Аймақтар • 14 Қаңтар, 2021

Алмасбектің «ақылды бөлмесі» ауыл тұрғындарын интернетпен қамтып отыр

584 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Қос­үйеңкі – орталықтан алыс жатқан ауылдардың бірі. Әрине жырақтағы жұртта шешілмей жат­қан мәселенің көптігі белгілі. Мысалы, осы Қос­үйең­кідегі мектеп қана интернетпен қамтылған. Осы­дан да былтыр көктемде басталған пандемия ке­зінде үйден оқуға көшкен оқушылар қатты қинал­ды. Ауылдағы №84 орта мектептің информа­тика пәнінің мұғалімі Алмасбек Қалдыбек қосүйеңкіліктердің әлемдік желіге еркін қосылуына мүмкіндік беретін SMART бөлме ойлап тауып, елдің алғысына бөленіп отыр.

Алмасбектің «ақылды бөлмесі» ауыл тұрғындарын интернетпен қамтып отыр

Алмасбектің «ақылды бөлмесінен» оның өзі ойлап тапқан антенна түріндегі қабылдағыш пен сымсыз интернет таратқыш құрылғылар арқылы бүкіл ауылға Wi-Fi желісі таралады. Бөлме арқылы қауіпсіз интернет жүйесіне бақылау қойылып, қажетсіз сайттар мен пайдасыз ақпаратты сұрыптау, қадағалау жүйесі де орнатылған.

– SMART бөлмені ойлап табудағы ең басты мақсатым – ауыл мен қала балаларының білім сапасы арасындағы алшақтықты жою. Облыс орталықтарындағы заманауи технологиялардан өз оқушыларым да хабардар болса деген ойда болдым, – дейді ауыл мұғалімі.

SMART бөлменің тағы бір жаңалығы – қашықтан басқару жүйесі. Ата-аналар мектептегі сабақты провайдерлер арқылы бақылай алады. 

1

«Ақылды бөлме» авторы Алмасбек Қалдыбек жаңа жүйеде қауіпсіздік те барынша ескерілгенін айтып отыр. Мысалы, осында сабақ өткен ұстаздар кабинет жарығын немесе компьютерлерді сөндіруді ұмыт қалдырса, авто­мат­ты түрде қашықтан өшіруге немесе қосуға мүмкіндік бар. Мұнда кіргендерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақ­тау керектігі дауыстық хабарлама арқылы ескертіліп оты­рады. «Ақылды бөлмені» қимыл-қозғалыс пен да­уыс, ұялы телефон арқылы басқару жүйесі де ойластырылыпты.

Алмасбек Қалдыбектің шәкірттері де технологиялық жаңалық авторлары атанып жүр. Осындағы үйірмелерге қатысатын оқушылар теледидар пульті арқылы интерактивті тақтаны қашықтан басқару құрылғысын жасап шығарған. Мұнан бөлек, күн сәулесінің түсуіне қарай қозғалатын перделер ойлап тапты. Күн қатты түскен уақытта «ақылды перделер» төмендеп, терезені барынша көлеңкелейді. Бұлтты күндері түріліп, бөлмеге жарықтың мол түсуіне мүмкіндік жасайды.

 

Қызылорда облысы