«Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Айнұр Мәжитованың дерегінше, респонденттердің 5,75 пайызы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, 71,97 пайызы «Nur Otan» партиясына, 3,07 пайызы «ADAL» саяси партиясына, 10,18 пайызы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына, 9,03 пайызы «Қазақстанның Халық партиясына» дауыс берген. Сауалнама қателігі 2 пайыз шамасында Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес кандидатты қолдап дауыс беруге қатысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижесін, болжамдары мен өзге де зерттеулер дауыс беру күнінде жариялауға рұқсат етілмейді. Яғни, нәтижелері дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана жариялануы тиіс Естеріңізге сала кетсек, Конституциялық мерзімге сай өткен Мәжіліс сайлауында елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті.
Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған. Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар. Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан - 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелген.