Кездесуде «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. «Өздеріңізге белгілі, сайлауалды науқаны жүріп жатыр. Бүгін Маңғыстау облысына келдік. Маңғыстау өңірі – «Ақ жол» партиясының негізгі тірегінің бірі. Қазақ «елу жылда – ел жаңа» деген. Қазіргі басқару жүйесіндегі амалдар кей мәселелерді шешуде қауқарсыз көрінеді. Оған пандемия басталғанда көз жетті. Біз экономикалық-саяси түбегейлі өзгерістерді ұсынамыз», деді Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов.
Ал «Ақ жол» демократиялық партиясы жастар қанатының жетекшісі Ғазиза Бақтиярқызы маңғыстаулықтарға партия ұсынған осы өзгерістердің іске асуы сайлаушылардың таңдауына тікелей байланысты екенін ескертті. Үгіт-насихат тобы өңірде тағы бірнеше кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін партия өкілдері Батыс Қазақстан облысында болып, Орал қаласындағы «Болашақ-Т» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездескен еді. Кәсіпорын 1998 жылы құрылған, монолитті темірбетон конструкциялардан көп қабатты тұрғын үйлер, ғимараттар, мектептер, балабақшалар салады. Кездесу барысында «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, кандидаттар сайлаушылардың сұрақтарына жауап берді. Бағдарламадағы басты бағыттар – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы жаңа деңгейге шығару, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ білім беру жүйесін реформалау. «Кәсіпкерлікті қолдау экономикалық әлеуетті дамытудың құралы ретінде ғана емес, ең алдымен жұмыссыздық мәселесін шешудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың және қазақстандықтарды табыс көздерімен қамтамасыз етудің басты құралы ретіндегі маңызы зор. Біз саяси реформалар жүргізілмейінше экономикада оң өзгерістер болуы мүмкін еместігіне көзімізді жеткіздік. Сондықтан экономикалық реформалар саяси реформалардың материалдық мазмұны ретінде қажет», деді Ерлан Барлыбаев.
Партияның үгіт-насихат тобы сондай-ақ «Орал кабель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, жұмысшылардың жағдайымен танысты. Олар ұжымның әлеуметтік жағдайын сұрап, өндіріс барысын аралап шықты. Кездесуде жұмыссыздықпен күрес, кәсіпкерлікті қолдау секілді әлеуметтік мәселелер көтерілді. Жиын барысында кәсіптегі кез келген проблеманы оңтайлы шешіп, өндірісті тоқтатпаудың жолдарын қарастыру – партияның басты мақсаты екені айтылды. «Ақ жол» демократиялық партиясы бизнесті қорғау, кәсіпкерлікке жалпы сипаттама беру, нарықтық қатынасты дамыту және өндірістік экономиканы құруды қолдайды. Бұдан басқа демократтар бағдарламасында жұмыспен қамту жүйесін дамыту, қоғамның жалпы еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету кіреді. Партия өкілдерінің айтуынша, «Ақ жол» партиясы – прогрессивті дамудың жақтаушысы. Олар экономиканы нығайту, нарықтық және бәсекелестік қағидаларды дамыту бағытында жұмыс істемек.