Аймақтар • 11 Қаңтар, 2021

Сенаторлар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына назар аударды

136 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаторлар Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысының Қызылқоға ауданында болды.

Сенаторлар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына назар аударды

Депутаттар Мұқыр ауылына барған кезде мектепте болып, қауіпсіздік жүйесін тексерді, сондай-ақ білім беру сапасы мен мұғалімдердің жалақысы туралы ойларымен бөлісті.

Мұқыр станциясының теміржолшыларымен болған кездесуде осы саланың өзекті мәселелері қозғалды, қызметкерлердің ұсыныстары мен өтініштері тыңдалды. Сенаторлар өз кезегінде айтылған ұсыныстарды алдағы жұмыс барысында ескеруге уәде берді.

Депутаттардың сапары Тасқұдық елді мекенінде одан әрі жалғасты. Тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілмеген, газ құбыры жеткізілмеген екен. Электр желісі де қайта жаңғыртуды талап етеді. Сенаторлар бұл күрделі мәселелерді оң шешуге жәрдемдесетін болады.

Сенаторлар Құлсары-Мұқыр тас жолының жағдайына назар аударды. Осы автомобиль жолын қайта жаңарту мәселесі депутаттардың бақылауында болғандықтан сенатор Ғұмар Дүйсембаев осы мәселе бойынша бұдан бұрын Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдаған еді.

Депутаттар сондай-ақ аймақтағы химия өндірісінде де болып, өңірлік тұрақтандыру қорының жұмысымен де танысты. Олар осы қордың тауарлары саудаланатын супермаркеттер желісіне барып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы туралы хабардар болды. Депутаттар медициналық тауарлар қоймасында да болды.

Сенатор Ғұмар Дүйсембаев бағаны мемлекеттік реттеу арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың нақты есебін алу жолға қойылуы тиіс екенін атап өтті. Қазіргі кезде азық-түлік пен медициналық тауарларға қатысты дүрбелеңге жол бермеу, жеткізу тетіктері мен сөрелердегі бағаларды үнемі бақылау, алыпсатарлыққа жол бермеу маңызды болып отыр.