Сондай-ақ Жамбыл облыстық сайлау комиссиясында 5 партияның филиалдарынан 206 мандатқа 523 кандидат тіркелген. Оның ішінде Nur Otan партиясынан 390 кандидат, «Ауыл» партиясынан 44 кандидат, «Ақ жол» партиясынан 44 кандидат, Adal партиясынан 31 кандидат және «Қазақстанның Халық партиясынан» 14 кандидат бар. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты барлық сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар қатаң сақталды. Сонымен қатар учаскелік және аумақтық комиссиялардың жұмысына 3,8 мыңнан астам адам қатысты. Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру процесін 6500-ден астам байқаушы бақылады. Оның құрамында саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Байқаушылардың айтуынша, алғашқы сағаттардан-ақ азаматтар сайлауға қатысуда жоғары белсенділік танытқан.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бірінші проректоры Ержан Әмірбекұлы бұл сайлау елдің саяси жүйесінің жаңаруын, сондай-ақ Қазақстанды демократияландыру мен жаңартуға деген ұмтылысын көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар Байзақ ауданы Бурыл ауылының тұрғыны Үміт Башатов «Бұл кез келген азамат үшін болашақтың негізін қалауға үлес қосатын аса маңызды оқиға. Мен Қазақстанның одан әрі дамуға жетелейтін реформалар жолымен жүретініне сенімдімін», дейді. Ал Талас ауданы Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Сулхадин Мұстафаев еліміздің кез келген азаматы дауыс беруге құқылы екенін, дауыс беру арқылы тұрғындар өркендеу, ұлтаралық келісім және тұрақтылықты нығайту жолын таңдайтынын жеткізді.
Жамбыл облысы