Қоғам • 06 Қаңтар, 2021

Ләззат Сүлеймен: Күрделі мәселелерді еңсеру жолдарын айқындаған мақала

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ләззат Сүлеймен: Күрделі мәселелерді еңсеру жолдарын айқындаған мақала

Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болған күннен бастап салиқалы, ашық саясат жүргізіп келеді. "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласымен де Мемлекет басшысы күрмеуі қиын мәселелерді еңсеру жолдары туралы батыл ойларымен бөлісіп отыр деп есептеймін.

Алғашқы назар аударғаным - жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізудің маңыздылығы туралы пікірі. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы, мемлекетімізді сақтау үшін біз жетістіктерімізді бағалай алатын, кемшіліктерімізге тура қарап, түзетудің жолдарын пайымдауға қабілетті қоғам болуымыз шарт.

Екіншіден, азаматтарымыздың экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан қайыр жоқ,- деп тікелей айтуы. Бұл бағытта қоғам күткендей шешімдер қабылдау маңызды. Ал нақты атқарылып жатқан істер де аз емес. Мысалы, елмен кездесулерде мұғалімдер отбасының қазіргі уақытта 600 мыңнан астам жалақы алатынын айтқанда, олармен бірге қуандық.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылығымен табысты өткен үш онжылдықтың берекесін бекемдеп, төртінші онжылдықта қуатты ел, жетілген ұлт болуды Қ.Тоқаев басты мақсат - ұлттық идея деңгейіне көтеріп отыр деп түсінемін. Мемлекет басшысы ол үшін саяси және экономикалық реформалар мен сананы жаңғырту үдерісін жалғастыру, ұлттың заманауи талаптарға бейімделген жаңа бірегейлігін қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Ал бұл биікке қазақстандықтардың, мемлекеттің, қоғамның бірлескен іс-қимылының нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Мемлекет басшысының - елді сүю, жерді сақтау, қазақтың тілінде сөйлеу және әр азаматтың елдің дамуы мен өркендеуіне ат салысуы турасында айтқаны - тағдыршешті маңызға ие.

Президенттің мемлекеттік тілді білу туралы ой-пікірінің орындалуының басты жолы "қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуі". Оны әр азамат өз жауапкершілігіне алмай, нәтиженің болуы екіталай екенін уақыт та көрсетті. Мұны қазақ елі азаматтарының түсінетін уақыты баяғыда жетті деп санаймын. Әрқайсымыз өз отбасымызда, өз балаларымызбен, ағайын-туыс, көрші-қолаң, бауырларымызбен қазақша сөйлесу жауапкершілігін өз мойынымызға алуымыз керек, ешкімді айыптамай, достық көңілмен айтылған ауызекі әңгіменің өзі алға ілгерілеушілік болар еді.

Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаевтың мақсаты - халық үніне құлақ асатын мемлекет, әділетті, зайырлы қоғам құру. Бұл біздің қоғамның да ортақ мақсатына айналуға тиіс.