Руханият • 07 Қаңтар, 2021

Жұматайға тақта қойылды

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«...Мен – шамасы жеткенше ширатып жазғанды жаны сүйетін, өмір құ­­былыстарына сын көзімен қа­рауға дағ­дыланған мінезді жорналшымын» деген марқұм Жұматай Сабыр­жан­ұлы­на елордада өзі ұзақ жылдар тұр­ған үйінде ескерткіш-тақта орнатылды.

Жұматайға тақта қойылды

Өткен ғасырдың 80-90 жылдары жалпы жұрт сол кездегі Целиноградтағы барлық жай-күйді, аймақтың тыныс-тіршілігі мен өлкедегі ана тіліміздің мүшкіл халін, өзге де түр­лі проб­лемаларды «Ана тілі» газетінде жа­зылған Жұматай Сабыржанұлының мақалаларынан біліп, хабардар болып отыратын. Оқи отыра айыздары қанып, бірге жанып, бірге күйіп, бірге марқаятын. Сөз қасиетіне кір жұқтырмай, адалдықтан айнымай, жазғанының шындығына күмән тудырмай, жүрекпен жазып, жүректерге жол тапқан Жұматай Сабыржанұлының Нұр-Сұлтан қаласында тұрған үйі де қазақ жері үшін күресте алдаспандай жарқылдаған ар­дақ­ты Жұмабек Тәшенов көшесінде болыпты.

Ескерткіш тақтаның ашылуында жазушы Жұмаш Сомжүрек: «Жұматайға орнатылған тақтаның Тәшеновтің көше­сінде тұруының символикалық үйлесімі бар тәрізді. Тәшенов жердің тұтастығына, солтүстік аймақтың жат­қа кетпеуіне басын тіксе, Сабыржанұлы өз дәуірінде ел, жер, тіл деп шырылдады, Тәше­нов идеяларының жалғастырушысы болды».

Салтанатта сөз алған жазушы Қайсар Әлім: Кезінде Торғай облысы ашылғанда оның экономикалық және рухани-әлеу­мет­тік дамуына атсалысқан қаламгер кейін Ақмола өңіріне келіп мұнда да жан аямай, сол баяғы күрескерлігімен, сындарлы сынының жебесін мүлт жібермей дөп тигізе тер төкті. Жұматайдың сол еңбегін Сафуан Шәймерденов, Сырбай Мәу­ленов, Ғафу Қайырбеков сынды қазақ әдебиетінің майталмандары бағалап жазды. Марқұмның көзі тірісінде бірнеше кітабы шықса, артында қалған мұрасын жары Әмина Міржүсіпқызы бірнеше кітап етіп көпшілікке жеткізді. Ол жүректерге Жұматайдың көзі тірісіндегідей жол тауып жатыр», деген.

Ашылу салтанатында қаламгердің бауыры Жомарт Сабыржанұлы, туысы Ха­митбек Махмұтов сөз сөйлеп, Жұматай Са­­быржанұлын есте қалдыратын шаралар жал­ғасты болса екен деген тілектерін айтты.