Әлем • 30 Желтоқсан, 2020

XXI ғасырды қайта қарайтын сәт

305 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шартарапты коронавирус пандемиясымен шаршатқан 2020 жыл да аяқталып келеді. Биылғы індет халықаралық қоғамдастықтағы, жер-жаһандағы бірқатар мәселенің басын ашып беріп кетті. Мәселен, кейбір елдердің басшылары жеке басының мүддесін күйттеп, жаһандық мәселелерге қырын қарағаны есімізде. Көп ұзамай қайғы мен қасіретке толы жыл да аяқталмақ. Осы орайда алдағы жылдан не күтеміз? Өткеннен қандай сабақ алуымыз қажет? Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы осы сұрақтарға жауап беретін мақалалар топтамасын ұсынады.

НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы лауазымын атқарған Хавьер Солана өз мақала­сын­да XXI ғасырдағы негізгі түйткілдерге тоқталады. Автор мыңжылдықтар түйіскен тұста әлемде келешекке деген ерекше құлшыныс туғанын, алайда іс жүзінде бәрі басқаша болғанына қынжылыс білдіреді. Осындай қателіктерді тізе отырып, Хавьер Солана өткеннен сабақ алудың маңызына екпін береді.

Сыртқы саясат жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры Марк Леонард өзінің мақаласында 2021 жылдан үміт күтетінін және негізгі бес мәселені атап көрсетеді. Оның айтуынша, АҚШ президенттігіне Джо Байденнің сайлануы, коронавирусқа қарсы вакцинаның әзірленуі, климаттың жылынуына қатысты жаһандық үнқосу, билікке сенімнің оралуы мен ғаламдық жүйені қайта қарау сиыр жылының жақсылығы болмақ.

Айта кетерлігі, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

XXI ғасырды қайта қарайтын сәт

МАДРИД – Оқырмандардың көпшілігі XXI ғасыр келген кездегі құлшынысты әлі ұмытпаған шығар. Сол сәт үлкен үміттердің, шабытқа толы пікірлердің, Ба­­тыс­тың шынайы батылдығы кезеңі еді. Тарихи тұрғыда айтар болсақ, көзді ашып жұмғанша заман рухы коронавирус пандемиясы басталмай тұрып-ақ өзге­­ріп шыға келеді. Әлемнің көп бөлігі үшін бұл ғасыр түңілу мен көңілді қал­дыр­­ған дәуірге айналды. Қазір көпшілік келешекке сеніммен емес, қауіппен қарай­ды.

Жиырма жыл бұрын әрбір саяси және стратегиялық сұрақтың жауабы жа­һандану болатын. Бірақ бұл заңды әрі қолдауға лайық мақсат екеніне қара­мас­тан, оны қалыптастыруға қажетті іргетас қалай алмадық. 2008 жылғы үлкен дағдарыс пен қазіргі пандемия секілді апаттар өзара тәуелділіктің артуы мейлі қаржылық, мейлі вирустық болсын, зардаптың да көбейетінін көрсетті. Оған қоса мамандандыру мен гипер-тиімділік әлсіздіктің себебіне айналуы ықтимал. Мұны биылғы індет дәлелдеді. Сондай-ақ саяси оффшордың салдарына да жеткілікті мән берілген жоқ.

2000 жылы «Реформа партиясымен» Дональд Трамп өзінің алғашқы президенттік кампаниясын жүргізгенде, ол 2016 жылы саяси сахнаға қайта оралып, Республикалық партияның тізгінін ұстап, еркін саудаға қарсылық танытып, президенттікке сайланатынын ешкім күткен жоқ. Күтпеген жерден, Адам Смиттің «Халықтар байлығы» кітабында айтылған, бірақ назардан тыс қалған ескертпесінің өзектілігі артты. «Әр халық өздері сауда жасайтын басқа халықтардың байлығына қызғанышпен қарап, олардың табысын өзінің шығыны деп есептеді».

Мыңжылдықтар түйіскен тұста АҚШ біреуге қызғанышпен қарап, қауіпке жол беретін ел секілді көрінбеген еді. АҚШ гегемониясының алтын ғасырын аяқтап, ел басқармайтын адамдардың да зиян келтіруге қабілетті екенін аңғартқан 11 қыркүйектегі террористік шабуылға дейін әлі бір жыл бар-тұғын. Алдағы геосаяси түйткілден хабарсыз, президенттікке жаңадан сайланған Джордж Буш ресейлік әріптесі Владимир Путинді мақтады. Сол уақытта Ресей «үлкен сегіздіктің» белсенді мүшесі еді, Солтүстік Корея ресми түрде ядролық қаруды таратпау келісімін қолдайтын. Иранның құпия ядролық әрекеттері әлі басталмаған-ды. Экономикасы АҚШ-тан әлдеқайда артта қалған Қытай 2001 жылдың аяғына дейін Дүниежүзілік сау­да ұйымына мүше емес-ті.

Содан бері әлемде көптеген өзгеріс болып, бедерлі із қалдырды. 2001 жылы жаһандық көміртегі газын шы­ғару­дың 23 пайызы АҚШ-қа, 13 пайызы Қытайға тиесілі еді. Бірақ парникті газды ең көп шығаратын екі елдің 2006 жылы орны ауысты. Кейінгі мәліметке сүйенсек, АҚШ-қа жалпы шығарылымның 15 па­йызы тиесілі. Ал Қытайда бұл көрсеткіш 28 пайызға тең (Дегенмен Қытайдағы жан басына шаққандағы шығарылым АҚШ-тағы деңгейден әлдеқайда аз).

Адамзаттың жыл сайынғы CO2 газын шығаруы артып келеді, жаздағы Арктика мұз жабыны 2001 жылғы дең­­геймен салыстырғанда екі есеге азай­ды. Климаттың өзгеруі – қазір басы ашық мәселе. XXI ғасырда туған сая­­­си бел­сен­ді буын тез арада шешім қабыл­дау­ға шақырады.

Кейінгі 20 жыл көлемінде басқалармен қарым-қатынасымыз революциялық тұрғыда өзгерді. Интернет бүкіл жерде бар, әлеуметтік желілер уақытымыздың билеушісіне айналды. Күткен нәтиже әкелмесе де, 2010 жылғы «Араб көктемі» жаңа технологияның демократиялық әлеуетін көрсетті.

Бірақ қазір цифрлы құралдардың зиянды әсерін де білемін. Табысқа негіз­делген алгоритмдер онлайн алаң құруға көмектесіп, қоғамдық пікір­таласқа үлкен зардабын тигізді. Цифрлы сала ойы бұзық ойыншылар үшін таптырмас алаңға айналып, «гибридті соғыс» жүргізуге, кибершабуыл жасап, кең көлемдегі жалған ақпарат таратуға жол ашты.

Еуропа цифрландырудың зия­нын бас­­қа­ларға қарағанда қатты тарт­­­­­­ты. Ұлт­­­шыл популизм кейінгі жыл­дары алдың­ғы қатарға шығып, сыңар­жақтылық қоғамымызға кесірін тигізді. Ғасыр басталғандағы оптимизм 2002 жылы еуроның қолданысқа енуі мен 2004 жылы Еуропалық одақтың мүшелері 10 елге ұлғаюымен жалғасса да, өзгермейтін төтенше жағдайға жол берді. Еуро мен босқындар дағ­дарысынан бастап, одақ құ­рамынан шы­ғу­дың алғашқы оқиғасына – «Брек­сит­ке» дейінгі мәселелер өзекті. Келісе алмау бір-бірімізбен тізе қосу қажет тұста ұл­ғайып, Атлант мұхитынан Тынық мұ­хитқа дейінгі саяси және геосаяси күш­тердің алмасуына жол ашты.

Бірақ көптеген елге тараған мұндай қиын­шылықтың ынтымақтаса қол жет­кізген табысымызды құртуына жол бер­меуіміз керек. 2001 жылмен са­лыс­­тыр­ған­да 2019 жылы орташа жас ұзақ­тығы әлемде 67-ден 73 жасқа өсті. Афри­ка­да 53-тен 63-ке көбейді. Осы орайда, биліктегі әйелдер саны да айтарлықтай артты. 2019 жылы әлемде 19 әйел жо­ға­ры лауа­зымды қызмет атқарады (Бұл әлі де аз бірақ).

Оған қоса АҚШ президенттігіне сай­лан­ған Джо Байден қаңтардан бастап Ақ үйге кіреді. Сөйтіп, бүкіл әлем елдері Париж климат келісімін қайта қолдамақ. Өз кезегінде, ЕО қиындықтарын жүйелі түрде интеграция жүргізу арқылы шешіп жатыр. COVID-19-бен күреске арналған жаңа қордың қаржысы грант түрінде жартылай беріле бастайды.

Түрлі сценарийлер туралы ойлану көзқарасымызды кеңейтуге және жақсартуға көмектеседі. Мәселен, қар­қынды индустрияландыру арқылы жүз­деген миллион адамды кедейліктен құт­қарған Қытайдың тәсілі болмағанда жаһандық экономика ұлы рецессиядан қалай қалпына келер еді? Егер қазіргі пандемия 20 жыл бұрын болғанда, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, экономикалық салаларды қорғауға қажетті ақпараттық-коммуникациялық технологиялар болмағанда не істер едік?

2020 жыл аяқталып, XXI ғасырдың үшінші онжылдығы басталар тұста сәтсіздіктеріміз бен табысымызды саралайтын уақыт туды. Келешекке көз жібер­генде жаңа мыңжылдық бастал­ған­дағы балаң көңілден құтылуымыз керек.

Алдағы жылдары геосаяси көпжақ­тыл­ық халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастықпен қатар жүруі тиіс. Бұл адамзат өркениетінің кепілі. Сондай-ақ цифрлы қоғамымызға түскен сыналарды жөндеп, табиғатпен үндесуіміз қажет. 2020 жыл беймаза ғасырдан сабақ алатын сәт пе, әлде жаманшылықтың бастауы ма? Оны анықтау – өзіміздің қолымызда.

 

Хавьер СОЛАНА,

Еуропалық одақтың сыртқы саясат пен қауіпсіздік саясаты жөніндегі бұрынғы жоғарғы өкілі, НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы, Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org