Тәртіп сақшылары ұрлық фактілеріне талдау жасаған кезде қылмыстық оқиғалардың көбіне Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс аумағында болатынын анықтады. Сондықтан осы шағын ауданға баса назар аударылған. Көп кешікпей, күнделікті кешенді іс-шараларды жедел әрі сауатты түрде жүргізгендіктің арқасында полиция қызметкерлері оң нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин мәлімдеді.
– 8 желтоқсанда сағат таңғы 05.00-дің шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында Язев көшесінде орналасқан үйлердің ауласында тұрған көліктердің бірінен тіркеу нөмірін шешіп жатқан 18 және 20 жастағы екі ер адам ұсталды. Тексеру барысында олардан автокөліктердің тоғыз нөмірі тәркіленіп алынды. Сондай-ақ ұсталғандар Қарағанды қаласында автокөліктерден тіркеу нөмірлерін ұрлаудың 29 фактісін мойындады, – деді өңірдің бас полицейі.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Осыған орай Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы автокөлік иелеріне үндеу жолдап, егер мемлекеттік тіркеу нөмірлері қолды болса, бірден полицияға телефон соғып, хабарлауға шақырды. Сонымен қатар ол ұрланған нөмірлер үшін белгісіз біреулерге ақша беруге немесе аударуға болмайтынын тағы да еске салды.
Қарағанды облысы