20 Сәуір, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШТЫҢ ҚАЗІРГІ ХАЛІ ҚАНДАЙ?

703 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мем­лекет басшысы зардап шеккен халыққа жағдай жасауды, қар­жылай көмек көрсетуді тапсыр­ғанд­ық­тан, бірден жүйелі жұмыс қолға алынды. Ар­найы комиссия құрылды. Зардаптың сал­дарын жою үшін тұрғындарды ор­на­ластыру, тұрмыстық жағдай жасау жал­ғасты. Қаржылай көмек әлі де көрсетілуде. Күн сайын облыс әкімі мен орын­ба­сар­лары бастаған мекеме, ұйым басшылары атқарылған жұмыстарды қорытындылап, құрылыс компаниялары салған нысанның сапасына, ұйым­дас­тыру жұмыстарына баға беруде. Әрине, бәрі орнына келтірілді деуге әлі ерте. Десек те, нәтиже жаман емес. Тасқыннан бергі бір ай ішінде мұн­дағы тірлікке сырт көзбен баға берсек, ауылдағы апаттан кейін тазарту жұмысы аяқталып, қалыпты өмір орныға бас­таған. Құрылыс қарқын алған. Са­лыс­тырмалы түрде айтсақ, “Алматы қала құрылысы” мекемесі құ­ры­лыс­шы­ла­ры­ның қимыл­да­ры ширақ. Кі­ре­берістегі жаңа көшеде 25 үй сап түзеп, іші-сыртындағы сапалы атқарылған жұ­мыс­қа көңіл толды. Жаңа үйде жаңаша өмір басталатынына деген тұрғындар сенімі де орныққан. Осы үй менікі дегендер ай­нал­шықтап жүр. Ал, өзге де құрылысы ба­с­талған үйлердің бірінің шатыры жабылса, екіншісінің іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілуде. Қызылағаштағы жағдайды облыс әкімі Серік Үмбетов бақылауында ұстаған­дық­тан, осы жердегі халықпен, жур­на­лис­термен сұхбаттасты. –Халқымыз “Болған іске болаттай бе­рік бол” деген. Тасқыннан зардап шек­кен­дердің көңіл-күйі түсінікті. Біз қайғыны қалай да жеңілдету үшін барлық мүм­кін­дікті жұмылдырудамыз. Бұған дейін із­деу­дегі бір адамның мәйіті табылып, та­с­қыннан мерт болғандар саны 45-ке жетті. Ал, жүздеген адам қайтыс болды деген бе­кер сөз. Алғашқы күннен барша халық ауылды қалпына келтіру, тұрғындарға қолұшын беруге жұмылды. Ол үшін алғыс ай­тамыз. Ендігі міндет – 530 тұрғын үйді салып, пайдалануға беру. Өздеріңіз көргендей, осы айдың аяғына дейін оның 47-сі дайын болып, алғашқы отбасылары кілттерін а­л­ып, үйлеріне қоныстанады. Тасқын сал­дарын бастарынан өткізген отбасыларына бір жылқы, бір сиыр, он қой беру жағы да ұй­ым­дастырылуда. Шаруа қо­жал­ық­тары­ның егістік жер­лерін су шайғандықтан 2000 гектар алқап өңделіп, тұқыммен қам­та­ма­сыз етілді. Ауылдағы жоғары, орта ар­наулы білім ша­ңырақтарындағы ақылы бөлімдегі сту­денттердің оқу ақысын жыл аяғына дейін шегеру Білім және ғылым ми­нис­трлігімен келісілді. Ал, аз қамтылған от­б­асыларындағы балаларға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінеді,– деді. Қызылағаштағы халықпен пікір­лес­кенде пікірлердің әралуан екеніне көз жетті. Ауыл­дың солтүстігіндегі шатырлы қалашықта ор­наласқан тұрғындардың көпшілігі өздеріне жа­салған бүгінгі жайды түсіністікпен қа­был­дауда. Отбасымен отырған шатыр жанында кездескен Сәуле Мұсабаланова апат бол­ған­­нан бірер сағат бұрын құжаттарымызды алып, бала-шаға­мыз­бен Талдықорғанға кет­тік. Отба­сы­мыз­да жеті адамбыз. Сол күннен бері өзімізге жасалған қамқорлықты сезініп отырмыз. Абай көшесіндегі №15 үйде тұр­дым. Тасқыннан оның орны ғана қалды. Үй­дің құрылысы басталды, енді оның бітуін кү­ту­деміз. Облыс әкімі үй біткеннен кейін те­ле­дидар, газ, тоңазытқыш, тағы басқа зат­тарды әпереміз, деді. Айтайын дегенім үйімді салып жатқан мердігерлік ұйым құ­ры­лыс­шылары “Әлі айлығымызды алғамыз жоқ, бермесе кетеміз”, деп отыр. Осы мәселе оң ше­шілсе ғой, деген пікірін жет­кіз­ді. Осы кез­де топтың ортасынан өзін Қы­тайдан келген оралманмын деп та­ныс­тырған Ержан есімді азамат: “Бас­тық­тардың заттарының керегі жоқ, ақшасын берсін”, деп қалды. Оның сө­зін бірі қош­таса, бірі оған қарсылық білдірді. Түсініп көр, қанша жан болса, соншама пікір. Құрылысшыларға ауыл тұрғындарының кейбірі көмекке келсе, қайсыбірінің “салып беруге міндетті” деген көзқарасы қалып­та­с­қан. Иә, апат айтып келмейді, жауапсыздық та бар. Оны ешкім жоққа шығармайды. Кінәлілер заң алдында жауап береді. Алайда, ел болып, қолындағы барын беріп, тез арада құ­рылысты аяқтап, халықтың қалыпты тір­лікке араласуына пейіл білдірсе, кейбірі осы­лайша қыңыр мінез танытатыны лайықсыз. Қы­зылағаштықтарға қалталы азаматтар бұған дейін сан рет келіп, қаржылай көмектерін үлестірді. Ақшаның аты – ақша, қолда тұр­май­ды. Үй біткенде жоғарыдағы заттар қажеттігі де анық. Осы түйткілді мәселелер жайлы ауыл әкімінің міндетін уақытша ат­қарған Сәу­ле Амитова да өз сөзінде айтып қалды. Ха­лық уақытша қиындықты көтере алмай, осы­лайша дегбірсіздік танытаты­нына не дер­сің. Республиканың өзге өңірлерімен қатар, жетісулықтар да зардап шек­кен­дерге көмегін аямай отыр. Мә­селен, Қарасай, Жамбыл, Еңбек­ші­қа­зақ, Пан­фи­лов, Іле, Ұйғыр, Алакөл, тағы басқа аудан­дар 2,5-5 млн. теңге қаржы мен аз­ық-түлік, киім-кешекті тас­қын болған күннің ертесінде-ақ жеткізді. Бұл әлі де жал­ға­суда. Тұрғындарға осындағы асханада күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Аспаздардың жауапк­ер­ші­лігі жеткіліксіз екені байқалды. Алыпқашпа әң­гімеге ос­ындай олқылықтар себеп болатын шығар. Мектеп жөндеуден өткізілгендіктен, оқу­шылардың оқуы мен жатын орны ой­лас­тырылған. Әлеуметтік жағынан жет­кіліксіз қамтылған отбасыларындағы 150 оқушы “Балдәурен” сауықтыру орнына барып, де­малып қайтты. Ауылда су, қуат көзі бар. Мұ­ның бәрі бір ай ішіндегі қолға алынған жұмыс. Ауылдың өзен жағындағы екі көше ауыс­тырылып, “Жасыл ел” жасақ­шы­ла­ры оның орнына 5000 емен, қайың, те­рек, та­ғы басқа ағаш көшеттерін отыр­ғы­зып, суа­рып, күтуде. Жас өскін бүр­шік атып, елді мекеннің ертеңіне деген сенімге бастауда. Ақсу ауданындағы ардагерлер ұйы­мы­ның төрағасы Нұрбек Сәрсенбайұлы “Аға­йын­ның қадірін басыңа іс түскенде білесің деген” ғой. Көріп тұрсыздар, ауыл бірте-бірте жаңарып, аяғынан қаз тұрып келеді.  Біреуге әңгіме керек. Бізге ел бірлігі, ендігі жұ­мыс­тың жүйелі бол­ғаны керек. Алып­қаш­па сөзге негіз жоқ. Өз жұмыстарына нем­құ­рай­ды қарағандар заң алдында жауап береді. Қайырымдылық қорына түскен қар­жы мен басқа да заттардың өз орнына жұм­са­луы қатаң бақылауға алынған.  Азық-түлік жеткілікті, содан ғой “мерзімі өтіп кетті” деген сөз де шығып жатыр. Бұл мә­селені прокуратура тексерді, бірақ анық­талмады, деді. Қызылағаш ауылындағы жағдай осы. Та­­ғы бір айта кететін мәселе – тасқын сал­­­дарынан зардап шеккен Егінсу, Ақтоған ел­ді мекендеріндегі жарамсыз тұрғын үйлер бұ­­зылып, тазартылуда. Құрылыс жұ­мыс­тары басталды. Осы күні “Спец­ав­то­центр Та­врия” директоры Сергей Овсян­иковтің де­­меушілігімен Егінсу ауылының тұрғыны, бі­­рінші топтағы мүгедек Еркінбек Яхияға қо­ларба тапсырылды. Мұндай көмекке зәру жандарға деген қайырымдылық шара­ла­рын “Нұр Отан” ХДП облыстық фи­лиа­лы әлі де жалғастыратындықтарын жет­кіз­ді. Тұрғындарға сәл шыдамдылық керек... Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. Суретте: Қызылағашта тұрғын үйлері бітуге таяу алғашқы көше.