
Бізге жан-жақтан тамақ, киім әкеліп жатты. Әскерилердің төсек-орнын төсеніп ұйықтаймыз. Мектеп екі қабатты, спорт залға ерлер, кабинеттеріне әйелдер, бала-шаға орналасты. Коронавирустан қорғану үшін маска таратты, асханаға қолды антисептикпен шайғызып кіргізеді. Жатарда температурамызды өлшеп кетеді. Арамызда жүкті әйелдер бар, оларды дәрігерлер қарап жүр. Ауыз бекіткендерге жергілікті кәсіпкерлер, кент тұрғындары сәресі мен ауызашар берді. Бар көмекке разымыз, бірақ... ауылымызға, үйімізге қайтқымыз келді». Мақтаарал ауданы Жеңіс ауылының тұрғыны Алма Жаникешова мамырдағы тосын апатты еске алып осылай дейді.
«Ағайынның, мемлекеттің, облыс, аудан басшыларының қолдауы дер кезінде көрсетілуі бізге дем берді, еңсемізді түсірмедік. Ертеңге сеніміміз нығайды. Бүкіл Қазақ елінің қолдауын сезіндік. Мемлекет берген 17 млн теңгені үш транш бойынша алып, құрылыс жүргіздік. Жаңа үйді заман талабына сай, сапалы материалдармен салып алдық. Бөлінген қаржы толығымен жетті», дейді Өргебас ауылының тұрғыны Құрақбай Мамыржиев.
Иә, Мақтааралдағы тосын оқиға бірлігі бекем елдің берекесі бұзылмайтынын кезекті рет айқындады. Сол бір күнді еске сала кетсек, Өзбекстан Республикасы ТЖМ мәліметіне сәйкес, 1 мамыр 20:15 шамасында «Сардоба» су қоймасы Қазақстан Республикасы аумағына су ағызуды тоқтатқан.
Су қоймасының құрылысы 2010 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған, сыйымдылығы 922 млн текше метр. Арнадан асқан су Ақалтын ауданындағы Абай каналымен Жизақ облысындағы Арнасай көліне ағызылған. Дегенмен түнімен аққан сарқырама су «ЦГК» каналына жиналған. Аталған каналдың су жіберу қуаттылығы секундына 120 текше метр. Бірақ каналға түнімен секундына 180 текше метр су ағып келген. Екінші мамыр, сағат таңғы 4.30 кезінде Мақтаарал ауданының шекарасында «ЦГК» каналына 300 миллион текше метр су келіп құйылғандықтан ауданда төтенше жағдай қалыптасты. Облыстық маңызы бар Мырзакент-Жеңіс-Жаңатұрмыс авомобиль жолын су алып кетуі салдарынан көліктер жүре алмай қалды. Сондай-ақ Мырзакент, Фердоуси, Жантақсай елді мекендері тұрғындарын эвакуациялау қажеттілігі туындады. Мырзакент елді мекенінде 14 532, Фердоуси елді мекенінде 2 377 тұрғын, ал Жантақсай елді мекенінде 700 тұрғын бар. Апатты-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы, Шымкент қаласы Төтенше жағдай департаменттері, сондай-ақ Ұлттық гвардияның 6 506 бөлімшесінен аудандық полиция бөлімінің, жергілікті атқарушы органның қызметкерлері мен техникалар тартылды. Жалпы, Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерінен 2 мамырдан бастап 31 606 адам көшірілген, 24 эвакуациялық бекетке жайғастырылғандардың денсаулығын бақылауға алу үшін 147 медицина қызметкері жұмылдырылған. Тұрғындардың көшуін қамтамасыз ету мақсатында 68 автобус бөлініп, бір мезетте шамамен 7-8 мың адам Атакент, Асықата кенттеріне тасымалданды. Сондай-ақ 3 115 ірі қара мал, 1 101 ұсақ мал, 585 жылқы, 34 түйе Келес ауданы, Қызыләскер ауылына жеткізілген. Бұдан бөлек, 1 797 ірі қара, 6 029 ұсақ мал, 689 жылқы, 381 түйе Мақтаарал ауданындағы қауіпсіз жерге шығарылған.
Қауіптің алдын алу, ең бастысы адам өмірін сақтау мақсатындағы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің, аудан әкімі Бақыт Асанов пен жауапты қызметтегілердің жедел қимылы өз нәтижесін берді де. Мақтааралға еліміздің бүкіл облыстары көмек қолын созды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 700 тоннадан астам азық-түлік пен гуманитарлық көмек келді. Су басқан аймақтағы әрбір тұрғын республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат алды. «Болат Өтемұратов қоры» зардап шеккендерге үй салып беру үшін 6 млн АҚШ долларын бөлді. Ресей кәсіпкері Әлішер Усмановтың қорынан 5,2 млн АҚШ доллары аударылды. Бұл қаржы 5 202 отбасына 1 000 АҚШ долларынан үлестірілді. Зардап шеккен үш ауыл тұрғындары үшін Мырзакенттен бой көтерген жаңа қалашықтағы 386 үйдің 196-сы Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен, 150 үй «Болат Өтемұратов қорының» қаржысына салынды. Ал 20 баспана Nur Otan партиясының «Біз біргеміз» қоры мен 20 баспана «Салиқалы ұрпақ» қорының қолдауымен бой көтерді.
Апат аумағында зардап шеккен егістіктер қалпына келіп, Мырзакентте жаңа шағын аудан бой көтерді. 70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықтағы 386 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары көшіп келді. Сонымен қатар, Фердоуси ауылында 340 үй, Өргебас ауылында 195 үй тұрғындардың өз күшімен салынды және ол үшін Үкімет өтемақы ретінде әрбір үйге 17 миллион теңгеден берді. Жаңа шағын ауданда барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ мұнда 1 200 орындық мектеп пен бала-бақша және дәрігерлік амбулатория салынуда. Білім беру нысанын тұрғызу үшін 1,8 млрд теңге және 280 орындық балабақшаның құрылысын жүргізу үшін 692,1 млн теңге қаралған. Қос нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ бір ауысымда 25 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория және полициялық пункт құрылысы аяқталып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Шағын ауданда көшелердің барлығы асфальтталған. Балалардың ойын алаңдары орнатылып, ағаштар отырғызылған. Су тасқыны салдарынан 3 ауылдық округіне қарасты 11 елді мекеннің 1 003 агроқұрылымға тиесілі 5 694,98 гектар егістік алқаптары зиян шеккен болатын. Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының қатысуымен жасалған есепке сәйкес, жалпы шығын көлемі 1,142 млрд тенге болды және шаруаларға толықтай төленді.
Осылайша, Мақтааралдағы апат халықтың бірлігі мен ынтымағын сынақтан өткізгендей де болды. Облыс халқы мемлекеттің, қалың жұртшылықтың қолдауымен қиындықтан сүрінбей өтті, ел бірлігінің бекемдігін, ынтымағын, бауырмалдығын көрсетті.
Түркістан облысы