Аймақтар • 06 Қаңтар, 2021

Сенаторлар экологиялық жобалардың орындалуын қадағалады

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов  Атырау облысында сапарлап жүр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар экологиялық жобалардың орындалуын қадағалады

Сапар барысында сенаторлар Атырау мұнай өңдеу зауытында болды. Олар зауыттың өндірістік қызметімен, жоспарлы жөндеу нәтижелерімен, «Tazalyq» жобасымен және өзге де бизнес-жобаларымен танысты.

Депутаттар зауыт жұмысшыларымен кездесіп, олардың әлеуметтік қамтылу мәселелерімен танысты.

Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов Атырау қаласындағы кәріздік сулардың булану алаңының жұмыстарымен де танысты.

Бұған дейін Атырау облысы әкімдігі мен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС арасында Атырау қаласының сол жағалауындағы «Сасықсай» булану алқабын қалпына келтіру жөніндегі меморандумға қол қойылып, нақты жұмыстар мен олардың орындалу мерзімі көрсетілген «Жол картасы» бекітілген болатын.

Зауыт 2022 жылдың аяғына дейін 860 гектар жерді қалпына келтіреді. Сенаторлар ұйымдастыру жұмыстары жөнінде тиісті лауазым иелерімен пікірлесті. Депутаттар бұл жобаның экологиялық маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар олар кәріздік тазарту жүйесінің құрылым жұмысымен де танысып қайтты.

Сондай-ақ сенаторлар Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданы мен «Талқайраң» елді мекеніндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысының алаңында болды. Талқайраң ауылы маңынан бой көтеретін жаңа ықшам аудандарда 25 мыңнан аса пәтерлі 430 тұрғын үй салу жоспарланған.

Сапар барысында сенаторлар Исатай ауданында да болды. Ауданға қарасты Қызылүй елдімекеніне газ тарту мәселесі туындап отыр. Ауылда 150-ге жуық адам тұрады. Әлеуметтік қиындықтарға қарамастан, ауыл тұрғындары туған жерлерін тастап көшкісі келмейді. Сенат депутаттары бұл жағдаймен бұрыннан таныс екендігін айтты және елді мекенге газ тарту мүмкіндігін қарастыруға уәде берді.