Сайлау • 06 Қаңтар, 2021

Халықаралық байқаушыларды тіркеу аяқталды

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) халық­аралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеуді аяқтады.

Халықаралық байқаушыларды тіркеу аяқталды

10 қаңтарға та­ғай­ындалған кезекті Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депу­таттарының сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу мәселесі бойынша ОСК отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орта­лық сайлау комис­сия­сының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады. Ол 2020 жылғы 29 желтоқсан мен 2021 жылғы 4 қаңтар ара­лығындағы кезеңде Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге қосымша 4 халықаралық ұйым мен 7 шет мемлекеттен 24 байқаушының кандидатурасы ұсынылғанын хабарлады.

Отырыста ОСК төрағасы Берік Имашев халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы мәселе комиссияның 7 отырысында қаралғанын атап өтті. Сайлау туралы заңға сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу дауыс беру күніне бес күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни 4 қаңтар сағат 18.00-де аяқталды. Осылайша, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына барлығы 398 байқаушы аккредиттелді, оның ішінде 10 халықаралық ұйымнан – 322 байқаушы бар: ТМД Парламентаралық Ассамблеясы – 48, ТМД Атқарушы комитеті – 179, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы – 4, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы – 42, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы – 9, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – 15, Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесі – 7, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Парламенттік Ассамблеясы – 7, түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы – 9, ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі – 2. Ал 31 шет мемлекеттен 76 байқаушы тіркелді: Иордания, Қырғызстан, Мальдив, Молдова, Түркия, Әзербайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан, Филиппин, Мажарстан, Испания, Норвегия, Франция, Швейцария, Польша, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бельгия, Палестина, Ұлыбритания, Моңғолия, Швеция, Канада, Финляндия.