Саясат • 12 Қаңтар, 2021

ШЫҰ байқаушылары оң бағалады

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде өткен сайлауды бақылаған Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының өкілдері мәлімдеме жасап, тұтастай саяси шараны оң бағалады. Халықаралық ұйымның байқаушылар тобын ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Чжан Хайчжоу бастап келді.

ШЫҰ байқаушылары оң бағалады

Халықаралық байқаушылардың құрамында 15 адам, атап айтқанда, заң шығарушы, сайлау органдарының өкілдері, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломаттары, сондай-ақ ШЫҰ хатшылығының лауазымды тұлғалары аккредиттелді. Дауыс беру күні миссия мүшелері сайлау учаскелерін ашуға, стационарлық және тасымалданатын жәшіктерді пломбалауға, дауыс беру процесіне және бюллетеньдерді санауға қатысты. Қазақстан аумағындағы сайлау барысын мейілінше қамту мақсатында миссия өкілдері Нұр-Сұлтан қаласы мен Қазақстанның басқа да өңірлерінде бақылау жүргізді. Сайлау қарсаңында және дауыс беру күні байқаушылар 118 сайлау учаскесіне барды.

«Сайлау алдындағы науқанның барлық аспектісін ескеріп, елде саяси бәсекелестіктің, сайлау науқанының ашықтығы мен айқындығының бар екені байқалды. Миссия аталған науқан Қазақстанның сайлау заңнамасының талаптарына және елдің қабылдаған халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келетінін, сол секілді сайлау нәтижелеріне әсер ететін бұзушылықтар анықталған жоқ деп санайды. Миссия өткен сайлауды еркін, әділ, сенімді және демократиялық қағидаттар тұрғысында өтті деп есептейді. Сайлаудың заңдылығы күмән тудырмайды», деді Ч.Хайчжоу.

Ұйым байқаушыларының айтуынша, елдегі заң шығарушы органды сайлау Қазақстанның демократиялық мемлекетті дамыту жолындағы маңызды қадамы.

«Ұйым Қазақстан халқын сайлаудың аяқталуымен құттықтап, мемлекеттілікті нығайту мен әлеуметтік-экономикалық даму бағытын одан әрі жүзеге асыруда табыс тілейді», деді ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары.