Сайлау • 10 Қаңтар, 2021

Күрделі кезеңде сайлау өткізу оңай емес – Түркия депутаты

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Парламенттегі "Iyi" партиясының өкілі, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі, Қазақстандағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына тәуелсіз байқаушы ретінде қатысып отырған Сыдалы Зеки Хакан саяси додаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Күрделі кезеңде сайлау өткізу оңай емес – Түркия депутаты

Сыдалы Зеки Хакан Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі ретінде көптеген елдердегі сайлаулардың барысын бақылағанын атап өтті. Бұл оның Қазақстанға байқаушы ретінде екінші мәрте келуі. Ол бұған дейін Қазақстандағы соңғы Президент сайлауына байқаушы ретінде қатысқан екен.

– Қазақстан демократияға деген ұмтылысын күшейтіп келеді. Сайлау – демократияның көрсеткіші. Сайлау – адамдарға берілген мүмкіндік. Оны тиімді пайдалану керек. Сайлаудан кейін Парламентте оппозиция өкілдеріне көп орын бұйырады деген ойдамын. Яғни, оппозиция халықтың ойын білдіре алатындай мүмкіндікке ие болады деген сенімдемін, – деді Сыдалы Зеки Хакан.

Тәуелсіз байқаушы таңертеңнен бері бірнеше сайлау учаскесіне барғанын айтты. Сайлау ашық, транспорентті түрде өтіп жатқанын жеткізді.

– Бұл сайлау қиын кезеңде өтіп жатыр. Яғни, коронавирус пандемиясы жағдайында өтуде. Мұндай жағдайда сайлау секілді ауқымды саяси шараны ұйымдастыру оңай емес. Бірақ Қазақстан бұл міндетті ойдағыдай орындауда. Сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанына көз жеткіздік. Санитарлық талаптар қатаң сақталған. Халықтың да жауапкершілігі жоғары екенін байқадық. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де арнайы дауыс беру орындары жасалған. Қысқасы, барлығы ескерілген. Тыңғылықты дайындық жүргізілген. Жергілікті, шетелдік байқаушылармен де тілдестік. Олар да сайлаудың барысына оң баға берді. Сондықтан сайлау демократиялық жағдайда өтіп жатыр деп айтуға толық негіз бар, – деді Сыдалы Зеки Хакан.

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты жергілікті халықтың да белсенді екенін атап өтті.

– Сайлау барысын түстен кейін де бақылаймыз. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, Қазақстан демократияға қарай үлкен қадам жасаған болып есептеледі. Сондай-ақ бұл жағдай демократия жолына енді түскен өзге мемлекеттерге үлгі болады деген ойдамын, – деді Сыдалы Зеки Хакан.