Руханият • 31 Желтоқсан, 2020

Сөз сойыл №98

701 рет көрсетілді

Бәрін саттық

Өткен жылдың басынан бері –

«Бала оқытамыз» – деп бие саттық,

«Қыз оқытамыз» – деп түйе саттық,

«Ішеміз, жейміз, киінеміз» – деп,

Келесі жылы сиыр жылы ғой деп –

Соңғы сиыр оны да саттық.

 

Қойымыз көп еді, ой, саттық!

Аяғында қозы, лақ саттық,

Шаруаны өстіп ақсаттық.

Қысқасы,

Қорадағы малды түгел саттық,

Ер-тұрман саттық, жүген саттық,

Сатпағанымыз қалмады, көп саттық.

Ақша керек боп, шөп саттық.

Айтпақшы,

«Сатайық па, сатпайық па?» –

 деп отырған,

Үрмейтін бір итіміз бар еді,

Бір күні сол үріп берді.

Іле-шала әдемі-әдемі

Үш келіншек кіріп келді.

«Кедейшілікпен күресетін

комиссиямыз» – деп,

Білектерін түріп берді.

Ағаштарды қарап шықты,

Неше түп өрік, неше түп шие,

Еріндері жыбырлап, санап шықты…

…Итіміз тағы үріп берді,

Іле-шала сұлу-сұлу

Төрт келіншек кіріп келді.

Сөмкелерінен парақ шықты,

Бұлар алма ағаштарын санап шықты…

…Итіміз және үріп берді,

Іле-шала сойталдай-сойталдай

Бес келіншек кіріп келді.

Сосын бесеуі бес жақтан

Неше түп қызан, неше түп қияр,

Неше түп сарымсақ барын

қайта-қайта санап шықты…

Бір-біріне күңкілдеді,

«Бұл үйге ақша шығуы мүмкін»,

– деді…

…Итіміз және үріп берді.

«Комиссияның бастығы едім» – деп,

Көзі әдемі келіншек кіріп келді.

Келіншектің көзі де әдемі,

Өзі де әдемі,

Тіпті, сөзі де әдемі екен:

– Ақшаға болмаса да,

Бай мен бақшаға бай екенсіз,

Мұны комиссия да құптады.

Қысқасы, жәрдем ақша шықпады, –

Деп түсіндіріп,

Көп нәрсе айтып кетті…

Сөйтіп жылдың соңғы күндері –

Осылайша қаржыдан қысылдық,

Қысылдық та, түсіндік,

Түсіндік те шештік.

Шештік те ағаштарды

Шетінен кестік.

Біразын пешке жақтық,

Біразын көршіге саттық.

Қаражаттан қысыла-қысыла

Сатып жібердік итімізді...

Енді, міне,

Сығып отырмыз битімізді.

Қорамызда мал жоқ,

Ауламызда бір түп тал жоқ,

Қысқасы, бітіп отырмыз.

Айтпақшы,

Жылдың алғашқы күнінен –

Сиыр жылында –

Кедейшілікпен күресетін

Комиссияны қайта күтіп отырмыз…

 

Алпысбай Боранбайұлы

Түркістан облысы

 

Сиырдың сыры

1

 Ал менің жылым келіп құдай оңдады. «Сиырдың сыры» дедік пе?.. Ағыл-тегіл айтайын.

О баста, қай заман, қай ғасыр екені белгісіз, бізде жабайы күн кешіп, тағы боп тау-таста күн кешіппіз. Тағылық тірлігімізден хабарымыз жоқ, әйтеуір күндердің күнінде қолға үйретіліп, адам ақылының арқасында соның қарамағына өтіп, төрт түлігінің санатына қосылып, «саналы» тірлікке көшіппіз ғой...

Тарихта нем бар, тірлігімді айтайын...

Қазір қожайынымнан «қашып шығып», тау-таста жартылай жабайы күй кешудемін.

Әне бір заманда, кең қолтық кергіген кезеңде – мен ғана емес, ертеңге еренсіз болып бүткіл жұртшылық ашық-шашық шалқыды емес пе.

Басқада нем бар, өзіміз таң қылаң бере керіліп-созылып түрегеп, бұзауға иіліп, қожайынның сауып сыпыра бұйда жіптен босатқаны сол, уайым-қайғысыз талтаң басып тау-тас етегіндегі өрісімізге кете баратынбыз. Ойхой, сол кездегі сенікі-менікі делінбеген далиған даланы ойласам – мүйізім сырқырайды, емшегім сыздайды.

Несін айтайын, жекеменшік келіп – өріс тарылды, желке жүн жығылды емес пе...

Қожайын да қауқарсыз, нарық заманына ілесе алмай – ел қатарлы тірлігін түзей алмай, бұрынғы өріс атаулы қолды бо­лып, біз баяғы кешкілік келіп жетіп күйіс қайырып түнеп шығатын қорадан күн­діз-түні шыға алмайтын халге жеттік... Қол­ға қараған күнді дұшпаныңа берсін... Жекеменшік жері жоқ қожайыныңның барынан жоғы...

Қожайыныма жаным ашиды! Айтпай келген аласапыран заманда азып-тозды десем болады.

Бәрі сатулы, жем жемегелі қашан, берген шөп-шолаң, кәшек-пәсекті талғажау ете­міз. Бәрі құрықталып, ішіп жүрген ағыл-тегіл судың сұрауы болғанда суалып кете жаздадым.

Қиындықтан ашатұяқ атаулы айырбас­талып, бағым – сүтімнің арқасында белі қатаймаған бұзауымның көз жасы болып дін аман жүріп жатқаныма тәубе деймін.

Өстіп жүргенде өкіметтен «сауып отыр­ған сиыры бар үй әлеуметтік көмектен қа­ғылсын» деген «қарақағаз» шығып шал­қамыздан түсірді емес пе. Сондағы әлеу­мет­тік көмекпен ілдалап отырған қожайы­ным­ның күңіренген көзжасын көрсең...

Не істейін, тұлапайы шыққан басқа төрт түліктен әулиемін бе, көресімді кө­рейін, маңдайыма жазылғаны болар деп, қора маңында апыл-тапыл қам-қарекетсіз ойнақ салып жүрген бұзауыма қарап қабырғам сөгіледі, денем түршігеді.

Құдай оңдап, қожайыным қимылға көшіп, бір түнде мені бұйдалап алып жетектеп, қазіргі күндіз панам болған тау-тастағы үңгірден бір-ақ шығарды.

Бір күн күндіз ешқайда аттап шығармай үңгірде қамап отырып, қас қарая қос уыс жемін беріп, жетектеп сыртқа шығарып, айналайын тау-тастың шөп-шүйгініне жайылтып, мөлдір бұлақтан суғарып, таң сыз бере үңгірге қайта кіргізіп, алақан жа­йып, менің амандығымды тілеп, көл-көсір сүтімді сауып алып жөніне кетті...

Қанша миғұла саналсақ та, жалмауызға да жан керек, қожайынның айтқанымен жүріп-тұруға үйренген басымыз – күндіз аттап шықпай күйіс қайырумен боламын да, түнде жортуылға шығамын...

Қожайыным да қу, таң сыз бере үңгірге оралсам – қос уыс жемін ұсынып күлімдеп сонда күтіп отырады... Қайтейін, қожайынға үйренген басым, оның үстіне қорада қалған бұзауыма бола иіліп-иіп сүтімді ағыл-тегіл ағытамын.

Қожайын да біледі, тау-тастағы қасқыр бастаған қарақшыларды ескеріп, өткенде мүйізімді қайрап үшкірлеп, келесісінде артқы екі аяғыма тигенін тіліп түсер таға орнатып берді...

Қамқорлығына ризамын. Ол да «Сиыр сипағанды білмейді» дегенді ұмытып, көндіккен, үйреткенін лезде ұғып алған менің үсті-басымды сипалап, бір уақ тазалап, тарап та қояды.

Сөйтіп, ағыл-тегіл ішіп-жемнің ортасында жартылай жабайы тірлік кешудемін.

Бұрынғыдай емес, қоңданып семіріп келе жатқанымды сеземін. Оныма қо­жа­йын да риза. «Қоңдансаң, күзге аман-есен барсаң. Ол уақытта қорадағы бұзауың да сүттен шығып санатқа қосылады. Біздің де түп-түгелді сатып, қала маңына көшіп кетер мезгіліміз де болады» деген пиғылын да сеземін.

Менің де: «Аман-есен күзден өтіп, қа­қаған қыспен келіп жеткен жаңа жыл... Сиыр жылында қожайынымнан бұрын бір түн­де қорадағы бұзауымды ертіп әкетіп, мұн­дағы үңгірді талақ етіп, тау-тастың ық­пыл-жықпылын артқа тастап, сонау қиян­дағы арқар мекен еткен маңға барып толық жабайы күн кешсем» деген пиғылым бар.

1

 

Берік САДЫР

Нұр-Сұлтан

 

Шырша жанындағы жымиыс

1

Жаңа жыл дастарқаны басындағы әңгіме.

– Сен неғып ішер кезде көзіңді тарс жұмып алатын болғансың?

– Әйеліме їремкеге ќара­сам кґзім шыќсын деп уәде беріп едім...

 *  *  *

Жыл тақап, сағат тілі тура он екіні тықылдатқанда – бәріміз «Аққайнар» ішім­дігінің тығынын тық еткізуді дәстүрге енгізгеніміз қашан...

Ескі жылдың соңғы күні дүкенге барып сөреден «Аққайнар» іздеп едім, бағасы 650 мен 950 теңгелік екі түрі тұр екен. Сатушыдан:

– Бұлардың айырмасы неде? – деп сұрап едім:

– 950 теңге тұратыны сапасы жағынан анық «Аққай­нар­ға» жетеқабыл... – дегені.

 *  *  *

Егер Аяз ата қарсы жо­лығєып, сізден аз-маз тиын-­те­бен сұраса, онда: бұл қайыршылардың Аяз атасы, не ақша құнсызданып, инфляция та­­­бал­дырық аттаған болды де­ген тоқтамға келуіңізге болады.

 *  *  *

Әдемі де уыздай Ақшақар дүние-мүлкі қомақиы Санта-Клаусқа күйеуге шыққысы келеді. Өзіміздің отандық можантопай Аяз аталар хабарласпай-ақ қойсын...

 

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР

Соңғы жаңалықтар

Бір шаңырақтан – үш майдангер

Руханият • Бүгін, 14:00

Қазақ дегеніміз – Бауыржан...

Руханият • Бүгін, 09:45

505-ші түрменің тұтқындары

Тарих • Бүгін, 09:15

Амманға аттанды

Спорт • Кеше

Ұқсас жаңалықтар