Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Одақ құрамындағы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан мемлекеттерінің дәл осындай келісім жасауды жоспарлап отырғаны туралы әңгіменің басталғанына да біраз уақыт болды. Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми мәліметіне сүйенсек, құжат «ЕАЭО шеңберінде несие тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісім жобасы» деп аталады. Келісім жобасына қатысты жұмыстар 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шарттың 70-бабына сәйкес жүргізілуде. Яғни тиісті жұмыстар ЕАЭО-ға ортақ қаржы нарығын қалыптастыру бағыты шеңберінде жүргізіліп жатыр.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, несие тарихын өзара алмасудың артықшылығы көп.
– Бұл ең алдымен несие алаяқтарының аяғына тұсау салады. Мысал келтірейік. Теріс ниетті бір азамат Қазақстаннан несие алып, қайтармай, кейін Ресей Федерациясына кетіп қалды делік. Өйткені алаяқтар несие тарихының тек Қазақстанда ғана қадағаланатынын, басқа елдегілердің оны бақылай алмайтынын жақсы біледі. Сөйтіп Ресей Федерациясына өтіп, сол елдің салық резиденті ретінде есепке тұрады. Ол жақтан да несие ресімдеп, қаржысын жұмсап, қайтармай, басқа бір елге тайып тұрады. Олар дәл осындай жолмен өзге де елдердің қаржы институттарын алдап кетуі ықтимал. Мұндайлар өте көп. Одақ арасындағы несие тарихын өзара алмасу осындай алаяқтардың оспадар әрекетіне тосқауыл қояды, – дейді А.Чеботарев.
Сарапшының айтуынша, сондай-ақ азаматтарда одаққа мүше кез келген мемлекетте жүріп-ақ несие ресімдеу мүмкіндігі пайда болады.
– Несие тарихын өзара алмасудың тағы бір артықшылығы – кредит ресімдеу шарасы жеңілдейді. Деректер базасы ортақ болғандықтан, оның үстіне одаққа ортақ қаржы нарығы қалыптасатындықтан, кредитті қарапайым талаптар негізінде беруге жол ашылады. Мысалы, бұл мүмкіндікті Ресейде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары тиімді пайдалана алады. Деректерді алмасу жеңілдетілген сайын, қаржы жүйесі де барынша қауіпсіз әрі қорғалған болады. Яғни қазақстандықтардың несие туралы деректері біздің елде ғана емес, одаққа мүше басқа мемлекеттерде де қорғалмақ, – дейді қаржы сарапшысы.
Аталған жаңашылдықты енгізу қаншалықты оңай немесе қиын екені белгісіз. Өйткені бұл жерде несие бюроларының дайындығын ескеру де маңызды.
– Мәселен, Қазақстанда бір ғана несие бюросы бар. Ол – Бірінші несие бюросы. Ал Ресейде олардың саны бірнешеу. Меніңше, қазақстандық бюро үшін ақпарат алмасу немесе ортақ деректер базасын құру ешқандай қиындық тудырмайды. Себебі Бірінші несие бюросының әлеуеті жоғары. Замана көшіне жедел икемделіп, ілесе алады. Мен Қазақстанда да, Ресейде де несие бюроларының қызметіне жүгінген адаммын. Олардың қызметтерінде аса бір айырмашылық жоқ. Демек біз Ресейден қалыспай келе жатырмыз. Сондықтан ортақ нарыққа бейімделу үшін жүйені жаңғыртуға аса бір үлкен шығын да қажет бола қоймас, – дейді А.Чеботарев.
Осы жылдың маусымында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы ЕАЭО аумағында несие тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы пысықталған келісім жобасын мақұлдады.
«Келісім бір жағынан ұйым құрамындағы басқа мемлекеттердің аумағындағы банктерге несие алу үшін жүгінген кезде ЕАЭО-ға мүше елдердің резиденттеріне тең жағдайлар жасауға ықпал етеді. Екінші жағынан, құжат банктерге одаққа мүше өзге мемлекеттердің резиденттеріне кредит беру туралы шешім қабылдау кезіндегі тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде одақта трансшекаралық кредит беруді дамытуды ынталандырмақ», делінген Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтындағы хабарламада.
Комиссия кеңесі мақұлдағаннан кейін келісімнің жобасы қол қою үшін әрі қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу үшін одаққа мүше елдерге жіберілді.
2020жылдың 11 желтоқсанында Ресей Федерациясының Үкіметі келісім жобасын мақұлдады. ТАСС таратқан мәліметке сүйенсек, келісім жобасы Ресейдің Қаржы, Сыртқы істер, Экономикалық даму министрліктерімен және Орталық банкпен келісілген.
Белгілі болғандай, кредиттік есеп несие тарихын пайдаланушының сұрауы бойынша ұсынылады. Онда субъектінің сәйкестендіру деректері мен міндеттемелері туралы мәліметтер қамтылады.
«Осылайша, заңды және жеке тұлғалар одаққа мүше мемлекеттердің аумағында жүріп-ақ несие рәсімдей алатын болады. Ресей Қаржы министрлігінің мамандары қазір банктер резидент емес тұлғаларды несиелеуге құлықсыз екенін айтуда. Бұған қарыз алушыны тексерудегі қиындықтар себеп. Еске сала кетейік, резидент емес тұлғалар дегеніміз – бір мемлекетте қызмет атқарып, басқа республикада тіркелген және сол жақта тұратын заңды немесе жеке тұлғалар», делінген ТАСС-тың хабарламасында.
Экономист Талғат Демесіновтің пікірінше, несие тарихын өзара алмасу Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өте маңызды әрі күрделі мәселе. Өйткені ЕАЭО мемлекеттеріндегі заңды тұлғалардың, яғни кәсіпорындардың одаққа мүше елдердің банктері мен қаржы ұйымдарынан қарыз, несие алу шарттары мен борышкерлерге қойылатын талаптары әлі күнге дейін бірізді емес, реттелмеген.
– Бұл елдерде инфляция деңгейі және басқа да факторлар әртүрлі болғандықтан, несиелік ресурстардың пайыздық мөлшерлемесіне әсер ететін қайта қаржыландыру мөлшерлемелері де біркелкі емес. Сондықтан берілетін несиелердің өсімақылары, басқа да шарттары сәйкес келмейді. Кәсіпорын басқа елдің банктерінен несие алған кезде өзінің несие тарихын жасырып қалмауы керек. Бұған жол беруге болмайды да. Осы тұрғыдан алғанда ЕАЭО мемлекеттеріне ортақ несие бюросы қажет. Несие алушы туралы ақпарат ортақ база арқылы басқа елдің банктеріне де қолжетімді болуы тиіс, – дейді экономист.
Т.Демесіновтің айтуынша, несие тарихын алмасу заңды тұлғаларға ғана емес, жеке тұлғалар үшін де өзекті. Өйткені қоғамда қос азаматтықпен жүрген адамдар жоқ емес. Солар ортақ бақылаудың жоқтығынан қаржы институттарына залал әкелуі мүмкін.
– Қазақстан заңы бойынша қос азаматтыққа рұқсат етілмейді, әрине. Десе де, шекаралас өңірлерде тұратын кейбір адамдар арасында қос азаматтықпен жүргендер көптеп кездеседі. Міне, солар екі мемлекеттің де қаржы институттарын алдап соғуы ықтимал. Мұның соңы үлкен қиындыққа алып келеді. Осыған жол бермеудің амалы ретінде одаққа мүше бес мемлекетке ортақ несие бюросын құрудың орынды бастама екендігі осы тұста анық байқалады. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа ортақ несие бюросы азаматтардың несиелік тәртібін реттеуге де жол ашпақ. Яғни олардың қарызды қайтаруға деген жауапкершілігін арттырады. Бұдан бөлек, қаржылық сауаттылықты жақсартуға да белгілі бір деңгейде үлес қосары анық. Банктердің жұмысына да жаңаша серпін берері даусыз, – дейді Т.Демесінов.
Экономист өз сөзінде 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткен кезде Қазақстанға 2020 жылдың соңына дейін ұйымның ережелеріне сәйкес бірқатар жеңілдіктер берілгенін атап өтті. Соның бірі – Қазақстан аумағында шетелдік банктердің филиалдары мен бөлімшелерін, өкілдіктерін ашуға тыйым салу. Бұл «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңмен реттелген.
– Аталған шектеудің уақыты өткен айда аяқталды. Енді бұдан былай кез келген мемлекеттің банктері жеке заңды тұлға ретінде тіркелмей-ақ, тікелей филиал немесе бөлімше ашуға мүмкіндік алады. Оларға Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары бойынша сондай рұқсат берілген. Сондықтан шетелдік банктердің Қазақстаннан филиал не болмаса бөлімше ашуы едәуір жеңілдейді. Ортақ несие бюросының қажеттілігі осы жерде де туындайтыны анық, – дейді экономист.