Коронавирус • 08 Қаңтар, 2021

Елордада сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін 5 адамнан COVID-19 анықталды

145 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін 5 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін 5 адамнан COVID-19 анықталды

Қазіргі уақытта қалада 283 сайлау учаскесі орналасқан. Елорданың сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісованың айтуынша сайлау учаскелерінің бәрінде санитарлық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады.

«Сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін бізде жеке қорғаныс құралдары қарастырылған: маскалар, антисептиктер, қолғаптар. Адам көп жиналмас үшін арнайы шығу орындары қарастырылған. Комиссия мүшелері арнайы экранмен қорғалады. Қорғаныш әйнегі бар аймақ бақылаушылар, сенімді тұлғалар және БАҚ өкілдері үшін де ұйымдастырылған. Дауыс беру залында әр үш сағат сайын санитарлық өңдеу жүргізіледі. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу алгоритміне сәйкес, 2021 жылғы 5-8 қаңтар аралығында елордада сайлау комиссияларының мүшелеріне, сенім білдірілген тұлғалар мен бақылаушыларға ПТР-тестілеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда COVID-19 инфекциясы бойынша 5386 адам тексерілді: сайлау комиссияларының 2992 мүшесі, 1823 байқаушы, 571 сенімді тұлға. Тексеру қорытындысы бойынша, сайлау комиссияларының 5 мүшесінде ПТР-тесттің оң нәтижесі анықталды», деді Бақыт Бектемісова.

Естеріңізге сала кетейік, елорда коронавирустың таралу қарқыны бойынша «сары аймақта» орналасқан. Тұрғындар барлық шараларды, яғни бетперде киіп, қашықтықты сақтау керек.