Өңірдегі Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округі аумағынан жаңа аудан құрылды. Елеулі оқиғаны ел құлағына жеткізу үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына арнайы келіп, тұрғындармен жүздесті.
«Бүгін біз өздеріңізбен үлкен тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Кентау қаласындағы елді мекендердің дамуына қанша көңіл бөлгенімен, әрі қарай дамыту бағыттары мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, Кентау қаласы шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округтің Кентау қаласында орналасуы қала деңгейін аудандық деңгейге көшкенін көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуі, елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерімен аз қамтылуы, қала орталығының ауылдық елдімекендерден шалғайда орналасуы, сондай-ақ, Кентау қаласы өз тарихында полиметалл рудасын өндіретін өнеркәсіптік қала ретінде дамығандығын ескерсек, Кентаудың аудандық орталыққа айналуы іс жүзінде қала дамуының баяулауына және ауылға жеткіліксіз көңіл бөлінуіне әкелуі мүмкін. Жоғарыда айтылған мәселелерді ой елегінен өткізіп, саралай келе, қазіргі қалыптасқан ахуал назарға алынды. Жаңадан құрылатын ауданға «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп «Шорнақ» елдімекенін бекітуді орынды деп санаймын», деді облыс әкімі.
Жаңа құрылатын ауданға «Сауран» аты беріледі. Өйткені ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен байланысты. Шорнақ елді мекені жаңа ауданның әкімшілік орталығы болып қалыптаспақ.