Қоғам • 06 Қаңтар, 2021

Сенаторлар Алматыдағы перинатологиялық орталықта болды

81 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат вице-спикері Нұрлан Әбдіров және депутаттар Динар Нөкетаева, Сұлтанбек Мәкежанов, Нұртөре Жүсіп, Сұлтан Дүйсембинов Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар Алматыдағы перинатологиялық орталықта болды

Сенаторлар Орталық дәрігерлерімен кездесу барысында медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін аурухананы жабдықтау мәселелерін талқылады. Одан бөлек, маман тапшылығы, дәрігер-неантолог, балалар аритмологы сияқты мамандықтарды таңдайтын болашақ дәрігерлерді ынталандыру мәселелері де сөз болды.

«Осы жылдың басынан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен көбейтіледі. Бұған дейін Мемлекет басшысы дәрігерлер мен санитария-эпидемиология саласы қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылғы дейін экономикадағы орташа жалақыдан 2 еседен жоғары деңгейге кезең-кезеңмен өсіруді тапсырды», – деді Нұрлан Әбдіров.

Сонымен қатар Сенат депутаттары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде болды. Ол жерде сенаторлар аграрлық сала мамандарымен бірге ауылшаруашылық өндірісіне ІТ-технологияны енгізу және өндірісте ғылыми инновацияны қолдану мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығы үшін білікті мамандар даярлау ісін дамыту бойынша Президент анықтап берген міндетті іске асыру жайын сөз етті.

«Сенат ауылдық жерлерді, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған парламенттік тыңдау өткізді. Соның барысында біз ауылдарды және ол жерде бизнесті дамыту мәселелерін талқыладық. Тыңдау қорытындысы бойынша Үкіметке, салалық министрліктерге және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына тиісті ұсынымдар жолданды. Аграрлық салаға қатысты бүгін айтылған мәселелерді де біз алдағы жұмысымызда ескеретін боламыз», – деді Палата вице-спикері.

Сапар аясында сенаторлар Нидерландының Вагенинген университетімен жұмыс жөніндегі институттың және Францияның Монпелье университетімен бірлескен Сүт және сүт өнімдерінің референттік зертханасының ашылу рәсіміне қатысты. Мұндай инновациялық орталықтар отандық мамандар даярлау ісіне және ғылыми жобаларды нәтижелі жүргізуге тың серпін береді.

Нысандарды аралау барысында Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров агроөнеркәсіптік кешеннің түрлі бағыттары бойынша 49 зерттеу зертханасының және еліміздің агросекторына енгізіліп жатқан 18 халықаралық жобаның жұмысымен де танысты.