Сапар барысында «Инфраэнерго» электротехника өнімдерін шығаратын кәсіпорын ұжымымен кездесіп, партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары талқыланды. Nur Otan алдағы 5 жылда өңірде 134 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды, 31 мың орынды құрайтын 80 жаңа мектеп салу арқылы үшауысымды оқу мәселесін шешуді, 120 ауылдың 190 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді, 72 денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ 120 мыңнан астам пәтер салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ сайлауалды штаб мүшелері БАҚ өкілдерімен, отандас-қандастармен және жастармен кездесті.
Алматы облысына сапары барысында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бірқатар азаматтарды қабылдады.
Мәселен, қабылдауда Назерке Әбдіхалықова Райымбек ауданында емхана салу мәселесін көтерсе, Шонжы ауылынан келген көп балалы ана Зағира Әлімходжаева салынып жатқан жалдамалы тұрғын үй санын арттыруды өтінді. Ал Амангелді Шәріпқұлов Айтей ауылы тұрғындары электрмен жабдықтау мәселесін шешу жөніндегі өтінішін жеткізді.
«Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Азаматтармен әрдайым тығыз байланыста болу – біздің партиямызға көрсетілетін таусылмас халықтық қолдаудың қайнар көзі». Жалпы, үгіт кезеңі басталғаннан бері біздің қоғамдық қабылдауларға 56 мыңнан астам өтініш түсті, оның ішінде 20 мыңдайы – сайлаушылардың ұсынысы мен аманаты. Кандидаттар мен сенім білдірілген тұлғалар 7,3 мың қабылдау өткізді. Халық тарапынан түскен барлық өтініш пен аманат ерекше партиялық бақылауға алынады», деді партияның Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі.
Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтарды негізінен әлеуметтік мәселелер толғандырады. Мәселен, өтініштердің 22 пайызы әлеуметтік қамтамасыз ету жөнінде болған. Сондай-ақ келіп түскен өтініштердің 12 пайызы тұрғын үй мен жер учаскелерін бөлуге арналған. Бұдан бөлек, жұмысқа орналастыру және еңбек даулары (8 пайыз), денсаулық сақтау (6 пайыз), білім беру (5 пайыз) мәселелері бар.
Айта кетерлігі, Nur Otan партиясы тұрғындарды толғандырған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отыр.