20 Сәуір, 2010

ӘБЖАЙ ЕРЛІГІ

632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Араға жылдар түскен сайын Ұлы Отан соғысының сұрапыл оқиғасы алыстап барады. Бірақ Жеңіс күні қарсаңында оның жаңғырығы жалпақ елді аралап шыққандай, салдарын еске салып қайта жақындата түседі. Осыған орай еліміздің қай түкпірін алмайық соғыс зардабын тартпаған, салқынын сезінбеген бірде бір шаңырақ жоқ екендігі, онда әрбір қазақстандықтың жан аямай соғысқандығы, жеңіс үшін тер төгіп еңбек еткендігі және бұл ерліктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тарих­та қалғандығы одан әрі айқындала береді. Жерлестеріміздің ел басына күн туғанда бір кісідей атқа қонып, қан майданда өзге де ұлт өкілдері­мен қатар бір тудың астында жұды­рықтай түйіліп жауға батыл соққы бергені ешуақытта ұмытылмайды. Әрине, батыр атағына парапар іс жасаған соң оның лайықты бағасы­на кенеліп, мадақталғаны жанға қуат береді. Бірақ, өмірде бәрі бола­ды дегендей, лайықты жасал­ған істің жақсылығын артында қалған ұрпақтарының мәңгілік сезініп жүруінен артық құрмет бар ма екен. 1944 жылы Белоруссия жау қолынан азат етілді. Бұл соғыста талай адам ер­лігі­мен көзге түсті. Сонда тоғы­зыншы гвардия­лық кавалериялық Кубан дивизия­сының 151-ші танк полкінің бас­шылығы нағыз жан­қиярлық ерлік көрсеткен бірнеше жауынгерді Кеңес Одағының баты­ры атағына лайық деп ұсыныс әзір­лей­ді. Олар­дың арасында сонау 1937 жылы Батыс Қазақстан об­лысы, Казталов ауданынан Қы­зыл Армия қатарына шақырылған Әбжай Сәлиевтің де есімі болатын. Ол сонау өткен ғасырдың оты­зын­шы жылдары бар болғаны он жеті жасында-ақ сол кездегі ғажа­йып техника болып табылатын трактор жүргізуді, жөндеуді бес саусақтай меңгереді. Соның септігі тиді ме, майданға келісімен Горкий қаласындағы танк училищесін қысқа мерзімде оқып шығады. Содан танк командирі ретінде сауытты техниканың шынжыр таба­нымен Белоруссия, Украина, Батыс Еуропа жерлерін басып өтіп, көптеген елдің халқын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге өз үлесін қосады. Соғыс жылдарындағы кеңестік танкішілердің Праганы азат етуде кескілескен айқастардағы ерекше ерліктері туралы талай жазылды. Көркем фильмдер де түсірілді. Сол жазбаларда Әбжай Сәлиевтің де есімі бар екен. Бірде ол басқарған танк оқыстан отқа оранып, жүріс­тен шығады. Содан қан майданның қақ ортасында жаяу қалған экипаж мүшелері бораған оқтың арасымен өтіп, дамылдап тұрған немістің “Пантерін” басып алады. Әлгінің сауытына “100” деген цифрды жаза­ды да, кері бұрады. Одан әрі қаптаған жауды өз танкісімен таптай жөнеледі. Ал Венгрияның Дьюда-Кетедь­ха ауданында Әбжай экипажы жаудың қорғанысын бұзып өтеді. Содан олардың желке тұсынан күйрете соқ­қы береді. Мұндайды күтпеген жау қоршауда қалған екенбіз деп ара­ларында үрей туады. Әркім өз алды­на құтылуға тырыса­ды. Міне, сол сәтті тиімді пайдалана білген Сәлиев 15 арбаны, тіркемесі бар 3 көлікті және 30 аса фашистік сарбаздар мен сардарлардың көзін жояды. Жалпы, Әбжан Сәлиевтің техни­ка тілін жетік меңгергені, танкті басқара білудегі шеберлігі, батыл­дығы мен тосын шешімге келуі оның экипаж мүшелерінің талай қиындықта жол табуына көмегін тигізеді. 1944 жылы Слуцк қаласы үшін ұрыста Әбжай танкі жау қап­талына шығып оқыстан ат ойна­тып, әлек салады. Сасқан жау не істерін білмей аңтарылады. Осы сәтті алдын ала көздеген Әбжай танкі Случ өзенін бірінші болып ке­сіп өтеді. Сосын негізгі күш ке­ліп жеткенше өткелді экипаж мү­ше­лері қасық қандары қалғанша ұстап тұрады. Бұл сол кезде нағыз көзсіз ерлік еді. Ал енді бірде Мир қаласына өту мүмкін болмайды. Стобцы бекетіндегі темір жол бойын қорғанға айналдырған жау тұмсық сұқтырар емес. Жаяу әскер түгілі сауытты техникалар да қор­ған­­ды бұза алмайды. Міне, осы кезде Әбжай бір Аллаға сыйынып, тас түйін бекінеді де өзінің танкісі­мен жарылғыш снарядтар тиелген вагонды келіп түйеді. Орасан жары­лыс айналаны қопарып, бар дүниені төңкеріп тастайды. Жаудың жарымы жер жастанады. Кеңестік әскерге жол ашылады. Сөйтіп, танк бөлімшесінің ко­ман­­дирі Әбжай Сәлиевтің соғыс­та көрсеткен ерлігі ерекше бағала­на­ды. Сондықтан оны басшылық жоға­ры атақ – Кеңес Одағының батыры атағына ұсынады. Бірақ, өмірде бәрі болады деп жоғарыда айтқанымыздай, ұсыныс Мәскеуге дейін жетпейді, ұшақ оққа ұшып, бар құжат жанып кетеді. Әйтсе де, ол марапаттан ада қалмайды. Жауын­­герлік Қызыл Ту, “Қызыл Жұл­дыз”, “І дәрежелі Отан соғы­сы” ордендерімен, медалдар­мен және Жоғары Бас қолбасшы­ның 16 алғысымен марапатталады. Оның ерлігін ел ешқашан ұмытпайды. Александр ТАСБОЛАТОВ. ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ ҮНДЕСТІГІ Жеңістің мерейлі мерекесі жақындаған сайын жер-жерде аға ұрпақтың батырлығы мен батылдығы жайлы әңгіме қыза түсуде. Осындай тәрбиелік мәнімен есте қалатын “Ұлы Жеңістің ұлағатты ұрпағы” деп аталған жастар акциясы Талдықорғанда жалғасты. Қала әкімдігі мен “Современное образование” қоғам­дық қоры, Алматыдан келген жоғары және орта білім беретін оқу орындарының студенттері қатысқан акция Жеңістің 65 жылдығы мен жауынгерлердің ерлігінен мол мағлұмат беруімен ерекшеленіп, көпші­лік назарын аударды. Орталық алаңға қалалық мектептердегі жоғарғы сынып оқушылары жиналып, болашақ мамандықтары бойынша ақпарат беретін арнайы көрмені тамашаласа, ондағы фотосуреттер қызықты студенттік өмірден сыр шертті. Жастарға буклеттер мен шағын анықтама­лық­тар таратылып, ерекше белсенділік танытқан оқушы­лар әдеби кітаптармен марапатталды. Қоғамның белсенді күші – ұлағатты ұрпақ. Демек, олардың Ұлы Жеңістің өткен тарихы мен бүгінгі бейбіт өмір арасындағы байланыс жайлы жан-жақты білуі шарт. Кездесуде осы мәселелер де назарға алынды. Сонымен қатар жастардың жұмысқа орналасуы ескеріліп, Талдықорған қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері жастар үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Басқа мамандықты меңгергісі келгендерге тегін оқытатын кәсіп түрлері ұсынылды. Жастарға деген қамқорлық мұнымен шектелген жоқ. Облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының өкілдері қаладағы сауықтыру орындарын пайдаланып, спортпен және дене шынықтырумен айналысуға үндеді. Осылайша Алматы мен Талды­қорған қаласының жастары бір-бірімен жақын таны­сып, келелі кеңес құруға мүмкіндік туды. Кеш бары­сында студенттер мен жастар концерттік бағдарлама­лары­мен көпшілікті қуантты. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.