5 қаңтар күні қатысушы елдердің видеоконференция форматында болған жиынында 2021 жылдың ақпан және наурыз айларында мұнай өндірісін қысқартудың қазіргі деңгейін жалғастыру туралы шешім қабылданған.
«Қазақстан және Ресей үшін аталған мерзімде мұнай өндірісін тәулігіне 10 және 65 мың баррелге дейін арттыру туралы жеке жағдайлар қарастырылған. Осылайша, ОПЕК+ аясында ақпан және наурыз айларындағы Қазақстанның міндеттемесі тәулігіне 1,427 млн және 1,437 млн баррелді құрайды» делінген министрлік мәліметінде.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқарту туралы 2020 жылғы келісімі әлемдік мұнай нарығындағы бағаны тұрақтандыруға септігін тигізген. «Қазіргі кезде аталған келісім мұнай индустриясы үшін жағымды серпін беруін жалғастыруда» дейді ведомство басшысы.
Еске салсақ, былтыр наурыз айында ОПЕК+ елдері ұзақ уақытқа дейін өзара уағда жасай алмай, нәтижесінде мұнай бағасы күрт құлдырап кеткен еді. Мемлекеттер тек мамыр айынан ғана бастап мәмілеге келіп, өндірісті үш ай бойы тәулігіне 9,7 миллион баррелге қысқартуға келісті. Тамыз айынан бастап тәулігіне 7,7 млн баррелге қысқартты. Бұл келісім жыл соңына дейін сақталды. 2021 жылдың қаңтар айына жүктелген міндет – өндірісті тәулігіне 7,2 млн баррелге дейін азайту. ОПЕК+ нарық сұранысына байланысты өндіріс көлемін ұлғайтуға қарсы емес. Алайда ол айына 500 мың баррелден аспауы тиіс.