Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясына қатысып, ҚХА атынан Мәжіліске сайланатын депутаттарға дауыс берді.
Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дауыс беру рәсіміне қатысты. Содан кейін Елбасы Ассамблеяның маңызы туралы әңгімелеп берді. Тұңғыш Президент бүкілхалықтық сайлау өткізіліп, тұтас халық ретінде елдің болашағына дауыс бергенін атап өтті.
«Бұл алдағы бесжылдық бағдарламамызды бекіткен үлкен сайлау болды. Бұл сайлауда Nur Otan партиясы тағы да үлкен жеңіске жетіп, халықтың сеніміне бөленді. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Бүгін Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын 9 кандидатқа дауыс бердік. Ассамблеямыз 25 жылдан бері еліміздегі этностар мен діндерді бір-біріне жақындастыратын, төзімділікке тәрбиелейтін, бірлікті насихаттайтын, елімізді алға жетелейтін бірегей органға айналып келе жатыр», деді Елбасы.
Осы орайда Н.Назарбаев басқа елдер Қазақстан тәжірибесін үйреніп жатқанын атап өтті. Сондықтан Ассамблеядан сайланған депутаттар елдің бірлігін сақтап, қазақ халқының төңірегінде барлық адамды біріктіруге өз үлесін қосады.
Бұдан бөлек, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, сондай-ақ түрлі ведомство басшылары дауыс берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясының ашылу рәсімінде ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, жиынның маңызына тоқталды.
«Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылы конституциялық реформа нәтижесінде қабылданған Ата заңға Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығы берілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Бұл қадам біздің қоғамның бірлігін нығайтуға, этностар мүдделерін білдіруге, олардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын жандандыруға бағытталған еді. Осы норма Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың халықаралық пактілер мен конвенциялары аясында Қазақстанның адам құндылықтары, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындау үдесіне жатады», деді Ж.Түймебаев.
Осы орайда ол бүгін Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын депутаттар анықталатынын атап өтті.
«Ассамблеяның 9 депутаты Қазақстанның барлық этностарының, бүкіл халықтың мүддесін білдіреді. ҚХА-ның депутаттық тобы елдің татулығы мен бірлігін нығайту мәселелері бойынша партияаралық ынтымақтастықтың парламенттік тетігі рөлін атқарады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Ассамблея сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсыну Ассамблея Кеңесінің өкілеттігіне жатады. 2020 жылғы 11 желтоқсанда Ассамблея Кеңесінің отырысында Парламент Мәжілісінің депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттар ұсынылды», деді Ж.Түймебаев.
Оның айтуынша, Ассамблея Кеңесі кандидаттар тізімін жасау барысында бірқатар маңызды критерийлерді ескерді. Атап айтқанда, депутаттық корпустың сабақтастығы, аймақтық қамту, гендерлік теңдіктің қамтылуы, жастарды тарту, этникалық топтардың ескерілуі, депутаттық корпуста екі мерзімнен артық сайланбауына маңыз берілген. Кеңес қарауының қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісіне депутаттыққа Ассамблея сайлайтын кандидаттар ұсыну туралы шешім қабылданып, олар сайлау бюллетеніне енгізілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Парламент Мәжілісі депутатына кандидаттарды сайлау аяқталған соң, Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін жариялады.
Дауыс беруге қатысқан ҚХА мүшелерінің жалпы саны – 351 адам. Мәжіліс депутаттығына кандидаттар үшін берілген бюллетеньдер: Сауытбек Абдрахманов – 298, Аветик Амирханян – 270, Ильяс Буларов – 274, Наталья Дементьева – 292, Юрий Ли – 282, Вакиль Набиев – 285, Шамиль Осин – 271, Владимир Тохтасунов – 277, Абилфас Хамедов 290 дауысқа ие болды.
Дауыс беру нәтижесінде ҚХА-ның 9 кандидаты Парламент Мәжілісіне өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы шығарады.