Солтүстікқазақстандық диқандар биыл да мол астық өсіруді нысана етіп отыр. Күздің жауынды-шашынды болуы, қыста қардың көп жаууы берік негіз қалап берді. Оның үстіне Үкіметтің жуырда болып өткен селекторлық кеңесінде көктемгі егіске қатысты бірқатар түйінді мәселелер шешімін тапты. Бұрынғыдай емес, қазір жанар-жағармай тапшылығы байқалмайды. Бағасы қолжетімді. Субсидияның берілуі – үлкен демеу. Ендігі мәселе жергілікті билік орындарының, агроқұрылым басшыларының жұдырықтай жұмылып, еңбек етуіне ғана тіреледі.
Ақжар ауданында өткен облыс аграршыларының көшпелі отырысы көктемгі егіс науқанына сапалы әзірлік, үлгілі өткізу жайына арналды. Аймақ басшысы Серік Біләлов өз сөзінде Қытайдың Қызылжар астығына мүдделілік танытып отырғанын, жыл аяғына дейін 100 мың тонна бидай сату міндеті тұрғанын, Петропавл әуежайы қасынан авиаотряд құрылып, химиялық өңдеу жұмыстарымен айналысатынын жеткізді. Көктемгі дала жұмыстарын өткізу үшін 63 мың тонна дизел отыны керектігін, толық қорын жасауға жедел кірісу қажеттігін ескертті. Кеңеске Ақмола облысының агроқұрылым өкілдері де қатысып, іс-тәжірибе алмасты. Соңғы үлгідегі техникалар тамашаланды.
Биыл облыста жалпы егістік алқап 4,4 миллион гектарды құраса, оның 3,9 миллионы дәнді дақылдар. Осынша аумақты технологиялық талаптарға сай өңдеп, қысқа мерзімде дән сіңіру оңай шаруа емес. Көктемнің қалай болары да белгісіз. Үкімет 4,1 миллиард теңге демеуқаржы бөліп, басқа да көмектерін беріп жатыр. Соңғы 2 жылда ғана ауылшаруашылық техникаларын лизинг арқылы иеленуге, жеңілдетілген несиеге, астық сатып алуға 37,2 миллиард теңге жұмсалды. “Техникалық қайта жарақтандыру” бағдарламасы қолға алынған 6 жыл ішінде аграрлық сектор 9 мыңнан астам жаңа техникалармен толықты. Ақшаға шақсақ 88 миллиард теңге. Осының нәтижесінде көктемгі, күзгі дала жұмыстарының 80 пайыздайы озық технологиялармен атқарылатын болды.
Десек те, алаңдаушылық та жоқ емес. Көктемгі егіске қажетті дизель отынының бір литрі 60-63 теңге болады деп күтілгенімен, Үкіметтің өзі кепілдік бере алмай отырғанда бұл бағаға сенетіндер аз. Ресейдегі қымбатшылық кері әсерін тигізуі әбден ықтимал. Диқан қауымының жанар-жағармай жеткізуші операторларды, инвесторларды жеткілікті қорды жасақтауға асықтырып отырғаны сондықтан. Жасыратыны жоқ, кей шаруашылықтардың бидайдың вегетациялық себу мерзімін тым созып алатыны жасырын емес. Оның басты себептерінің бірі — дизельдің уақытылы жеткізілмеуі. Бүгінде ірі астықты өңірдің жанар-жағармайдың үштен бірімен ғана қамтамасыз етілуі күрмеуі қиын істің қордаланып қалғанын аңғартса керек. Кесте бойынша 22 мың тонна дизель отынын мамыр айында жеткізу белгіленген. Аграршылар алдымен осыған алаңдаулы. Қымбатшылыққа ұрынсақ, жеңілдікті дизель отынына зәру болып қаламыз ба деген қауіп басым.
Соңғы кездері облыста майлы дақылдарды көптеп өсіруге деген құлшыныс байқалады. Биыл оның көлемі 300 мың гектарға дейін көбейтілді. Дегенмен, ауылшаруашылығын әртараптандыруға назар тиісті дәрежеде аударылып отырған жоқ. Көбіне ірі ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер тыңайған жерлерді іске қосқанда бидай өсіруге ұмтылып, арпа, сұлы дақылдарының көлемін азайтуға тырысады. Бұл да алда ойланатын мәселенің бірі.
Облыс экономикасының басты саласы агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі әлі де төмен. Ол өткен жылы 5400 доллардан айналды. Елбасының тапсырмасына сәйкес алда екі есе ұлғайту міндеті тұр. “Зенченко и К” командиттік серіктестігінде былтыр бір жұмысшы 28 мың доллардың өнімін өндірген. Облыс бойынша 100 гектар егістік алқаптан 3,9 миллион теңгенің жалпы өнімі алынса, Қызылжар, Есіл, М.Жұмабаев аудандары 1,5 есе асып түскен. Ал, Уәлиханов, Ақжар аудандарында мүлдем аз. Оған астық шығымдылығының ала-құлалығы, жұмсалатын шығынның көптігі әсер етіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Мәселен, Шал ақын ауданының өнімі Аққайың ауданынан 6 центнерге кем. Жоғары репродукциялы тұқым қоры құйып алынбаса, агротехникалық шаралар қатаң сақталмаса қандай жоғары өнімділік жөнінде сөз етуге болады? Мұның өзі егіншілікте игерілмей жатқан ішкі резервтер мен мүмкіндіктердің қыруар екенін көрсетсе керек.
Аграрлық кеңесте облыстық фитосанитария орталығының жетекшісі Жұмағали Қожахметов түрлі егін зиянкестеріне қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектің аз бөлінгенін, ол 266 мың гектар алқапты ғана өңдеуге жететінін қынжыла айтты. Жаз қуаңшылықты келсе шегіртке, басқа да қауіпті зиянкестердің қаптап кетуі әбден ықтимал. Облыстық аумақтық инспекцияның бастығы А.Куликов тұқым сапасына, арам шөптермен күреске жеткілікті көңіл аударылмайтынын айта келіп, “не ексең, соны орасың” деген мақалды еске салды. Былтыр “Тұқым туралы” заңды бұзғаны үшін 1 мыңнан астам өкім шығарылып, 87 айыппұл салынған. Олардың көпшілігі тұқым сақтау тәртібін бұзғаны, себу технологияларын сақтамағаны үшін қолданылған. Залалданған, аудандастырылмаған тұқым сұрыптарын себу фактілері тіркелген. Шыны керек, ауылшаруашылық дақылдарының тұымдарын жаңартып отыру, оны ауыстыруға бақылауды күшейту әлі де өз дәрежесінде емес. Әсіресе, ұсақ шаруа қожалықтары тұқымды құйып алу және өңдеу мәселесінде олқылықтарға жиі ұрынып жатады.
Солтүстік Қазақстан – астық, ұн, майлы дақылдарды сыртқа шығаратын облыстардың бірі. Соңғы 3 жылда 4 миллион 735 мың тонна бидай, 800 мың тонна ұн, 84 мың тонна рапс майы алыс-жақын шетелдерге сатылды. Сыртқы рынокқа шығу әлеуетінің жоғарылығына қарамастан бұл мүмкіндік әлі де тиімді пайдаланылып жүрген жоқ. Оны өткен жылғы тәжірибе анық байқатты. Астығын өткізе алмай шірітіп алған талай диқанның есіл еңбегі рәсуә болды. “Азық-түлік” келісім-шарт корпорациясы” АҚ-тың сатып алған 1 миллион тоннадан астам астығы облыстың элеваторларында әлі күнге дейін әкетілмеген күйі қалған. Басқа дерек көздеріне қарағанда осыдан екі жыл бұрынғы астық та жатқан көрінеді. Бұл мәселе Үкіметтің селекторлық кеңесінде де айтылғанымен, өзге өңірлерге тасымалдау ісінің басталатын түрі жоқ.
Уақыт найқалуды күтпейді. Әне-міне дегенше қыр астындағы жауапты науқан да келіп жетер. Сол кезде істі сақадай ұйымдастырудың барлық жолдарын қарастырып, етек-жеңді жинап отырғанға не жетсін. Аграршылардың кеңесіне қатысушылар осындай оймен тарасты.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.