Музей қызметкерлерінің айтуынша, құнды сурет Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында хакімнің ескерткіші алдында түсірілген екен. Қордағы суретті музей ұжымы 12 қаңтар, Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне орай қоғам назарына әлеуметтік желі арқылы ұсынған.
Алайда суреттің авторы көрсетілмеген еді. Дәу де болса, фотоны түсірген Марқакөл өңірінің тумасы, ардагер фототілші Қалиғұмар Қабдешұлы ма деп, ақсақалға хабарласқанбыз. Өйткені ол Д.Қонаевты қызметтік іссапарларында, жиындарда сан рет суретке түсірген.
– Мәскеуге, партияның XXVI съезіне бардық. Атшаптырым залда фото түсіруге ыңғайлы орын қарастырып тұрған едім. Дінмұхамед Ахметұлы келе жатыр. Таяп келіп амандық-саулығымды сұрасты да «қазіргі түсірген суретің бүгін – сурет, ертең – тарих» деп арқамнан қақты. Тағы бірде Алматыға әр елдің I хатшылары жиналды. Брежнев пен Қонаев 28-панфиловшылар саябағына гүл шоқтарын қоятын болды. Аппараттарымызды сайлап, күтіп тұрмыз. Көп ұзамай келді. Дінмұхамед Ахметұлы қарапайым ғой. Біразымен әңгімелесіп үлгерді. Алдыңғы қатарда обкомның хатшылары, кейінгі қатарда Бошай Кітапбаев тұрған. Сонда Димекең Кітапбаевпен арнайы амандасып, сөйлесті. Ал Қонаевты түсірген суреттерімнің көбі мемлекеттік мұрағатта жатыр. Бұл көрсетіп отырған фото Абайда түсірілген екен. Менікі емес, – деп ағынан ақтарылды ақсақал.
Шығыс Қазақстан облысы