Қоғам • 06 Қаңтар, 2021

Бақытжан Жұмағұлов: Келісті ой – кесімді сөз

1136 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенатор,  ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бақытжан Жұмағұлов: Келісті ой – кесімді сөз

Президент Қ.К.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы  көпті алаңдатқан мәселенің нүктесін қойды.

Ең алдымен, мақала өрелігімен, тереңдігімен қымбат. Егемен еліміздің отыз жылдық сындарлы да, сынақты жолдарына терең талдау жасалады.

Тәуелсіз еліміздің әрбір он жылын ғасырдан да жоғары қояды.

Шыны солай. Мақаланы оқыған соң көзден де, көңілден де кетпейтін сол жылдарды көз алдымызға әкелгеніміз бекер болмаса керек.

Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы он жылы Кеңестер Одағының құлазыған экономикасынан қалған қиыншылықтарды жоюға арналды.

Тәуелсіз, егемен еліміздің мемлекеттік құрылымы жасалынды. Президенттік басқару жүйесі орнықты.  Мемлекеттік рәміздеріміз – Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бекітілді.

Көп векторлы сыртқы саясат қалыптасты. Шекарамызды шегендеу процесі басталды.

Ата Заңымыз қабылданды. Ұлттық валютамыз – теңге айналымға түсті.

Күні кеше Кеңес Одағының  құрамдас бөлігі болған Қазақстан енді әлемдік өркениет жолына бағыт алды.

Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты орнықты. Әлем елдерімен дипломатиялық қатынас орнатылды. Бұл онжылдық қиын болса, да ұлттың басын біріктірген, жаңа заманауи құндылықтар әкелген, жаңа өрлеу дәуірінің баспалдағын ашты.

Осылай,  еліміздің стратегиялық «Қазақстан – 2030» бағдарламасы қабылданды. Бұл - болашаққа бағдар болған батыл қадам еді.

Демократиялық құндылықтар орнықты. Шынайы сөз бостандығына қол жеткізілді. Жекеменшік БАҚ қалыптасты, әлеуметтік желілер орнықты. Ақпарат алудың ауқымы өсті.

Білім мен ғылымға кең жол ашылды «Болашақ» халықаралық бағдарламасы қабылданды. Еліміздің дарынды ұл-қыздары әлемнің таңдаулы оқу орындарына жіберілді.

Экономикалық табыстарға қол жеткізілді. Ұлттық қор құрылды. Қолдан жасалған Кеңестік дәуірдегі ашаршылық, қызыл қырғынның салдарынан тоз-тоз болып шет аймаққа кеткен қандастарымыздың көші қайта өз еліне бұрылды.

Мемлекетімізге шетелден мол инвестиция келді. Еліміздің экономикасы, мәдени-рухани әлеуеті өсті.

Мемлекет басшысы келесі онжылдықты «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» деп орынды атаған екен. Жүрекке қонымды, дәл айтылған сөз.

Бұл онжылдық мемлекеттің нығайған кезеңіне айналды.

Қазақстан Ресеймен, Өзбекстанмен, Қытай Халық Республикасымен, Қырғыз елімен шекараны айқындап алды. Делимитация мен демаркация жасау процесі басталды.

Президент жазғандай, ежелгі Сарыарқада, әсем Есілдің жағасында айшықты Елорда салынды. Алғашқы кезде әртүрлі пікірлер айтылғаны да жасырын емес. Бірақ, Астана ешқашан шекараға жақын орналаспайды. Сондықтан Еуразияның кіндігі – Ақмола қаласының жаңа астанаға лайықты болуы, көрегендік пен стратегиялық таңдау болатын. Мұны қазір бәрі мойындады.

Осы жылдары Қазақстан іргелі саяси бастамалардың ұйытқысы болды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы Өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңестерінің саммиттері өткізілді.

Руханият саласында да ұлттың ұйытқысы болған іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы  жарияланды. Көптеген тарихи жәдігерлеріміз елімізге әкелінді. Осы бағдарлама аясында 100-томдық «Бабалар сөзі» жарық көрді.

Тәуелсіздіктік үшінші кезеңі Қазақстанның әлемдік саясатта өзінің тұрақты орны мен ұстанымы бар мемлекетке айналғанын көрсетті. Және Президент атап өткендей «Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек артық айтқандық емес».  Ақиқат сөз. Шындықтың аты шындық.

Жаңа заман – жаңа танымды, зерделеуді қажет етеді. Енді «әділетті мемлекет орнату миссиясы» ұлтқа сын болып отыр. Бұл сыннан халқымыз сүрінбей өтетініне сенеміз.

Ел байлығы - жерде, жер байлығы – елге. Президент мақаласынан осындай ой түйдік.

Тарих терең танымды, зерделеуді қажет етеді. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі, қазақ жері теріс пиғылды адамдардың көз сұғына айналғаны да жасырын емес.

Президент сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» замандардан бері ұлтымыздың небір нәубетті көргенін ашық жазады, ашып жазады.

Қ.К.Тоқаевтың «Бостандық бізге оңай келген жоқ» деген сөзі ұлт жүрегіне жетті ғой деп ойлаймын. Әсіресе, 1921-22 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтсе де, осы зұлматтың шындығы әлі күнге тарихи, саяси тұрғыда бағаланбағанына назар аудартады. Президент мұны «ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен» шешу керектігін дұрыс деп біледі.

Кеңестер Одағының ыдырауына себеп болған тағы бір айтулы күн бар. Ол – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Шын мәнінде студент-жастардың көтерілісі патриоттық сана сезімнен тұған еді. Сол «Желтоқсан оқиғасы»  делінген күндерде мен де қудаланған ұстаздардың бірі ретінде, тарихи шындық  қалпына келтірілуі керек қой деп ойлаймын.

«Қазақстан – біртұтас мемлекет». Мақаладан осыған жауап табасың. «... кім не айтса да, біздің екі жақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім таласа алмайды.»

Президент сөзі мығым, нақты, әрі берік. Мемлекет Басшысы жазғандай «ұлттық мүддені, аспен де, таспен де» қорғаймыз.

Осындай қастерлі, уәлі сөз жүрекке жетіп жатыр, халық сенімін нығайтып отыр.

Мақалада айтылған барлық ой-тұжырымдарға байланысты Үкімет тиісті іс-шаралар қабылдауы қажет деп ойлаймын. Қоғам да осы мәселелерді шешуде белсенділік танытатынына сенемін. Осылай «еститін мемлекет» нығайа түседі, халықтың өзі де оң өзгерістердің алдыңғы сапында болатынына шек келтірмеймін.

Ел мен жер! Егіз ұғым. «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды».

Президент айтқан келісті ой – кесімді сөз осы, ағайын!

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

сенатор, ҰҒА академигі