Оның айтуынша, жалпы бизнес субъектісіндегі жеке кәсіпкерлердің үлесі 60 пайызды құрайды. Санға шаққанда 120 мыңға жуық. Шағын және орта бизнес иелері 40 пайыз шамасында. III тоқсанның қорытындысы бойынша 107 кәсіпорын жабылған. Оның 29-ы – орта, 178-і шағын кәсіпкерлік нысандары екен.
– Сәуір мен қыркүйек аралығында кәсіпкерлер саны біршама өсті. Тіркелген 5081 кәсіпорынның 879-ы – жеке кәсіпкерлер болса, 4000-нан астамы заңды тұлғалар. Біздің ойымызша, «Бастау Бизнес» жобасының арқасында кәсіпкерлер саны артып отыр. Аталған жоба аясында биыл 2600 адам оқып, 1334-і өз кәсіптерін ашты. Жалпы 1705 грант бөлінген болатын. Гранттық және әкімдік бағдарламалары бойынша қолға алынған кез-келген кәсіпкерлік мақсатты қолдауға дайынбыз. Шаһарда, әсіресе, сауда және қызмет көрсету саласы басымдыққа ие. Біздің жобаны оқып кәсіп бастағандардың көбі – ателье, фотосалон, кафе, наубайхана бизнестерімен айналысуда, – дейді спикер.
1-14 желтоқсан аралығында кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалнамаға қатысқан 6 мыңға жуық кәсіпкердің тең жартысы қаржылық тұрақсыздыққа тап болып отырғандарын айтқан. 4 пайызы – табыстан айырылған, 24 пайызы – сұраныс азаюына тап болған, 40 пайызы – аренда құнын, 27 пайызы – коммуналдық төлемді, 21 пайызы – салық төлеуден қиналған, 19 пайызы қызметкерлеріне жалақы беру тұрғысынан қиындыққа ұшыраған. Ал 12 пайызы жақын арада кәсіптерін жабуға мәжбүр екендерін жария еткен.
Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, бизнес иелері караоке-зал, фуд-корт, боулинг, мектеп асханасы, балалар ойын-сауық орталығы, банктер залдарының ашылуын сұрап отыр. Қазіргі кезде қалада цифрлы мониторинг жүргізудің пилоттық жобасы қолға алыныпты. Яғни, санитарлық талаптарды сақтауды бақылайтын бейне камералар орнатылады. Бұл бастама жаңа жылдан соң іске қосылмақ.