Экономика • 30 Желтоқсан, 2020

Отандық агроөнеркәсіп 45 млн адамды асырай алады

355 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемде кейінгі жылдары азық-түлік өнімдеріне, әсіресе табиғи органикалық өнімдерге сұраныстың артуы және елімізде игерілмеген жер ресурстарының молдығы мемлекеттің саланы қолдауға деген ынтасын арттырды. Оның үстіне коронавирус қиыншылығы ел экономикасының қабілетті салаларын айқындап берді. Соның алдыңғы қатарында ауыл шаруашылығы, құрылыс, дәрі-дәрмек өндірісі, машина жасау салалары бар.

Отандық агроөнеркәсіп 45 млн адамды асырай алады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын кеңінен қолдау қажеттігін атап көрсетіп, тиімділігін арттыру үшін саланы цифрландыру­ды жолға қою, жер пайдалану ісін рет­ке келтіру, қарапайым халықтың тірші­лігіне азық боларлық істерді жеделдетіп шешуді Үкіметке тапсырды.

Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көлемінің артқаны жыл басында, көктемгі дала жұмыстарына әзір­лік барысынан-ақ көзге көрінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдау іс-шараларына республикалық бюд­жеттен 70 млрд теңге несие бөлінді. Бұл былтырғы көлемнен 10 млрд теңгеге артық. Қаражат республиканың 2,4 мың ауыл шаруашылығы өндірушісіне беріліп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Сонымен қоса Президент тапсырмасы бойынша «Қара­пайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы аясында көктемгі егіс жұмыс­тарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді. Оның үстіне бидай, арпа, қарақұмық және майлы дақылдарды форвардтық сатып алуға 24,5 млрд теңге бағытталды.

Осы мемлекеттік қолдаудың нәти­жесін­де отандық ауыл шаруашылығы саласы 2020 жылды табысты қорытын­дылады. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың Үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтылғандай, 10 айдың қорытындысында сала бойынша жалпы өнім көлемі 5,2%-ға ұлғайып, 5,4 трлн теңгені құрады. Бұл өсім негі­зінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7,1%-ға ұлғаюы есебі­нен қамтамасыз етілді. Оған еліміздің үш облысында өнім көлемінің едәуір деңгейде артуы жақсы үлес қосты. Атап айтқанда, өнім көлемі Қостанай облысында – 121,3%, Ақмола облысында – 114,1% және Павлодар облысында 105,5%-ға артты. Мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі көрсетілген кезеңде 2,7%-ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады.

Бұл ретте тірідей салмақтағы ет өндіру көлемі 3,7%-ға, сүт өндіру көле­мі 3,1%-ға ұлғайды. Көрсетілген кезең­де тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,4%-ға өсіп, 1,6 трлн теңгені құрады. Атап айт­қан­да өңделген күріш өндіру көлемі 36,8%-ға, сары май 17,1%-ға, шұжық өнім­дері 14,6%-ға, макарон 9,7%-ға, жарма 5,6%-ға, ұн 5,1%-ға, қыш­қыл сүт өнімдері 4,5%-ға, ірімшік және сүзбе өндіру 2,1%-ға арта түсті.

Әрине, еліміз індет әлегіне тап болып, қиындығы қабаттасқан тышқан жылы миллиондаған адамның тірші­лі­гіне нәр беріп отырған ауыл шаруа­шы­лығының алға басуы көңілге ме­деу. Мемлекет қамқорлығы мен жеке құрылымдарды жұмылдыру нәти­же­сінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвес­тиция биылғы он айда 7,5%-ға ұлғайып, 412,5 млрд теңгені, тамақ өнімдері өнді­рі­сіне салынған инвестиция 20,1%-ға артып, 75,3 млрд теңгені құрады. Соның ішінде мемлекеттің ауыл шаруа­шы­лы­ғын қолдау көлемі тек соңғы үш жылда 1,5 есеге ұлғайып, 2020 жылы 350 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл ретте суб­сидиялардың 95 пайыздан астамын тіке­лей ауылдық жерлерде орналасқан агро­өнеркәсіптік кешен субъектілері ала­тынын айтқан ләзім.

«Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау барынша оңайлатылды және толықтай автоматтандырылды, бұл суб­сидия беру процесінің ашықтығын қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді», деді С.Омаров Сенаттағы ауылдық аумақ­тарды дамыту жөніндегі пар­ла­мент­тік тыңдауда.

Ведомство басшысының айтуынша, мем­лекеттік қолдау шараларын же­тілдіру шеңберінде өсімдік шаруа­шылығындағы барлық субсидия бірыңғай қағидаға біріктірілген. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі – субсидияларды күнтізбелік жыл аясында емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицид сатып алынған күннен бастап 12 ай бойы алуға болады.

Фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мал сатып алуға кредит беру кезінде кепіл саясаты оңтайланды. Мәселен, кепілге малдың өзі (85%) алынады, бұл ретте анық кепілмен қамтамасыз ету небәрі 15%-ды құрайды.

Жылдың тағы бір жаңалығы – агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жеткілікті кепілдік базасы болмаған жағ­дайда, екінші деңгейлі банктердің кре­диттеріне кепілдік беру тетігі қол­жетімді болды. Бұл тетік Ауыл шар­уашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы іске асырылады. Қор мамандарының айтуынша, кепілдіктер кредит сомасының 50 пайызын және басым инвестициялық жобалар бо­­­йынша 85 пайызды құрайды.

Жоғарыдағы істердің нәтижесінде 15,8 млн гектар астық дақылдары егіс­ті­гінің әр гектарынан 12,8 центнер орташа өнімділікпен 20 млн тон­на­дан астам астық бастырылды. Бұл дәнді және дәнді-бұршақты дақыл­дар өндірісінің көлемі елдің ішкі қажет­ті­лігін толықтай қамтамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлемінде экс­порттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді. Астық сапасы да арта түсті. Элеваторларға түскен астықтың 80%-ның сапалық сипаттама­лары жо­ға­ры. 2019 жылы бұл көрсеткіш 54,4% құраған болатын.

Биыл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн гектар алаңға егілді. Бұл былтырғыдан көп. Соңғы жылдары бидай егілетін жер аумағы біртін­деп азайып, оның орнына эконо­мика­лық өнімділігі жоғары майлы дақылдар көптеп егіле бастады. Қазір елімізде майлы дақыл егілген жер көлемі 3 млн гектарға таяды, бұрын 400 мың гектардан аспайтын. Демек майлы дақылдар ішкі қажеттілікті өтеп, экс­портқа молынан шығарылмақ.

Сондай-ақ мал, құс шаруа­шы­лық­тарын дамыту ісі жүйелі жолға түсе бастады. Мал мен құс саны өсіп келеді. Сала сапалы дамуға бет түзеді. Егер бұрын жылына 3-5 өнеркәсіптік сүт фермасы іске қосылса, ағымдағы жылы 33 сүт фермасы жобасы іске асырылды. Жалпы, Кешенді жоспардың индикативтік міндеті аясында жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар қуаты 103 мың тоннаны құрайтын ет өңдеуші кәсіпорындарды салу бойынша 9 жоба іске асырылуда, олар ішкі нарықты шұжық өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Алған өнімді экспортқа шығару көрсеткіштері жаман емес. Мәселен, былтыр еліміз Ресей, Өзбекстан, Қытай, Германия, Түркия, Беларусь, Ру­мыния сияқты 40-қа жуық мемлекетке 7 млн тоннадан артық астық экспорттаса, биылғы мөлшер 8 млн тоннаға жетіп жығылады деген болжам бар. Экспорттың негізгі көлемі бидай мен ұнға тиесілі. Бұдан тыс өсімдік майы, кондитер, балық өнімдері, сондай-ақ балалар тағамы және сүт өнім­дері, мақта талшығы, өңделген жем (кебек, қалдықтар) де экспортқа шығарылады.

Бұрын қазақстандық астықты негіз­гі импорттаушы елдер Өзбекстан, Тәжік­стан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауған­стан мен Иран болса, енді Қытай­ға астық пен ұн экспорты көлемін ұлғай­ту жоспарлануда.

Биыл ауыл шаруашылығы сала­сын­да орын алған төтенше оқиға ретін­де солтүстік өңірлерде өршіген құс тұ­мауын айтуға болады. Дәтке қуат етерлігі, бұл кесел дер кезінде ауыздық­тал­ды. Еліміздің ветеринарлық саласы кеселмен күреске қабілеттілігін көр­сет­ті.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын­дағы жетістіктері БҰҰ дең­гейін­де де мәлімделгенін айтуымыз керек. Халықаралық ұйымның «Еуро­па мен Орталық Азиядағы тұрақ­ты азық-түлік жүйелері мен салауат­ты тамақтану рациондары» сессия­сында сөз сөйлеген Ауыл шаруа­шы­­лығы министрі С.Омаров панде­мия жағдайында көптеген елдер оқ­шау­­ланып, азық-түлік өнімдері сау­­дасын тоқтатқан кезде Қазақстан Үкі­меті ауыл шаруашылығы саласын жа­һандық дағдарыстың ықпалынан сақ­тап, ішкі және сыртқы нарықтарға азық-түлік жеткізу мәселелерін тұрақ­тан­дыруға қол жеткізгенін атап өтті. «Локдаунға және оған байланысты шектеулерге қарамастан, Қазақстан көрші елдерге азық-түлік жеткізуді жалғастырды. Осы жылдың 8 айында ШЫҰ елдеріне 1,3 млрд доллардың азық-түлігі жөнелтілді, Орталық Азия елдеріне гуманитарлық көмек ретінде 10 мың тоннадан астам ұн жіберілді. Айта кету керек, FАО мәліметтері бойынша, өткен жылы бидай мен ұн экспорты есебінен Қазақстан Жердің 45 миллионнан астам тұрғынын тамақ­тан­дырды» деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ еліміз көрші елдердегі сұраныстың өсуін ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өндірісін ұлғайта түспек. Әрине бұл ретте сандық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар өнім сапасы да маңызды болмақ. Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері орасан. Еуропалық комиссияның ресми мәліметтері бо­йын­­ша, Қазақстан Еуроодаққа орга­никалық агроазық-түлік өнімдерін жет­кізетін 123 елдің ішінде 9-орында. Ал органикалық бидай мен майлы зығыр тұқымдарын сату бойынша еліміз абсолюттік көшбасшылар қатарына кіреді.