Саясат • 31 Желтоқсан, 2020

Мұғалімдердің жалақысын көтеру маңызды

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ADAL партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің Алматы қаласы тұрғындарымен кездесуі жалғасып жатыр. Бұл жолы кандидаттар білім саласының мамандарымен, шағын және орта кәсіп өкілдерімен жолықты.

Мұғалімдердің жалақысын көтеру маңызды

Алматы қаласында ADAL партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер Алина Асқарова, Ақмарал Бекмұрзаева, Олжас Ордабаев, Нұрлыбек Малелов, Мақ­сат Толықбай, Дәулет Мұқаев, Ләззат Шың­ғыс­баева, сондай-ақ партия өкілі Нұрлыбек Мұқановтар тұрғындармен кездесті.

ADAL саяси партиясының кеңсесінде Ал­маты қаласының белсенді жастары мен Абай атындағы ҚазҰПУ оқыту­шы­лары­мен, студенттерімен онлайн-жиын ұйым­дас­тырылды. Іс-шараға спикерлер ретінде Алина Асқарова, Ақмарал Бек­мұр­заева және Олжас Ордабаев қатысты. Кез­десуге қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпарат алып, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Іс-шара барысында Олжас Ордабаев білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын көтерудің маңызына тоқталды.

«Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап, мұғалімдердің жала­қысын арттыру мәселесі өте өзекті күйінде тұр. Біз білім берудің барлық деңгейлерінде мұға­лімдердің жалақысын арттыру мүмкін­діктері бойынша жұмыс істеуді жалғас­ты­рамыз», деді Олжас Ордабаев.

Депутаттыққа кандидат Нұрлыбек Мале­лов пен партия өкілі Нұрлыбек Мұқанов оқу орнының оқытушылары және студенттерімен кездесті. Жиын барысында қатысушылар партияның білім беру жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстарын да жоғары бағалады.

Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары мегаполистің ірі базарлары мен сауда нүк­телерінде жалғасты. Депутаттыққа кандидат­тар Мақсат Толықбай, Дәулет Мұқаев және Ләззат Шыңғысбаева шағын бизнес өкіл­дерімен кездесті.

Базар қызметкерлері ADAL партиясының мақсаттары мен міндеттері туралы ақпаратты тыңдады. Қызу пікірталастар жұмыспен қамту және медициналық сақтандыру мәсе­лелерінен туындады. Кездесулер бары­сында тұрғындар партияның елдегі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұсыныстарын қолдайтындарын жеткізді.

«Іс жүзінде сіздер жұмыс орнынан шыға алмайсыздар. Сондықтан сіздердің шетте қалмауларыңыз үшін, осы саяси науқанға белсенді қатысуларыңыз үшін біз арнайы осында кездесу ұйымдастырып отырмыз», деді Ләззат Шыңғысбаева.

Жұмыс күнінің соңында кандидаттар ADAL партиясының төрағасы Серік Сұлтанғалимен кездесті. Кандидаттар партия төрағасына аймақтардағы үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелері туралы айтып берді. Сонымен қатар олар қалалар мен ауылдар тұрғындарын мазалайтын, ең көп кездескен проблемаларды жеткізді.

«Өте ауқымды, маңызды және қажетті жұмыс атқарылды, көптеген мәлі­мет­, ті­лек пен ұсыныс жиналды. Мен әрқай­­сы­ңызға осындай қиын сәтте бел­сен­ділік пен жұмысты адал орында­ғаныңыз үшін ал­ғыс айтамын. Өздеріңізге және денсау­лық­­тар­ыңызға мұқият бо­лы­ңыздар, менің ойым­­­ша, бұл бүгінгі күннің ең маңызды басым­­дығы екендігі бар­шаға түсінікті. Барл­ы­ғы­ңызға үміттеріңізді жоғалтпауға және біз­дің ортақ мақсатымызға табан­дылық­­пен ұм­тылуларыңызға тілектеспін. Халық біз­ге сенеді, сондықтан оларға адал болып, уә­де­ле­рімізді орындайық», деді Серік Сұлтанғали.