12 Желтоқсан, 2013

Табысы зор, ырысы мол Оңтүстік!

283 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Өзгерген өңір

Қазақы қалпының қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан Оңтүстіктің орны әрқашан ерекше. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби, әулие Арыстан баб, даналық ілімінің атасы Қожа Ахмет Ясауи сияқты дара перзенттерінен тамыр тартқан аймақтың тарихы өте терең және тағылымды. Бұл өлкенің әр тасы мен әр түп жусаны шежіреден сыр шертеді. Осынау қасиетті өлке бүгінде табысы зор, ырысы мол аймаққа айналып, қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі ретінде, облыс жетістіктері мен ҚР Президент Әкімшілігінің рейтингтік ресми бағасын айтуға болады. Осы рейтинг қорытындысымен облыс 3 жыл қатарынан жоғары қарқынды дамытуды көрсетіп отыр.

Жалпы өңірлік өнім өткен жылдың қорытындысында 1,8 трлн. теңгені құрап, биылғы жылы 2 трлн. теңгеден асқалы отыр. Немесе 4 жылда 2 есеге өсіп, республикадағы үлесі бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілді.

Өзгерген өңір

Қазақы қалпының қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан Оңтүстіктің орны әрқашан ерекше. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби, әулие Арыстан баб, даналық ілімінің атасы Қожа Ахмет Ясауи сияқты дара перзенттерінен тамыр тартқан аймақтың тарихы өте терең және тағылымды. Бұл өлкенің әр тасы мен әр түп жусаны шежіреден сыр шертеді. Осынау қасиетті өлке бүгінде табысы зор, ырысы мол аймаққа айналып, қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі ретінде, облыс жетістіктері мен ҚР Президент Әкімшілігінің рейтингтік ресми бағасын айтуға болады. Осы рейтинг қорытындысымен облыс 3 жыл қатарынан жоғары қарқынды дамытуды көрсетіп отыр.

Жалпы өңірлік өнім өткен жылдың қорытындысында 1,8 трлн. теңгені құрап, биылғы жылы 2 трлн. теңгеден асқалы отыр. Немесе 4 жылда 2 есеге өсіп, республикадағы үлесі бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілді.

Бұл, әрине, үлкен жетістік. ҮИИД бағдарламасы осынау қарқынды тірліктерге үлкен серпін беріп, адымын ширатуда. Индустрияландыру картасына 150 жоба енгізілген. Бұл республикадағы жобалардың 40 пайызы деген сөз. Жобалармен барлық аудан, қала қамтылған және 65 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Бүгінде 80 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 20 жоба іске қосылатын болады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 473 жоба мақұлданып, 6737 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде ағымдағы жылдың үлесі 197 жоба.

Өнеркәсiп кәсiпорындарында 448 млрд. теңгенің өнiмi өндiрiлiп, 2012 жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 47 млрд. теңгеге өстi. Жалпы, 4 жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 есеге өсті, нәтижесінде, өңірлік өнімдегі үлесі 15,4 пайыздан 24 пайызға жетті. 2010 жылы бұрынғы «Фосфор» зауыты аумағындағы 337 гектар жерге индустриялық аймақ құрылды. Жекешеленіп, игерілмей жатқан 123,5 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жол картасын пайдаланып, істен шыққан инфрақұрылым қалпына келтірілді. 59 жоба іріктеліп, бүгінде 21 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 10 жоба іске қосылады. Индустриялық аймақтың тиімділігін ескере отырып, барлық аудан, қалаларда аймақ құру жұмыстары жүргізілуде. Аймақтарда 19 жоба іске асырылуда.

 «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымы толық аяқталды. Сөйтіп, 18 жоба мақұлданды, оның 5-еуі іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы екеуі іске қосылатын болады. Оның біреуі – кілем тоқу фабрикасы. Кәсіпкерлерге республикалық бағдарламалардан бөлек облыс деңгейінде де тиісті қолдаулар көрсету үшін елімізде алғашқы болып 2009 жылы әкімдікке қарасты қаржы институты ретінде «Максимум» АИО құрылды. Оған облыстық бюджеттен жылына 3 млрд. теңгеден, жалпы, 10 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда бұл қаржы мен одан қайтарылған несиені қоса отырып 18,7 млрд. теңгені құрайтын 8502 жоба мақұлданып, 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бір айта кететінім, жобаның 90 пайызы ауылдық жерлерде іске асып жатыр.

Озық технологияларды өндіріске енгізу үшін 2012 жылы әкімдікке қарасты «Шымкент инновация» ЖШС құрылды. Ол жерде шетел тілдерін білетін мамандарды жұмысқа алдық. Олар бірнеше бағытта жұмыс атқаруда. 200-ден астам инновациялық жобалардың дерек қоры жинақталды, оның 20-дан астамы жүзеге асырылу үстінде.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнiм көлемi 10 айда 275,7 млрд. теңгені құрап, 76 млрд. теңгеге артты. Республикадағы үлесі – 13,4 пайызды құрап, өткен жылдың қорытындысында республикадағы үлесі бойынша 2-орынды иеленді. Облыстың егіншілік саласы суармалы жерге байланысты екені белгілі. Сондықтан ол жерлерді барынша тиімді пайдалану мақсатында 2009 жылдан 5700 шақырым каналдар жөнделіп, 145 мың гектар суармалы жер айналымға қосылды. Бұл соңғы жылдары респуб­ликада қайтарылған суармалы жердің 74 пайызын құрайды. Яғни, бүгінде кеңес дәуірінде қалыптасқан суармалы егістіктің көлемі толық игерілуде. Бұдан бөлек, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту бойынша арнайы іс-шара қабылданып, 292 мың гектар қосымша қосу жоспарланды. Жылыжайлар 2009 жылдан бері орта есеппен 150-170 гектардан салынып, жиыны 720 гектарға жетіп, 5,7 есеге артты. Облысымыздың республикадағы үлесі 87 пайыз болды. Осы жылыжайлардың есебінен 150 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді. Ал, тамшылатып суару әдiсi 2,1 мың гектардан 26,1 мың гектарға жетіп, 12,2 есеге артты. Облысымыздың бұл жөніндегі республикадағы үлесі – 72 пайыз.

Мемлекеттiк бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдердiң көлемi 165,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 14 пайызға (20,3 млрд. тг.) артты. Облыста 48 газбен жабдықтау нысандарының құрылысы жүргiзiлуде. Жыл соңына дейін 28 елді мекен табиғи газбен қамтылып, көгілдір отын жағып отырған ауылдар саны 254-ке жетеді. Яғни, соңғы 4 жылда 123 елді мекен газбен қамтылды. Сонымен қатар, Бейнеу–Бозой–Самсоновка жоғарғы қысымды магистральды газ құбырына қосылатын 8 ауданның 284 елді мекенін (767 мың тұрғын) табиғи газбен жабдықтау үшін 6 автоматтандырылған газ тарату стансаларының ЖСҚ дайындалуда. 2014 жылы құрылысы басталатын болады.

Мемлекет басшысы «Өңірлердің дамуы – Қазақстанның дамуы» деп айтқан болатын. Еліміздің қол жеткізген әрбір жетістігі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың алысты болжай алатын көреген саясаткер екендігін танытты. Кеңес дәуірінен тәуелсіздікке қадам басқан бірнеше мемлекеттердің ішінен Қазақстанның бүгінде оқтай озып отырғаны осының бір дәлелі. Меніңше, еліміздің саяси-экономикалық жетістіктерінен бөлек, біз назар аудара бермейтін бір мәселе бар. Ол – қоғамның өзгергені. Жаңа ұрпақтың ержеткені. Сананың өзгергені. Бұл – тәуелсіздік жылдарының ең үлкен жемісі.

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ,

Оңтүстік Қазақстан  облысының әкімі.

Деректер мен дәйектер

* Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 530 млрд. тең­геге, ал нақты көлем индексін – 103,5 %-ға жеткізу болжамдалуда.

* 2013 жылдың 10 айында жұмыс жасайтын өнеркәсіптік кәсіпорындарда 734 тұрақты жұмыс орындары ашылды.

* 2013 жылдың 10 айында облыс экономикасын дамытуға 292 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды.

* Өнеркәсіпке бағытталған жеке инвестициялардың көлемі – 64 млрд. теңге.

* «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2013 жылдың 10 айында несие сомасы 24,4 млрд. теңге (жобалардың жал­пы құны 65,4 млрд. теңге) құрайтын 176 жоба мақұлданды.

* Бүгінгі таңда белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 113311 бірлік құрап, өткен жылдың тиісті кезеңі­мен салыстырғанда 104,3%-ға өскен.

* Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 270359 адам. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тыр­ғанда 104,7%.

* Биыл мәдениет саласында 29 нысан пайдалануға берілді, 39 нысан күрделі жөндеуден өткізілді.

* Облыс спортшылары 2013 жылы әлем, Азия, республика чемпионаттарында 324 алтын, 299 күміс және 331 қола медальға ие болды.

* ҚР Ұлттық құрама командасына енген спортшылар саны 32 пайызға өсіп, 833 спортшыны құрады.

* «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2013 жылы 47 ауызсу ныса­нының құ­ры­лысы жүргізілуде. Нәтижесінде, 16 елді­ мекен, 18,8 мың халық ауызсу құбы­­рымен қамтамасыз етiлiп, су құбыр­лары бар ауыл саны 665-ке жетедi. Яғни, 2,3 млн. тұрғын ауызсумен қам­ты­лады.

* Жалпы, 4 жылда 233 елді мекен, 854 мың тұрғын ауызсумен қам­тылды. 190 елді мекенде 251 су тазартқыш станса орна­тылды.

Бір жылда  69 нысан салынуда

Жиырма жылдан астам уақыттан бері осы медицина саласында еңбек етіп келе жатқандықтан ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында көптеген қиындықтарды бастан өткергенімізді жасыра алмаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әлеуметін көтеруге бағытталған салиқалы саясатының арқасында, бүгінде, егеменді еліміз үшін әрбір жылдың толысу, кемелдену жылына айналғаны – өмір шындығы. Тәуелсіз Қазақстан халқы берекелі тіршілік кешуде. Еліміздің дәулеті мен сәулеті артып, экономикалық дағдарыстарға қарамастан қарқынды өсіп-өркендеуде. Осының арқасында облысымыздың денсаулық сақтау саласында бұрын-соңды болмаған жұмыстар жүріп жатыр.

Мысалға, денсаулық сақтау саласы бойынша биыл 69 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 54-і облыстық бюджеттен салынуда. Бүгінгі күнге 50 нысан іске қосылды. Желтоқсан айында қосымша 15 нысан қосылады. 38 нысан күрделі жөндеуден өтті. Медициналық ұйымдар 100 пайыз санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді. 2004 жылдан бері созылып келе жатқан 10 нысанның құрылысы толығымен шешілді. Медициналық ұйымдарының МТБ жарақталу көрсеткiшi 25,3 пайыздан 57,4 пайызға көтеріліп, республикалық орташа көрсеткішке жетті. Нәтижесінде, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 2009 жылдан 9,7-ден 7,3-ке төмендеді. Ал, аналар өлім-жітімінің көрсеткіші 31,9-дан 12,2-ге, ал нәресте өлімі 25,5-тен 12,9-ға төмендеді. Сондай-ақ, облысымызда аймақтар арасында алғаш рет 11 науқасқа бүйрек алмастыру операция­сы жасалды. Міне, денсаулық сақтау саласы осылайша дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтардан сүрінбей өтіп, қызу тірлігімен ел көңілін марқайтып отыр.

Нұраш ТОҚБЕРГЕНОВ,

Шымкент қалалық №9 емханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Балабақшадағы бүлдіршіндер – болашағымыз

Балабақша деген таңертең кішкентайыңызды апарып тас­тап, кешке алып қайтатын, күні бойы балаңызға бас-көз болып отыратын мейірімді мекеме ғана емес. Балабақшаның біз біле бермейтін қасиеттері өте көп. Бүлдіршіндерге тәрбие бергеннен бөлек жас бала көпшілікпен араласады, тіл табысады, өз бетінше әрекет етеді, ой өрісі дамиды. Қазір қым-қуыт тіршілік. Алдына ас қойып, үлкендеуін бас қылып, әйтеуір, жыламаса болды деп, балаларын үйге қамап кететін ата-аналар да жетерлік. Төрт қабырғаның ортасында қал­ған бала не тәрбие алады? Сон­дықтан жас өскін жақсы тәрбие алу үшін далада да, қалада да балабақшаның маңызы өте зор.

Жақында Төлеби ауданында жаңадан 4 балабақша ашылды. Жалпы, бұл ауданда «Балапан» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2012 жылы ауданда балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 53,44 пайызды құрады. Биылғы қараша айына дейін 3 мемлекеттік, 6 жекеменшік балабақша іске қосылды. Оған 745 бала тартылды. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 33 балабақшада 3130 бала, 37 шағын орталықта 2050 бала, барлығы 5180 бала қамтылып, көрсеткіш 59 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін демеушілер есебінен тағы да бірқатар жекеменшік балабақша іске қосылып, тағы 5710 бүлдіршінді қамтымақ. Жыл соңына дейін балабақшамен қамтылған бала көрсеткішін 65 пайызға жеткізу жоспарлануда. Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында, Нысанбек, Әлішер Науаи, Алғабас елді мекендерінде ашылған осынау 4 жаңа балабақшада 315 бала тәрбиеленбек. Сонымен қатар, 82 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Жалпы алғанда, облыс бойынша «Балапан» бағдарламасы аясында жылдың басынан бері 50 мектепке дейiнгi ұйым ашылып (30 балабақша, 20 шағын орталық, 6131 бала қамтылды), жалпы саны 1178-ге (122502 бала) жеткені Төлебиде өткен жиында үлкен қуанышпен айтылды. Осыдан бес жыл бұрын балабақша саны 181 болса, енді, міне, 997 (588-і шағын орталықтар, оның ішінде 47-сі жекеменшік), 409 балабақша (301-і жекеменшік), мектепке дейінгі ұйымдар іске қосылып, балаларды қамту деңгейі 14 пайыздан 61,5 пайызға жетті. «Бала – болашағымыз» деген. Осынау игі тірліктің бәрі «Балапан» бағдарламасының аймақта нәтижелі іске асып жатқанының жарқын дәлелі екені анық.

Әтірхан ШЫҢҒЫСБАЕВ,

Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы.

Жас жүрген  жер – мереже

Ертеректе үлкендер «Біздің кезіміздің заманы да, адамы да басқашалау еді...» деп өткен-кеткенді еске алып, өз зама­ны­ның адамдарына, солардың болмысына, жасаған қарекетіне тамсанып отырушы еді. Бұл әрине, қариялардың жастық шағын, сол бір дәуренін аңсау, зымырап өтіп жатқан уақытты мойын­дау, сағынышын әңгіме арқылы сыртқа шы­ғару екені сөзсіз.

Меніңше, әр заманның, әр уақыттың өз адамы, өз тіршілігі, өз қызығы мен дәурені бар. Әйтсе де, біз­дің тәуелсіз Отанымызда елін, жерін сүйе­тін, халқына адал қызмет ететін жігер­лі де жалынды жастардың шоғыры көбей­іп, жаңа келбетті жас толқынның өсіп ке­ле жатқанын көргенде көкірегіңде мақ­та­ныш сезімі оянады. Осы жастарға қарап ел болашағының баянды, зор екеніне көзің анық жетеді.

Жастар – үлкен күш. Жастар дегеніміз – жа­лын от. Жас жүр­ген жер – мереке. Оң­түс­тік жас­тары­ның көптігімен ерек­ше­ленеді. Қолынан іс келетін, ойлы да биік рухты, жігерлі де іскер жас­тары­ның көптігімен ерекшеленеді. Об­лыс тұр­ғындарының 30 пайыз­ға жуығын жастар құрайды. Со­лардың ішінде барынша бастамашыл, қажырлы да белсенді жас кәсіпкерлер көп. Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Қазақстан эко­но­микасының көркеюі мен табыс­ты болуының нық тірегі ретінде жас­тар кәсіпкерлігін дамытуға бар күшін салуда.

Өңірімізде «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасы аясында «Жастар практикасына» 2013 жы­лы 5300 жас маманды тарту көз­деліп, оған республикалық бюджеттен 946,7 млн.теңге көлемінде қаржы бөлінген. Облысымызда 156 жас кәсіпкер өздерінің кәсібін жүргізу мақсатында 366 515,0 теңге көлемінде несие алған. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 2013 жылы 716 жас маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 166-ына тұрғын үй алу үшін несие беру жоспарлануда.

Бүгінгі таңда жастар барлық салада қызмет атқаруда. Жұмыс істей жүріп те білім алу ісі жақсы жолға қойылып отыр. Яғни, Оңтүстіктің жастары белсенді. Жастарға осындай жағдай жасалып, үлкен үміт артылғаны біз үшін зор жауап­кершілік және мақтаныш.

Анна ШОЛГИНА,

«Арыс толқындары»

телеарнасының қызметкері.

Таң шапағымен шырайланған Шымқала

Сөз жоқ, соңғы жылдары Шымкент қаласы қатты өзгерді. Көптеген жаңа мәдени ошақтар бой көтерді. Мұның бәрі Елбасының халық мәдениетіне деген ізгі жанашырлығынан бастау алғаны анық. Сая­бақ­тар жаңарды, бұрын болмаған тақырып­тық әсем жаңа саябақтар салынды, жаңа мұражайлар қосылып жатыр. Ал театрға келсек, Шымкентте әзіл-сықақ, сондай-ақ, опера және балет театрларының ашыл­ғанының өзі неге тұрады? Елімізде оқу-білімге, денсаулыққа, еңбекке, мәде­ниетке, халық игілігіне, әлеуметтік жағ­дай­дың жақсаруына деген мемлекет қамқорлығы ерекше. Осындай қамқор­лықтың арқасында елден мықты ғалымдар мен мамандар, спортшылар мен өнер иелері шығып жатыр.

Осы жолда Қазақстан әлі талай белес­терге шығады. Соңғы кездері қай өңірде болмасын ірі сауда орындарын қаланың шеткі аймақтарына орналастыруда. Бұл бірінші кезекте тауарды сатушы мен алушыға да ыңғайлы және қала ішіндегі тұрғындарға да кедергі келтірмейді. Бұл жағынан келгенде Шымкент ірі сауда орындарының бәрін әлдеқашан-ақ қала сыртына шығарып, тіптен шырайлана түсті. Үкімет қолдауымен бекітілген Бас жоспар аясында жақын жылдары қала халқының санын миллионға жеткізу көзделінді. Шым шаһардың жер көлемі 117 мың гектар аумаққа ұлғайды. Қала халқының тұрмыс-тіршілігі ыңғайлы, жайлы қалыпта болуы үшін, жан-жақты мүмкіндіктер басты назарға алынған.

Мемлекетіміздің басты байлығы – оның азаматтары. Бұл тұрғыдан алғанда көштің алдыңғы сапында келе жатқан Шымкенттің байлығы жыл сайын табиғи жолмен 2,4 пайызға өсумен келеді. Ресми санаққа сенсек, қалада қазір 678,5 мың халық тұрады. Мектеп оқушыларының өзі 125 мыңға жетіп, өткен жылғы көрсеткішке қарағанда бала саны 5 мыңға бірден артты. Бұл бүгінгі жалпы саны 272-ні құрайтын білім мекемелерінің қатарын жыл сайын арттырып отыру керек дегенді білдіреді. Ал, 2015 жылға қарай миллион тұрғыны бар шаһарға айналу жоспары бар.               

Әрине, халықтың санының өсуі бар да, оларды жұмыспен, баспанамен қамту мәселесі бар. Мұны ескерусіз қалдыруға мүлдем болмайды. Жыл басынан бері Шым-қалада 6458 жұмыс орындары ашылыпты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына айтылып отырған мерзім ішінде 8459 адам қатыстырылып, 2136 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, басты бас ауру – баспана мәселесіне келсек, үстіміздегі жылы тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында жергілікті қазынадан қаралған 4,7 миллиард теңгеге 4350 пәтерлі 64 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 1112 пәтерлі 20 тұрғын үйді тапсыру биылғы жылдың еншісіне жоспарланса, бүгінге дейін оның 11-і өз иелерін тапты.           

Жақында ғана Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ақпарат құрал­дарында шаһар тұрғындары ауыз сумен 82, кәріз жүйелерімен 30, көгілдір отынмен 74 пайызға қамтылғанын айтты. Үстіміздегі жылы 10 су, 12 газ құбырларының, 7 электр желілерінің, 1 шағын стансасының құры­лысы жүргізілуде. Бұл мақсатта 6,8 миллиард теңге қаралды. Жобалар толығымен іске асқан жағдайда сумен қамту деңгейі 86, газбен қамту 80,5 пайызға дейін өсуі көзделіп отыр. Екінші ауқымды жоба – құрылысы жүріп жатқан солтүстік су құбыры мен қолданыстағы су құбырларын бір жүйеге біріктіру. Міне, сонда ғана ауыз суға зәру халықтың мәселесі шешіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздегі үшінші қала мәртебесін иемденген Шымкент қаласында әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы қызу жүріп жатыр. Жақында бұл маңнан «Отырар» кітапханасы, емхана және халқымыздың салт-дәстүрінен мол тағылым беретін «Наурыз» алаңы ашылды. Бұл алаң 1 гектардан астам аумақты қамтиды. Бадам, Қошқар ата өзендерінің бойы абаттандырылып жатыр. Өзендер бойынан демалыс аймағын құру, гүлзарлар ұйымдастыру жұмыстары қарастырылған. Бәйдібек би ескерткіші де қарқынды құрылысқа бой алдырды. Бәйдібек би ескерткішінен ипподромға дейінгі аумақта этно-тарихи саябағының, сондай-ақ, облыстық музей және әдет-ғұрып орталығының эскиздік жобасы жасақталынды.

Ғаппар МАЙМАҚОВ,

«Асыл мұра» қоғамдық

бірлестігінің төрағасы.

Біздің диқандардың алар асуы әлі алда

Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Адал еңбек еткеннің қашанда көңілі шат. Көктемі ерте шығып, көкөнісін ерте егетіндіктен Оңтүстік диқандары бақшасын елден бұрын қаптап, қоймаға қаттап, қазан-қараша айында-ақ қарық болатыны бар. Дастарқаны дәмге, даласы еңбек пен әнге толы берекелі Оңтүстік халқының көңілдері шат, еңселері көтеріңкі. Ағымдағы жылы Оңтүстік Қа­зақстан облысында көкөніс, бақша, кар­топ өнімдерінен 2,2 млн. тонна өнім жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 250,0 мың тоннаға, ал 1991 жылмен са­лыс­­тырғанда 6 есеге артып отыр. Кеңес дәуірі кезінде жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көлемі 26 мың гектар болса, бүгінгі күні 30,0 мың гектарды құрап, 163,0 мың тонна өнім жиналды. 2012-2013 жылдар аралығында өнімділігі жоғары 250 гектар аласа бойлы, 2100 гектар жартылай аласа бойлы, бір жылда өнім беретін ин­тен­сивті алма баулары отырғызылып, мол өнім алынуда. Айта кететін жағдай ин­тен­сивті алма бауларынан алынатын табыс мақтамен салыстырғанда 30 есеге, бүгінгі күнге табысы ең көп болып отырған бақшадан 10 есеге артық алынады.

«Өзімнің қарным тойса болды» деген іштарлық Оңтүстікке жат нәрсе. Қорасы қойға, шарасы майға толып тұрған дарқан көңіл Оңтүстік ағайынмен де бөлісе біледі. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алған мол өнімдерін Астана, Алматы қаласына, республиканың солтүстік өңірлеріне және Ресей, Еуропа, ТМД елдеріне жөнелтіп, халықтың ризашылықтарына бөленуде. Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларына жалпы көлемі 240,3 млн. АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артты. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысына Мәскеуден арнайы делегация келді. Олардың басты мақсаты – отандық тауарларды Мәскеу нарығына шығару болып табылады.

Елбасы Оңтүстікке келген сапарында «Қазір Кедендік одақтың арқасында Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы тауарларын Ресейге сау­далап жатыр. Бұл үлкен мүмкіндік» деп облыстың бұл қадамына оң бағасын берген-ді. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Мәскеу қаласында «І - Оңтүстік Қазақстан облысы тауарлары жәрмеңкесі» өтіп, өңірдің 30-дан астам ірі тауар өндірушілері өз өнімдерін баршаға паш етті. Ресейдің бас мегаполисінің тұрғындары Оңтүстіктің азық-түліктері мен өнімдеріне үлкен ықыласы мен ризашылығын білдірді. Мәскеу облысы мен қаласы, ОҚО үш жақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында мұндай жәрмеңкелерді жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Аталған жоба қазақстандық тауар өндірушілердің өнімін Мәскеу нарығына делдалсыз шығаруға ықпал етеді.

Тағы бір айтары біз бұрынғыдай еккен егісімізді өнім берген кезде базарға апарып сатудан бұрын, оны өңдеу жолын да қарастыруымыз керек. Себебі, ала жаздай төккен тердің ақысын нарықтағы арзан бағаға телігенше, бірігіп аталған өнімді өңдеу арқылы мол пайдаға кенелуді ойлауымыз керек. Бүгінгі күннің талабы сол. Осыған орай, облыста 32 ет, 31 сүт, 36 жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс жасауда. Оның ішінде биылғы жылы 4 ет, 3 сүт, 3 жеміс-көкөніс өнімдерін өңдейтін кәсіпорындары жаңадан іске қосылды. Нәтижесінде ет өнімдерін қайта өңдеу үлесі 19,4, сүт өңдеу 23, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу 14 пайызға жетіп, 10 айда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі 109,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға артты. 2014-2016 жылдар аралығында 14 ет өңдеу, 14 жеміс-көкөніс өңдеу, 13 сүт өңдеу кәсіпорындары ашылатын болады.

«Адамды көркейтетін – еңбек» деген, Алла тағаланың үйіп-төгіп берген ырзық-несібесін, берекесін шашпай-төкпей жинап алып, табысын еселеп отырған Оңтүстік диқандарының алар асуы әлі алда екені сөзсіз.

Қанатбек ОСПАНБЕКОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық

ауыл шаруашылығы

басқармасының басшысы.

Мектепке деген сұраныс жоғары

Бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін сауаттылығы жоғары елге айналу аса қажет. Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысында орасан тірліктер атқарылуда. Білім саласында ағымдағы жылы 86 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 56-сы облыстық бюджеттен. Бүгінде 38 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 9 нысан беріледі. 115 нысан күрделі жөндеуден өткізілді.

Облыста балалар саны көп екендігі белгілі, бүгінде 1021 мектепте 543 мың бала оқиды. Сондықтан да мектепке сұраныс жоғары. Әрі кезінде саманнан салынған мектептердің апатты жағдайларын, үш ауысымды мектептердің мәселелерін шешу үшін кешенді жұмыстар атқарылды. Соңғы жылдары 251 білім нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде облыстық бюджеттен – 149-ы салынды. Осыдан кейін саманнан салынған мек­тептердің саны 324-тен 209-ға дейін азайтылды. Нәтижесінде, 62 апатты, 29 үш ауысымды мектептердің мәселесі, 9 «сақалды» нысанның құрылысы толығымен шешілді. 100 мың парта, 6250 тақта, 16447 компьютер алынды. МТБ жарақталуы орташа республикалық көрсеткішке жеткізілді. 337 оқушы «Алтын белгiмен» бiтiріп (238 оқушы), 2012 жылмен салыстырғанда 99 оқушыға артты.

Саманнан салынған мек­теп­тердің жыл өткен сайын апатты жағдайға келетіні белгілі. Осы­ған орай, бірінші кезектегі 48 жағ­дайы төмен және 3 ауы­сымды мектептерді шешуді облыс бас­шылығы Үкіметпен келісіп отыр.

Нышан БАЙҒҰТ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Айқарма беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»

Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт.

Суреттерді түсірген Қайсар ШЕРІМ.

 

Соңғы жаңалықтар