43 жастағы Жамбыл облысының тумасы кәсіби футболдағы алғашқы қадамын 1995 жылы Алматының «Қайрат» командасында бастаған. Одан кейінгі жылдарда Талдықорғанның «Жетісу», елорданың «Астана», Алматының «Алма-Ата», «Мегаспорт», Алматы облысының «Сұңқар» клубтарында доп тепкен. Сонымен қатар 2000-2002 жылдары ұлттық құрамада да өнер көрсеткен.
К.Горовенко кейінгі жылдары бапкерлік қызмет атқарып келеді. 2018-2020 жылдары Талдықорғанның «Жетісу Б» клубындағы табысты нәтижесінен кейін, ол былтыр Қарағандының «Шахтер» клубының тізгінін ұстады. Оның басшылығымен «кеншілер» командасы Премьер-лигада төртінші орынға тұрақтап, УЕФА Конференция лигасына жолдама алған болатын. Еске сала кетейік, бұған дейін «Жетісу» командасын өзге бір қазақстандық маман Дмитрий Огай басқарған еді. Өткен маусымда Алматы облысының командасы ел біріншілігінде 6-орынды місе тұтты.