік аттестациядан өткізудің заңнамалық механизмі жасалып отыр. Білім сапасын мемлекет назарында ұстау – әлеуметтік-саяси мәні бар маңызды қадам.

«Заң жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық - қосымша білім беруге – мемлекет тарапынан қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл да ата-аналар тарапынан жиі айтылып жүрген маңызды ұсыныс болатын.

Бүгінгі таңда республика бойынша 1263 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ол ұйымдардан 1 миллион 200 мыңнан астам бала тәлім алады. Қосымша білім беруді мемлекеттік қаржыландыру – балаларымыздың рухани, шығармашылық дамуына зор ықпалын тигізетін маңызды қадам деп білемін. Сондай-ақ заң жобасын әзірлеу барысында жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлердің, ата-аналардың ұсыныстарын ескеріп, қосымша білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік ұйымдарда, колледждерде балаларды тамақтандыру, оларға тауарлар сатып алу қызметтерін мемлекеттік сатып алу заңы аясынан шығару мәселесі шешілді», деді Б. Жұмағұлов.

Оның пайымынша, қазір колледждерді бітірген түлектер еңбек өтілі (тәжірибесі) болмағаны үшін жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болып жүр. Енді Еңбек кодексіндегі еңбек қызметін растайтын құжаттар тізіміне дуальды оқыту туралы шарт енгізіліп отыр. Осы арқылы студенттердің өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту уақыты ресми түрде еңбек өтіліне кіретін болады.