Экономика • 13 Қаңтар, 2021

ЕАЭО-дағы мүддемізді лайықты қорғай аламыз ба?

298 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биылдан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) төрағалық етеді. Бес мемлекеттің басын біріктіріп отырған экономикалық ұйым арасындағы алыс-беріс қалай жүрді? Одақ аясында Қазақстан өз мүддесін лайықты қорғай ала ма?

ЕАЭО-дағы мүддемізді лайықты қорғай аламыз ба?

– Еуразиялық экономикалық одақтың жарғылық органдарында төрағалық ету жаңа жылдан бастап Беларусь мемлекеті­­нен Қазақстанға өтеді. Біз 2021 жылы одақ туралы шартты толыққанды жүзе­ге асыруды, кедергілерді жоюды, өзара тиім­ді кооперациялық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуды, комис­сия­ның кадрлық құрамын қалып­тас­тыру процедурасын жетілдіру, оның қызметі мен жауапкершілігін күшейтуді негізгі басымдық ретінде жоспарлап отырмыз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр желтоқсан айындағы отырыс кезінде.

Одақ аясында өткен алты жылда бес мемлекет арасындағы алыс-беріс артты. 2020 жылдың көрсеткіші бойынша, Қазақстан Ресейге 3,9 млрд доллардың тауарын экспорттаған. Бұл 2014 жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 26,4 пайызға аз деп жазады отандық LS порталы. Тасымалданған тауарлардың негізгілері – металл рудалары, табиғи уран, темір, табиғи газ және басқалар. Ресей өз кезегінде Қазақстанға 10,7 млрд доллардың тауарын тасыған. 2014 жылмен салыстырғанда тасымал көлемі 6,8 пайызға азайған. Ресейден бізге келген тауарлар ішінде табиғи газ, алтын, көлік құралдары, шанақтар, құнды металл рудалары бар.

Көршілес Қырғыз Республикасы экономикалық одаққа 2015 жылдың 12 тамызында қосылды. Былтыр Қазақстан Қырғызстанға 452 млн доллардың тауарын жеткізген (23,5 пайызға аз). Негізінен біздің елден көрші елге темекі, ұн, бидай, табиғи газ, тас көмір, табиғи уран апарылады екен. Қырғызстаннан Қазақстанға тауар импорттау алты жыл ішінде 33,7 пайызға дейін төмендеп кеткен. 2020 жылдың 10 айында 203 млн долларға дейін жетті. Көбіне біздің ел Қырғызстаннан әйнек өнімдері, нан және сүт өнімдерін сатып алады.

Қазақстаннан Беларусияға тасы­мал­да­натын тауар құны 2020 жылдың 10 айында 6,3 пайызға көбейіп (2014 жылмен салыстырғанда), 54,5 млн долларды құраған. Тізімде мұнай өнімдері, мұнай газы, алюминий, темір бұйымдары, мақта, көмір, қалдықтар, мыс сынық­та­ры және тыңайтқыштар бар. Өз кезегінде Беларусиядан Қазақ­стан­ға қант, сүт өнімдері, трактор, колбаса, дәрі, жиһаз, пластмасса бұйымдары мен шиналар жеткізілген. Оның жалпы құны 526,7 млн долларды құ­рай­ды. Жеткізу 2014 жылмен салыс­тырғанда 10,1 пайызға төмен­де­ген.

Қазақстанның Армениямен сауда-саттық мөлшерін алдыңғы үш мемлекетпен салыстыруға келмейді. Десе де аздап экспорт және импорт мөлшері бар. 2020 жылдың 10 айында Армения Қазақстаннан 8,2 млн долларға тауар сатып алған. Бір қызығы, бұл сома 6 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 25 есе көп екен. Негізінен армяндар Қазақстаннан ауыл шаруашылығы жа­­н­уар­ларын, қара металл бұйымдарын, темір бұйымдары, мұнай газын сатып алады. Армениядан импортталатын тауар көлемі 5,1 пайызға азайып кеткен. Был­тыр­ғы көрсеткіш – 5,8 млн доллар. Көбіне ол жақтан біздің елге спирттік ішімдіктер, әшекей бұйымдар, дәрі-дәрмек пен пластмасса бұйымдары келеді.

Биылдан бастап қолданысқа енетін ереже бойынша, ЕАЭО аясында тауар айналымы кезінде импорттаушылар бір мезгілде кедендік декларацияда өзде­рі­нің тауарларының преферен­­циал­ды емес және жеңілдетілген шығу тегі туралы мәліметтерді көрсете алады. Сонымен қатар 2021 жылдың 31 наурызынан бас­тап транспорттық құралдардың электронды паспорт жүйесі енгізіледі. Қа­зір­дің өзінде Ресей аталған жүйеге то­лық­тай көшкен. Енді оны өзге елдер қолданысқа енгізуі керек.

Сондай-ақ ЕАЭО 2021 жылдан бастап сүт өнімдерін таңба­лау­ды да жоспарлап отыр. Атал­ған шараны бас­тау мерзімі өнім түріне байланысты 1 маусымға дейін таңбалау шарасы сыр мен балмұздаққа қолданылса, 1 қыр­күйекке дейін сүт, кефир, йогурт, сүзбе өнімдері, 1 желтоқсанға дейін 40 тәу­лік­ке дейін сақталатын сүт өнімдері таңбалануы керек.

Экономикалық көрсеткіштер бо­йынша Қазақстанның жағдайы керемет деп бағалауға келмейді. Әзірге біз­дің ел инфляция бойынша нашар көрсеткішке ие (бізден кейін тек Қыр­ғыз­стан орналасқан). 2020 жылдың қараша айының қорытындысы бо­йын­ша Қазақстандағы жылдық инфляция 7,3 пайыз болды. Бұл көрсеткіш Қырғызстанда – 8,2, Беларусияда – 6,6, Ресейде – 4,4, Арменияда – 1,6 па­йыз. Сондай-ақ Қазақстан азық-түлік тауарларының қымбаттығы жөнінен де алға шығып кеткен.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Қа­зақ­стан ЕАЭО аясында өзі­нің ұлттық мүдде­сін лайықты қорғай алып отыр деп есеп­тейді.

– Елдер интеграциялық процестерден максималды пайда алуға тырысады, көбінесе ішкі бизнес­ті қорғау мақ­сатында өз міндет­темелерін бұза­ды. Мұн­дай жағдайлар үшін ЕАЭО заң­намасында бизнесте кез­де­сетін кедер­гі­лерді жоюға бағыт­тал­­ған қажетті құралдар қа­рас­­­ты­рылған. Мәселен, 2016 жыл­­дан бері ЕАЭО аясында 65 квалификациялық кедергінің 54-і жойылды. Сондай-ақ қазақ­стандық тауарлардың се­рік­тес елдер нарығына баруы үшін ұлттық дең­гейде және ЕАЭО органдары аясында жүйелі жұ­мыс жүргізіліп жатыр,  деген еді А.Мамин былтыр депутаттық сауалға жауап беру кезінде.

Сонымен қатар былтыр 19 мамырда өткізілген ЕАЭО басшыларының отырысы кезін­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін бірқатар тиімсіз бас­­таманы атап көрсетіп, бұл қателіктер 11 жел­тоқ­сан күнгі отырысқа дейін түзетілген еді. Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, әу баста ЕАЭО-ның даму стратегиясында Қазақстанның экономикалық мүддесіне сай келмейтін бастамалар көп болған.

– Қазақстандық тарап Қазақстан Рес­­пуб­ликасының мүд­­де­леріне қай­шы келетін но­р­­маларды стратегиядан алып тас­тауға және одақ шең­бе­рін­де Қазақстанның эко­но­микалық мүдделерін ілгері­ле­те­тін бастамалардың енгізілуін қамтамасыз етуге қол жеткізді. Қазақстан сондай-ақ Стратегияға мүше мемлекеттерде мем­ле­кеттік сатып алуларды толық цифр­лан­дыру бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеу бастамаларын енгізуді қамтамасыз етті. Қазір Қазақстанда ғана мемлекеттік сатып алу электронды форматта жүзеге асырылады. ЕАЭО серіктес елдерінде осы саланы толыққанды цифр­лан­дырудың болмауы біздің жеткізу­ші­лері­міздің осы мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу процедурасын қиын­да­тады. Сондықтан бұл мәселені шешу біз үшін түбегейлі маңызды, – деген еді Б.Сұлтанов.

Биылдан бастап ЕАЭО-ға мүше ел­дер­дің кез келген азаматы өзі жұмыс істе­ген одақ елдерінің үкіметінен зей­нета­қы алуға құқылы. Осыған орай Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мем­лекеттердің еңбек­ші­лерін зейнет­­­­ақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға былтыр желтоқсан айында қол қойды. Заң бо­йынша еңбекшінің құқығы өзі жұмыс істеген елдің азаматы­мен теңеседі. Әр мемлекет өз аума­ғында жұмыс істеген шетелдік азаматқа зейнетақы төлеуі тиіс. Егер бір азамат өзге төрт мемлекеттің аумағында да жұмыс істесе, онда сол төрт мемлекеттен де жұмыс істеген мерзімдеріне сәйкес зейнетақы алады. Алдағы уақытта ЕАЭО мүше мемлекеттердің несие де­­рек­­терін де біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл өзгерістердің Қазақстанның эко­номикалық мүддесіне келтірер пайда-залалын алдағы уақытта таразылаймыз.