Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясындағы панельдік пікірталасқа қатысуы шартараптың назарын Қазақстанға аударды.
The Economic Times газетінің хабарлауынша, аталған панельдік пікірталаста көтерілген мәселелердің өзектілігін уақыт көрсетіп отыр. Ауғанстанда тұрақтылық орнату жөніндегі Қазақстан бастамаларына тоқталған басылым еліміздің өз еркімен ядролық қарудан бас тартуын да жоғары бағалады. The Economic Times газетінің пайымдауынша, мұндай қадам қазақ халқының даналығы мен көрегендігін анық аңғартады.
Euractiv агенттігі Мемлекет басшысының Еуразиялық интеграцияны ілгерілетудегі Қазақстанның рөлі жөніндегі сөзіне екпін берді. Пікірталас кезінде Қ.Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың саяси астары жоқ, экономикалық жоба екенін айтты. Сондай-ақ 182 миллионнан астам тұрғыны бар аймақты қамтыған бұл ұйымның шетелден инвестиция тартудағы әлеуеті жөнінде әңгімелеп берді.
Жыл басында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео елордаға ат басын бұрғаны белгілі. М.Помпео мырзаның осы сапары кезінде әлемнің барша бұқаралық ақпарат құралдарының назары Ұлы далаға ауды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуі барысында М.Помпео екіжақты ынтымақтастық мәселесін талқылай келе, Қытайдағы этностық қазақтардың жағдайын айтып өткен еді.
«Рейтерс» агенттігі М.Помпеоның Қытайдағы мұсылмандарды қудалауына қатысты сөзіне екпін берді. «Помпео әңгіме барысында Қазақстан шекарасына таяу маңдағы Шыңжаң автономиялық ауданында (Қытай) мұсылман ұйғырлар мен этностық қазақтарға Қытайдың коммунистік партиясының қысым көрсетуі туралы айтты. М.Помпео АҚШ бүкіл мемлекетті Қытайдың қудалауын тоқтатуын талап етуге қосылуға шақыратынын, осы елден қашқандарға саяси пана ұсынып, босқын мәртебесін беруді сұрайтынын жеткізді» деп хабарлады «Рейтерс» агенттігі. Бұдан бөлек, Deutsche Welle, Синьхуа секілді агенттіктер де осы сапар туралы, АҚШ пен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынас жөнінде жарыса жазды.
The Diplomat порталы елімізге қатысты көптеген сараптамалық мақала жариялады. Соның бірі – латын қарпіне ауысуға арналды. «Қазақстан латын әліпбиіне көшудің ұзақ жолына түсті» деп аталатын мақалада автор қазақ халқының әліпби таңдауына тарихи, мәдени және практикалық жағдайлар әсер етті деп ой түйеді.
«Қазақ халқы тұтынған әліпбилер ғасырлар бойы саяси жағдайларға байланысты түрлі өзгерістерді бастан өткерді. Қазақ тілі түркі тілдер тобына жатады. Қазақ тілі негізінен Орталық Азия, Қытай, Ауғанстан, Иранды мекендеген қазақтар мен әлемдегі қазақ диаспораларының ана тілі», дейді автор.
Аталған порталдағы тағы бір сараптама Қазақстанның бітімгерлік миссиясына арналған. Қазіргі таңда еліміздің сарбаздары Ливандағы UNIFIL миссиясы аясында бітімгерлік операцияларына қатысып жүр.
Мақала авторы – Қорғаныс және геосаяси мәселелерді зерттеп жүрген америкалық сарапшы Уильдер Алехандро Санчес Қазақстанның UNIFIL аясында Ливанға жүзден аса сарбаз жіберуі кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстың белсенді атқарылып жатқанын көрсететінін жеткізген.
«БҰҰ деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның 128 әскери қызметкері бітімгерлік миссияларымен айналысады. Яғни осы салаға үлес қосқан мемлекеттер арасында 66-орында тұр. Қазақстанның бітімгерлік миссиясына қатысып жүрген әскери қызметкерлерінің саны БҰҰ бітімгерлік миссиясына ең көп үлес қосушы ел – Эфиопияға (6650 сарбаз) қарағанда әлдеқайда аз. Әйтсе де Қазақстан – Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет. Мәселен, Қырғызстан небәрі 12 адам ғана жіберген. Соған қарамастан қазақ сарбаздары UNIFIL аясындағы миссиясын сәтті орындады деуге толық негіз бар», дейді ол.
The Guardian газеті Қазақстанның тұмса табиғаты туралы жазып, туристерге керекті құнды мәлімет ұсынады. «Әлемнің ашық теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекеті саналатын Қазақстан солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытаймен шектесіп жатыр. Елде классикалық құрлықтық климат қалыптасқан. Қысы суық, жазы жанға жайлы жылы.
Қазақстанның солтүстігі оңтүстігіне қарағанда суықтау болғандықтан, көктем мен күз салқын. Бірақ қоңырсалқын сәттері көп. Сондықтан, бұл елге сәуір мен маусым, қыркүйек пен қазан арасында баруға кеңес береміз», дейді The Guardian.
Forbes журналы биылғы індет пен мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанға оңай тимегенін, бірақ сенім артуға болатын бір мекеме бар екенін жазады. Ол – Астана халықаралық қаржы орталығы.
«Архитектуралық дизайны Epcot Center-ге ұқсағанымен, бұл орталық Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы. Астана халықаралық қаржы орталығы елде де, шетелде де Қазақстанның заманауи келбеті саналады», дейді Forbes.