Қытай өзінде пайда болған коронавирус індетімен лайықты деңгейде күресіп, вирустың өршуін жылдам бақылауға алып, қатаң локдаун мен темірдей тәртіптің нәтижесінде жағдайды тез арада реттей алды. Сөйтіп, ел экономикасы аса ауыр соққыдан аман қалғандай. Ал жыл қорытындысы бойынша Қытай экономикалық құлдырауға ұшырамай, керісінше 2 пайыздық өсім көрсеткен. Бұл ретте АҚШ экономикасы ауыр өзгерістердің қыспағында қалды. Құрама штаттардағы эпидемиялық ахуал да көңіл қуантарлық деңгейде емес.
CEBR болжамынша, Америка экономикасы 2022-2024 жылдары 1,9 пайызға дейін өсім көрсетіп, сосын қайтадан 1,6 пайызға дейін құлдырап кетеді. Ал Қытай экономикасы 2025 жылға дейін жыл сайын 5,7 пайыздық өсім межесін ұстап тұруға қауқарлы. Содан кейін барып 2026-2030 жылдар аралығында 4,5 пайызға қайта төмендеуі мүмкін. Баяндамада келтірілген дерек бойынша 2000 жылы Қытайдың әлемдік экономикадағы үлесі 3,6 пайыз болса, аталған көрсеткіш 2020 жылы 17,8 пайызға дейін жеткен. Енді олар бұл көрсеткішті ұдайы өсіре түсуге және әлемдік көшбасшылық тізгінді ұстауға үмітті болып отыр.
«2020 жылы әлемдік ІЖӨ-дегі АҚШ-тың үлесі 24,6-дан 25,0 пайызға дейін өсті. Ақша-несие саясаты есебінен және ірі салықтық жеңілдіктер арқылы экономикалық шығындар өтеліп отырды. Алайда саяси көзқарастардың үйлеспеуі салдарынан жаңа жыл қарсаңында 14 млн америкалық жұмыссыз және жәрдемақысыз қалды. АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық бәсекелестік және жұмсақ күштердің күресі ертеден әлемдік экономиканың басты ерекшелігі болып келеді. Дегенмен Covid-19 және оның экономикалық салдары тепе-теңдікті Қытайдың пайдасына қарай өзгерткені рас» делінген CEBR баяндамасында.
Орталықтың болжауынша, 2021 жылы АҚШ-тағы ІЖӨ көрсеткіші жан басына шаққанда (қазіргі баға бойынша) 22,118 млрд доллардан келеді. 2025 жылы – 25,621, 2030 жылы – 30,466, 2035 жылы – 36,233 млрд доллар болмақ.
Қытай болса, алпауыт елдер арасында Жапония, Германия, Ұлыбритания, Үндістан, Франция секілді державалардың өзін артқа тастап тұр. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин былтыр қараша айында «2035 жылға таман ел экономикасы екі есе табысқа кенеледі» деп мәлімдеген болатын. 2020 жылы халық саны 1 439,3 млн адамға жеткен алпауыт елдің экономикалық тұрғыда мықты болмасқа шарасы да жоқ секілді. Бұл дегеніңіз әлем халқының 18,5 пайызы.
«Қытай өзінің 14-ші бесжылдық жоспарын бастайды (2021 – 2025). Си мырза сыртқы және ішкі сұраныстармен қатар жұмыс істегісі келеді. Бұл АҚШ-пен және Қытайдың сауда позициясына әсер ете алатын өзге елдермен сауда дау-дамайына әсерін тигізеді. Олар Қытайға сыртқы сұранысты азайтып тастасақ, олар (Қытай – ред.) ішкі сұраныстың өсуіне тәуелді болып қалады деп есептейді. Қытай 2025 жылы 14-ші бесжылдықтың аяқталар сәтінде жоғары деңгейлі табысты ел атанғысы келеді» делінген сараптамада.
CEBR Қытайды 2030 жылдан бастап әлемдік экономикалық рейтингтегі 1-орынға толығымен шығады деп болжайды. Бұл ретте 2030 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші 33,718 млрд долларды құраса, көрсеткіш 2035 жылы 49,108 млрд долларға бір-ақ көтерілмек.
The Wall Street Journal жазуынша, 2020 жылы Қытайдың қор нарығы 27 пайызға өсіп, пандемияға қарамастан көпжылдық максимумға қол жеткізген. Қазірдің өзінде шетелдік инвесторлар қытайлық компания акцияларын сатып алуға дәмеленіп отырған көрінеді. Елдің індеттен кейін жылдам еңсе тіктеуі, IPO сериялары және қытайлық компания акциялары бағасының өсуі жиынтық капиталдың 16,7 трлн долларға (4,9 трлн долларға өсіп) жетуіне әсер еткен. Өсім динамикасы бойынша қытайлық компаниялар америкалық бәсекелестерінен 21 пайыз алға кеткен.
Экономикалық және іскерлік зерттеу орталығының болжамынан, әрине, Қазақстан да тыс қалмаған. Баяндамада соңғы төрт жылда Қазақстанның қоршаған орта мәселелерін реттеу тұрғысынан бәсекеге қабілетті бола түскенін және 2020 жылы бизнесті жүргізу бойынша дүниежүзілік банк рейтингінде 25-орынға ие болғаны айтылады.
«Қазақстан өзге елдер секілді Covid-19 әсерінен туындаған экономикалық және әлеуметтік ауыр қиындықтарға тап болды. 2020 жылы Қазақстан экономикасы 2,7 пайызға қысқарды. ІЖӨ-дегі мемлекеттік қарыздың үлесі 2020 жылы 23,4 пайызға дейін өскеніне қарамастан, мемлекеттік қаржылық жағдайы қалыпты» делінеді зерттеуде.
CEBR болжауынша, 2021-2025 жылдар аралығында ІЖӨ-нің жылдық өсімі орташа 3,9 пайызды құрайды. Экономикалық өсім де жоғарылайды. Соның нәтижесінде Қазақстан қазіргі 54-орыннан 2035 жылы 48-орынға көтерілмек.