Экономика • 31 Желтоқсан, 2020

Индустрияландыру ісінде іркіліс болмайды

318 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемді әлекке салған пандемияға қарамастан, елдің индус­трияландыру бағытындағы жұмысында іркіліс болған жоқ. Бұл жоспарлы, жүйелі жұмыстың жемісі екені даусыз. Соның нәтижесінде елдің индустриялық, инновациялық даму саласы 2020 жылды ойдағыдай түйіндеп отыр.

Индустрияландыру ісінде іркіліс болмайды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Мәселен, тау-кен, металлургия өнеркәсібін алайық. Елдің ішкі жалпы өнімінің шамамен 6 пайызын қамтамасыз етіп отыр­­­ған саладағы көрсеткіштер көңіл­­ге қонымды. Айталық, 2020 жыл­дың сегіз айында саладағы тауар­ларды, жұмыстар мен қыз­меттерді сатып алу көлемі 700,2 млрд теңгеге тең болды. Оның ішінде жергілікті қамту көр­сет­кіші – 395,1 млрд теңге.

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, тау-кен, ме­таллургия компанияларының сатып алуларында жергілікті жет­кізушілердің қызметтері басым. Мысалы, 2020 жылы «Ар­селорМиттал Теміртау» ком­паниясы үшін жергілікті тауар өндірушілерден жеткізу кө­лемі 5 млрд теңгеден 24,5 млрд тең­геге дейін өсті. Сол секілді «Қазақ­мыс» компаниясының қара­ған­дылық өндірушілерден сатып ала­тын тауарларының үлесі 10 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін өспек.

Статистика комитетінің де­рек­теріне сүйенсек, 2020 жылғы қаңтар-қараша айларындағы химия өндірісінің көлемі 427,2 млрд теңгені құрады. Бұл салада аз да болса өсу бар. Бұған COVID-19 пандемиясы оң әсер етті. Өйткені осынау қысылтаяң шақта химия өнеркәсібінде дезинфекциялық құралдар мен антисептиктерге сұраныс артты. Елдегі «БО-НА», «Қазбытхим», «Аврора», Mic­rohim, Goldman&Young, «Ра­дуга» секілді компаниялар ар­қылы ішкі нарықтың сұранысы то­лық­тай қанағаттандырылды. Дез­инфекциялық құралдардың отан­дық өндірісі 2020 жылдың 10 айында өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда екі есе өсті.

2020 жылғы қаңтар-қарашада химия өнеркәсібінің негізгі капиталына 205,4 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,3 есе жоғары. Кейінгі 10 жылда химия өнеркәсібінің экспорты 2 есеге артты. Яғни экспорт көлемі 0,6 млрд АҚШ дол­ларынан 1,1 млрд АҚШ дол­ларына дейін өсті. Отандық кәсіпорын­дар өз өнімдерін Ресей мен Қытайдан бөлек, Түркияға, Үндістанға, Жапонияға, Біріккен Араб Әмір­лік­теріне және басқа елдерге жеткізуде. 2020 жылғы қаңтар-қазанда экспорт көлемі 761,4 млн АҚШ долларға жетті. Көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға аз.

Машина жасау саласындағы көрсеткіш­тер де жаман емес. Мәселен, 2020 жылдың қаңтар-қараша аралығында саладағы өндіріс көлемі 1 трлн 579 млрд теңгеге жетіп, 33 пайыздық өсім көрсеткен. Бұл ретте автомобиль жасау және басқа да көлік құралдарын жасау сек­торларында оң динамика бай­қа­лып отыр. Алғашқысының өсімі 52,6 пайызға тең болса, соңғысы 79,5 пайыздық өсімге ие. Министрліктің хабарлауынша, өсім негізінен автомобильдерге деген сұранысты ынталандыру және жүк вагондары мен локомотивтер өндірісіне қатысты тапсырыстарды орындау есебінен қамтамасыз етілген.

Десе де, COVID-19 пандемия­­­­сы бірқатар секторға кері әсер етті. Мысалы, компьютерлер, элек­тронды және оптикалық өнім­дер өндірісі секторында өн­діріс 4,9 пайызға төмендеген. Жөндеу және орнату секторында да 3,7 пайыздық құлдырау тіркелген.

2020 жылдың қаңтар-қазан аралығында машина жасау сала­сын­дағы экспорт көлемі 933,2 млн АҚШ доллар болды. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 4,5 пайызға аз. Бүгінде салада 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Индустрияландыру картасы жүзеге асырыла бастаған сәттен бері машина жасау саласында 14,2 мың жаңа жұмыс орны құрылған. 

Деректерге сүйенсек, 2020 жылдың 11 айында 12,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 9,3 пайызға артық. Жалпы, осы жылдың қорытындысы бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жос­парланған еді. Сонымен қа­тар тұрғын үйлерді уақытында пайдалануға беру үшін құрылыс алаңдарына қажетті инженерлік коммуникацияларды жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында 71,8 млрд теңгеге 305 жоба іске асырылуда.

Биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінде республикалық және жер­гілікті маңызы бар авто­жол­дардың 4 мың шақы­рымы қайта жаңартылып, 1,9 мың ша­қырымы жөнделді.

– Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй мәселелерін шешу және тұр­ғын­дардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау бойынша ке­шен­­ді жұмыстар жүргізілуде. Мем­­­лекеттік инвестициялар ая­сында жыл соңына дейін 2 млн шаршы метр әлеуметтік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. Мәселен, әкімдік кезегіндегі әлеуметтік осал санаттар үшін
1 882 сатылмайтын жалға берілетін пәтерлер пайдалануға берілді. Жыл соңы­на дейін бұл көрсеткіш 4 142 пәтерге жеткізілмек. 2019 жылы Nur Otan партиясының ХVІІІ съезін­де берілген Елбасы тапсыр­масы аясында аз қам­тыл­ған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жалғасуда. Осы жылдың 11 айы­ның қорытындысы бойынша
1 664 пәтер салынды және сатып алынды. Жалпы, жыл соңына дейін 5 288 отбасы қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар түрлі қаржыландыру көздері арқылы тағы 3 868 көп балалы отбасы бас­­­­паналы болды, – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Осы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 жолаушылар вагоны сатып алынды. Жалпы, 2025 жылға дейін 600 вагон сатып алу жоспарлануда. Жыл са­­йын 100 вагоннан сатып алу міндеті жүктелген. Жаңа вагондар отандық «Тұлпар» зауытында өндірілген және қауіпсіздік пен жайлылық тұрғысынан заманауи талаптарға жауап бере­ді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін кемінде 600 жолаушылар вагонын жаңарту жоспарлануда. 2020 жылдың 11 айында темір жол көлігімен 261 млн тонна жүк тасымалданған. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,3 пайызға жоғары.

Сондай-ақ осы жылдың 11 айын­­да автомобиль көлігі арқылы 2,9 млрд тонна жүк және 8,4 млрд жолаушы тасымалданған. Көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұған пандемия мен карантиндік шаралар әсер еткені даусыз. 2020 жылы әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға шамамен 40 млрд теңге бөлінген.

Биылғы жылдың кедергілерін ескерсек, су көлігі саласындағы көрсеткіштер де жаман емес. 2020 жылы Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымалдау көлемі шамамен 4,8 млн тоннаға жетті. Бұл ретте контейнерлер мен жүк автокөлік құралдарын ауыстырып тиеудің 2 есе өскені байқалады. Биыл Ақтау порты мен Иранның Амирабад порты арасында тұрақты контейнерлік желі, сондай-ақ Құрық-Анзали (Иран) автопаромдық қатынасы ашылды. Қазіргі уақытта Ақтау және Түркменбашы порттары арасында контейнерлік қатынас және Құрық пен Махачкала арасында паромдық тасымалдар ашу пысықталуда.