Аймақтар • 01 Қаңтар, 2021

Жаңа жылға – жаңартылған вокзал

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжар тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенелді. Салынғанына жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де күрделі жөндеу көрмеген ескі вокзал қайта жаңғыртылып, осы заманға лайық көрініспен жаңадан ашылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтары ХХІ ғасырға лайықты жаңа вокзалдың қызметін пайдаланатын болады.

Жаңа жылға – жаңартылған вокзал

Халық арасында «аквариум» деген атақ алған шыныдан қапталған ескі вокзалдың сыртқы сәні келісті болғанымен іші жолаушыларға тым қолайсыз еді. Одан екінші, үшінші және төртінші темір жол перрондарына шығу үшін вокзалдың ішімен үш қабатты үйдің биіктігіне кө­те­рілуге тура келетін. Вокзалдың екі қанатындағы басқыштардың тар­лығы сондай, онда қарсы жолыққан екі адам жүктерімен зорға сыйысып өтетін. Бұл «қап таситын» қиын заманның уақытында жолаушыларға тіпті қиын тиді. Шаршап, шалдыққан халықтың ащы дауыстары да жиі шығып жататын. Ал перрондарға түсу үшін жоғарыдан темір баспалдақтармен құлдилауға тура келетін. Қыстың қатты аяздарында темір тағандарға мұз қатып, олар барынша тайғанақ болатын еді. Одан тайып, талай адам жарақат та алған.

Енді соның бәрі артта қалып, Қызылжарда мүлде жаңа вокзал ашылып отыр. Ондағы күту залындағы орындар бұрынғы 300-ден екі есе артып, 600-ге дейін арттырылған. Залдың өзі де бұрынғыдан 800 шаршы метрге кеңейтілген. Жолаушылардың жүктерімен жоғары көтерілуіне ыңғайлы болу үшін лифтілер мен эскалаторлар орнатылған.

Вокзалды қайта жарақтау міндетін Ресейдің Темір жол компаниясы (РЖД) өз міндетіне алған. Өйткені, бұл жердегі темір жол 1992 жылғы екіжақты келісім бойынша Ресей Федерациясының меншігіне берілген. Сондықтан «Петропавловск стансасы» деп аталатын вокзал да солардың меншігінде.

Осы вокзалды қайта жарақтауға Қазақстанның жергілікті билігі осыдан үш жыл бұрын РЖД компаниясымен келіссөздер жүргізген еді. Содан бері компания құрылыс жұмыстарын жүргізіп, вокзалды қайтадан жарақтап шықты. Ал Қазақстан тарапы вокзалдың алдын қайта жаңғыртып, келген қонақтар көз алмайтындай ғажап сәулет жасады.

Міне, жаңа деп айтуға толық негізі бар вокзал ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Ал Ресей тарапынан РЖД өкілі, Оңтүстік-Орал темір жол (ООТЖ) басқармасының бастығы Анатолий Храмцов болды. Өз сөзінде облыс әкімі Қ.Ақсақалов: «Ресей мен Қазақстан арасындағы тығыз ынтымақтастық арқылы «Ресей теміржолдары» компаниясы ауқымды қайта құруды жүзеге асырды. Бүгін бірлескен жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Бұл вокзалдың 1966 жылы салынғаннан бергі жарты ғасырдағы алғашқы түбегейлі қайта жөнделуі. Ескі вокзалдан тек қабырғалар ғана қалды. Жаңғыртылу барысында барынша жетілдірілген технология­лар қолданылды. Енді үлкен сөмкелермен баспалдақпен кө­терілудің қажеті жоқ. Қазір біздің еліміздегі ең көне вок­зал­дардың бірі ең әдемісіне айналды. Қазақстандағы ең әдемі темір жол вокзалдарының бірі бізде орналасқанына бәріміз де қуаныштымыз», деді.

Вокзалды жаңғыртуға ООТЖ 3 млрд теңгедей қаражат құйды. Онда жолаушыларға барлық жағдай жасал­ған. Заманауи сақтау камералары мен электрон­ды кезек те орнатылған. Сөй­тіп жаңа, 2021 жыл солтүс­тік­қазақ­стандықтар үшін жаңа вокзалмен басталды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы