Әзірге «Сибирь» қазақстандық команда үшін алынбас қамалға айналды. Өйткені жерлестеріміз ресейлік команданы бақандай сегіз ойыннан бері жеңе алмай келеді. «Барыс» ең соңғы рет «Сибирьден» 2019 жылдың 12 ақпанында 5:2 есебімен басым түскен екен. Міне, сол уақыттан бері елорда командасы жеңісті жолды жалғастыра алмай келеді. Сонымен қатар ресейлік ұжым «Барыстың» бес ойынға жалғасқан жеңісті сериясына да нүкте қойды.
«Сибирьмен» өткен соңғы ойындағы кездесудің есебін «Барыс» шабуылшысы Мэттью Фрэттин ашқанымен, командаластары бәсеке соңына дейін жеңісті өз уысында сақтай алмады. Екінші 20 минутта қонақтардан Ефим Гуркин мен Дмитрий Саюстов мергендігімен көзге түсіп, командасын есепте алға шығарды. Ал матчтың соңғы минутында Микаэль Руохомаа гол соғып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 3:1.