Осыдан бірер апта бұрын ғана Сарыбастау ауылында 90 орынды бөбекжай балабақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілсе, енді, міне, бес мың халқы бар Сарыжаз ауылында 140 орынды «Күншуақ» бөбекжай балабақшасы күрделі жөндеуден кейін іске қосылды.
Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барған аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов биылдың өзінде аудан орталығын айтпағанда, елді мекендерде бірқатар нысандар іске қосылғанын атап өтті. Мәселен, М.Мақатаев, Қ.Шорманов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілген, Қақпақ, Жамбыл ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілген. «Бүгін, міне, Сарыжаз ауылында қараусыз бос тұрған бұрынғы балабақша жаңа заманға сай қайта жаңғыртылып, бөбекжай балабақшасы ретінде ашылып отыр», деген аудан басшысы тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
Сонымен қатар осы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, жұмысты сапалы атқарған «Еңбек» ЖШС-нің директоры Әбілдаев Құрбан Тәліпханұлы бастаған құрылысшылар қауымының атына жүрекжарды алғысын айтты.
Салтанатты сәтте аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев, аудандық «Қамқор-2» кәсіподағының төрағасы Ұлықпан Әбеков, «Еңбек» ЖШС-нің директоры Құрбан Әбілдаев сөз алып, ауыл тұрғындарына жылы лебіздерін жеткізді.
Жалпы «Күншуақ» бөбекжай балабақшасында 6 топта 140 балапан мектепалды тәлім-тәрбие алатын болады. Ғимараттың күрделі жөндеуіне бюджеттен бюджеттен 277 миллион теңге қаражат бөлінген.
Еске салсақ, осыдан екі жарым жыл бұрын Елбасының Жарлығымен қайта құрылған Райымбек ауданы қазір өркендеу үстінде. Ауданды дамыту үшін бюджеттен 18 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Биылғы жылдың өзінде ғана құрылыс жұмыстарына 8 млрд. теңгедей қарастырылды, соның 3 млрд теңгесі «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бөлінді.