Мәселесі бастан асатын бұйығы ауылдың тұрғындары таяуда қуанышты оқиғаның куәсі болды. Жергілікті кәсіпкер Бекзат Слямбек кенттегі алғашқы әлеуметтік дүкенді ашып, жерлестерінің алғысына бөленді.
Аталған сауда нүктесінде тауардың 19-ға жуық түрі сатылады. Мұндағы макарон, пияз, ұн, жұмыртқа, күнбағыс майы сияқты азық-түлік түрлері үлкен сұранысқа ие. Бұлардың бағасы да қолжетімді: басқа дүкендерге қарағанда 15-20%-ға арзан. Мысалы, мұнда картоптың килосы 150 теңгеден сатылады. Бұл дегеніңіз, ауылдағы ең төмен баға. Сатушылардың айтуынша, екі күннің ішінде әлеуметтік дүкендегі тауарлардың 80%-ы өтіп кеткен.
Саяқ кентінің әкімі Асқар Ботаханов әлеуметтік дүкен ашқан Слямбековтер отбасының кентте белсенді қызмет атқаратынын айтады.
– Кәсіпкер отбасының иелігінде шағын жиһаз салоны, тұрмыстық техниканы сату бөлімі және тоңазытқыш, теледидар және телефон жөндейтін шеберхана бар. Олардың дүкені жергілікті сауда орындары арасында мықты бәсекелестік тудырды, – дейді ол.
Кәсіпкер Бекзат Слямбек алдағы уақытта тауарды Қарағандыдағы көтерме сауда нүктелерінен сатып алып, оны ауылға жүк көлігімен жеткізіп алуды жоспарлап отыр.
Қарағанды облысы,
Саяқ кенті